Сенаторлар ел сенімін нығайта түсті

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Ақкөл ауданы активімен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған кездесуге қатысты.

Мәжілісті ашу барысында комитет төрайымы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова кездесуге келген облыстық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарына, жұртшылық өкілдеріне жұмысшы тобының атынан алғысын білдіріп, Жолдаудың мерейлі міндеттерін жүзеге асырудағы бастамашылдық қызметтеріне табыс тіледі.

– Біз астаналық облыста кеңейтілген екі көшпелі мәжіліс өткіземіз, – деді Бірғаным Сарықызы. Кездесулердің тақырыбы әртүрлі болғанымен мазмұндық негізі бір. Бұл – Елбасының
ҚР Конституциясының 44 бабына сай жыл сайынғы Жолдауының мазмұнын халыққа жеткізіп, баршамыз орындауға мүдделі міндеттердің маңызын ортақ оймен саралау. Өздеріңізге белгілі, ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік халқымыздың тұмшаланып тұрған рухын аспандатты. Асқақ ел көңіл төріндегі арманына биік мақсатпен алаңсыз аяқ басты. Президенттің сөзімен айтқанда «Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық». Бұл әсте оңай келе қойған жоқ. Ішкі экономиканы қуаттандырып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қалыптастырған және «Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізген» де сіздерсіздер. Елбасының Жолдауы қыруар еңбекпен, маңдай термен келген жетістіктеріміздің жалғасын мансұқтайды. Жолдауда: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу» деген жолбастар сөздер жай айтылған жоқ. Бұған біз жетеміз. Халқымыздың қайыспас рухы осыны меңзейді. Қуатты мемлекеттің қуатты халқы да болуы керек. Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті Жолдауы осы ұлық сөзді айтып отыр, бұған берік негіз барын көрсетіп отыр.
Комитет төрайымы осы негіздер төңірегіндегі мық шегедей әңгімесін еліміздің бейбітшіл саясатымен, ел ішінің ынтымақ-берекесімен, тұрақты дамуымен өзектете өрбітті. Елге 300 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тартылып отыр. Абырой дегеніңіз, халықаралық мойындау дегеніңіз осы.
Мұндай елде жақсы тұру керек. Ширек ғасырдан енді асқан жас мемлекет осындай қадамдарға кезең-кезеңімен сенімді қадам жасап келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Жолдауындағы алты бөлім осы мақсаттарды көздейді, оған жетудің жолдарын көрсетеді. Атқарылған істер болмаса, атқарылатын істерді болжау қиын. Жолдаудың құндылығы осы істердің қатар өрбитіндігінде. Яғни, табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға толық негіз бар.
Сенат комитетінің төрайымы бұл негіздер қатарында алдағы уақытта ең төменгі еңбекақының 1,5 есе өсетіндігін, білім беру мен денсаулық сақтау қызметінің сапасы артатындығын, өмір сапасының жақсаратындығын, алаңсыз тіршілігіміздің қамтамасыз етілетіндігін алға тартты. Сонымен қатар, өз міндеттемелерін орындау жолындағы мемлекет осы Жолдау арқылы баршамыздың тіршілік ауанымыз заман ағымына сай болуын да талап етеді.
Көшпелі мәжілісте сөйлеген Сенат депутаттары да Елбасы Жолдауының маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Кездесуге жиналғандар Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Серік Бектұрғановтың 1 миллион 300 мың адамның ең төменгі жалақы алып келгендігін, ендігі жерде 600 мың адам жағдайын жақсартатындығы жөніндегі сөзін жылы қабылдады. Мұның тағы бір игі жақсылығы бар – ең төменгі жалақыдан салық ұсталмайды. Өзге категориялар бойынша да жалақы көлемін ұлғайту жалғаса бермек, бірақ мұның қайтарым нәтижесі бақылауда болатыны түсінікті. С.Бектұрғанов келтірген деректер бойынша адам саулығының 10 пайызы ғана медициналық қызметке тәуелді, қалған
90 пайызы өмір сүру жағдайына байланысты. Жолдауда бұл міндеттемелер атап көрсетілген. Бірақ, азаматтың жеке жауапкершілігі деген мәселені ұмытпаған жөн.
Комитет мүшелері Бақытжан Жұмағұлов, Мұрат Бақтиярұлы, Динар Нүкетаеваның сөздері Жолдаудың жылдағыдан ерте жоодануы ондағы міндеттерді орындауға негіз болатын бюджетті қалыптастыру үрдісіне байланысты екендігін және оның қайтарымы бақылауда болатындығын, қазір ел тұрғындарының 72,5 пайызының өмір жағдайы жақсарғандығын, «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңның маңыздылығын, Жастар жылын жариялаудың мәнін, агроөнеркәсіптегі кооперативтік қозғалыс пен қайта өңдеу саласын, жалпы бәсекелестік мазмұнын, өмір сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалардың және басқа мәселелердің қажеттілігн түсіндіруге бағытталды. Осы орайда, жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Валерий Симчуктің Ақкөл ауданында жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастырудағы игі бас-тамалар туралы баянын орынды деп есептейміз. Аудан әкімі Теміржан Едігеновтың, облыстық атқарушы органдардың Парламент депутаттарының сұрақтарына тиянақты жауап қайтаруы да Елбасы
Жолдауындағы міндеттердің өзектілігін және ондағы талаптардың орындалатындығына сенім қалыптастырады. Ақкөл ауданы активінің жиналысынан кейін облыс әкімі М.К.Мырзалин №1 Ақкөл балалар үйінде , «Ақкөл деликатес» серіктестігінде және «Мilk Land RZ» зауытында болып , атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары бұдан кейін Ақкөл және Бұланды ауданының еңбек ұжымдарында болып, онда атқарылып жатқан игі істермен танысты.
Бұланды ауданындағы Алтынды орта мектебінде болған сенаторлар үш ауысымдық ауыртпалықтан құтылу үшін қолданып жатқан шараларға қанықты. Сондай-ақ, олар жаңадан ашылған «Макинск құс фабрикасының», аудан орталығындағы №4 еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Бурабайда өзінің екі күндік көшпелі мәжілісін өткізді.
«Конфор» отелінде Комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова бастаған депутаттық топ денсаулық сақтау және білім саласындағы мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік мәселесін талқылады.
Бұның алдында «Авиценна-Бурабай» ауруханасы мен емханасындағы түбегейлі қайта құру ісімен танысып, облыс әкімінің талдамалық хабарламасын тыңдаған сенаторлар Ақмола облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Облыс басшысы М.Мырзалин «Авиценна-Бурабай» мекемесіне 2,3 миллиард теңге жұмсалса, Ерейментау, Жарқайың аудандарында жалпы саны 250 орындық балалар бақшасы салынып жатқанын, Зеренді ауданындағы «Искорка» сауықтыру орталығының қайта құрылысына 150 миллион теңгелік конкурстық құжаттар дайындалу үстінде екендігін айтты. Жалпы, білім саласында мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында, білім саласында 27 жоба қолға алынса, Көкшетау қаласындағы аурухананың қайта құрылысы және 30 дана жылжымалы медициналық кешен сатып алу жоспарланған.
Жұма күні Бурабайдағы «Олимпиадалық дайындық Орталығында» Сенат комитеті ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнура Мырзамадиева мен «KAZAKH TOURISM» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың туристік саланы дамыту туралы есептерін тыңдады. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың электоронды таныстырылымын өткізді.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар