Ақ бата

Ақ бата – ата-ана мен ақсақалдардың, сондай-ақ, ел ағаларының ұрпақтарына білдірген жүрекжарды тілегі мен елі үшін еңбек сіңірген азаматтарына ақтарыла айтқан алғысы, яғни, ата-анасының ризашылығын алған перзенттер мен жас талаптарға, жорыққа, бітімге аттанғандарға, игілікті іс бастаған азаматтарға, құдалық жəне достық салтына, өнер қуған, ел тізгінін жаңа ұстаған талапты жастарға, жас отаулар мен «батаңызды беріңіз» деп өтінген адамдарға берілетін ықыластың бір түрі. Ол түрлі орта жəне нақты жағдайға қарай əр алуан мазмұнда жасала береді. Мысалы, көп үшін еселі еңбек етіп, үлкен қызмет көрсеткен жастарға:

Ел-жұртыңның гүлі бол,
Шам-шырағы, нұры бол,
Көп жасай бер, қарағым!
Болашақта ірі бол,
Ірілердің пірі бол!
Батырлардай санды бол,
Сал-серідей сəнді бол,
Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол! –
деген мазмұнда бата берсе, ал ата-анасының ризашылығын алған адал, арлы, кісілігі жоғары перзенттерге:
Көзімнің нұры бол,
Көңілімнің жыры бол!
Бақ құшып,
Бал жұтып,
Бабырдай ұлы бол!
Балдай бала бол,
Нардай дара бол,
Таудай талапты,
Фарабидей дана бол!
Майқыдай сыйлы бол,
Қорқыттай күйлі бол!
Асандай ақылды,
Бұқардай жырлы бол!
Аллаһу акбар! –деп, ақ батасын ақ жаңбырдай жаудырады.

Адамшылық

Кісіге адамшылық неге керек?
Адамдық – өзге айуаннан артық демек!
Ит талаған төбеттен қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,
Артылған жерің қайсы онан бөлек?
Үнемі сен жеріңді қайдан білдің?
Бұл дүние кезек берер істі өңгелеп.
Онан қорқып, обырлық қоймасаң да,
Адам боп, хайуаннан болсаңшы ерек!
Жалмағанша, жәрдемің тигізсеңші,
Жығылған, жылағанға болып көмек.
Мархаматты теріс деп кім айтады,
«Адамшылық – сол» дейді тамам зерек.
«Мейірім – жақсы, зұлымдық – жаман» дейсің,
Қасқырлыққа қайтесін құр дөңгелеп.
Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам –
Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек.

Ақыл деген өлшеусiз бiр жарық нұр…

Ақыл деген өлшеусiз бiр жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшiн жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық‚ аштықтан сақтау үшiн
Зұлымдық пен айланы қылады сеп.
Айуан – етiн, терiсiн, сүт пен күшiн,
Ара – балын, су – балық, жер – жемiсiн,
Құс – денесiн‚ жүнi мен жұмыртқасын
Сақтап жүр ғой дейсiз бе адам үшiн.
Олардың да ойы бар өсiп-өнбек,
Кiмге оңай өмiр өтiп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.
Сөйтiп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейiл, мейiрiм жоқ –
Осы болар таза ақыл өлдi демек.
Сондықтан адам – залым, әлемге жау,
Ебiн тапса, қоймайды ешкiмдi сау.
Жер бiлсе адамзаттың бұл қылығын
Үстiнен бәрiн төгiп тастар едi-ау.
Олай қылмай, билесе бәрiн ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.

● Кей адамнан ит ілгері, достықты ұмытпайды, адал қызмет етеді.
● Көңіліне бір қылығың сыймаса, кейде жүз жылдық досың бір күнде жауыңа айналады.
● Ит иесін қаппайды.
● Шын дос – жақсылықты ұмытпаған дос.
● Отаршы елдер ағызар әскер қанып, алмақ болып аз елдің жер мен малын.
● Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,
Ортасы – өмір, жоқтық қой – екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында,
Тіршілік деп аталар біраз жақсы.
● Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос – өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар.
●Ақыл – өлшеусіз жарық нұр.
● Жан тән қамын жеп тыныштық таппайды.
● Хан тоймайды.
● Екі жуан сыймайды жер жүзіне – тоғыз кедей сияды алашаға.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар