Ақын жырлары сөйлеген күн

Күні кеше Астана қаласының мәдени өмірінде ауыз толтырып айтуға әбден лайық айшықты шара өтті. Елорданың еңселі саналатын Ұлттық академиялық кітапханасында есімі елімізге кеңінен танымал талантты журналист, қаламы қарымды жазушы және қанатты ақын Смағұл Рахымбектің өзі өмірден өткеннен кейін жарық көрген «Жырларым менің сөйлесін» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Өмірден өткеннен кейін деп отырғанымыздан-ақ түсінген боларсыздар, өкінішке орай бергенінен әлі де болса берері мол, ұлттың рухани қазынасына қосып үлгергенінен гөрі қосар үлесі көп Смағұл Рахымбек ағамыз кемеліне енді келіп, кемерінен асар тұсына жеткен сәтінде ғайып болды. Уақытша саналатын мына тіршілікті «тәрк» еткен ол, өзінің мәңгілік мекеніне мерзімінен бұрын аттанып кете барды. Өкініштісі сол, жазушы қаламынан шыққан туындылардан шығармашылық шөлін басып, өздеріне рухани тоят табатын, оның келесі жолғы кесек дүниелерін сарғая күтіп, сағына тосатын оқырман үшін мұның орны толмас өкінішке айналғаны хақ. Өз басым жаңа кітаптың көзайымына ақынмен әр жылдары қанаттаса жүріп қызмет атқарған әріптестерінің, дарынымен қоса адамгершілік болмысын сыйлаған дос-жарандарының және оның шығармашылығын шынайы бағалайтын оқырмандарының көптеп жиналуын содан деймін. Тұсаукесерді жүргізіп отырған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Алдан Смайылдың ақын еңбектерін саралай келе, оның шығармашылығы әлі толық бағасын алған жоқ деп айтуының астарында үлкен мән жатқаны рас. Демек, алыстаған таудың зорая түсетіні секілді, уақыт өткен сайын С.Рахымбек туындылары да сан қырларынан ашылып, оның ішке бүккен жақұттарының жарқырай көріне берері анық. Жаңа кітапқа ақынның әр жылдары Отан, ел мен туған жер, қарапайым еңбек адамдары туралы жазылған өлеңдері мен бірнеше аудармасы енгізіліпті. Денесін дерт меңдесе де қолынан қаламын түсірмеген ағамыздың соңғы жылдары қағазға түсірген өлеңдерінен өмірге деген сүйіспеншілік, өмір үшін күрес, адамдардың бір-біріне адалдығы, ата-ана мен балалары арасындағы мәңгілік түсіністік пен жарастық жайындағы толғамдарын оқи отырып, терең тәлім алуға болады. Өте түсінікті және жан тебірентерлік дүниелер. Қолыма қалам алғанда ақынның шығармашылығы жайында емес, мен үлкен жүректі ақынның бойына біткен адамгершілік қасиеттерінің бірі туралы айтайын деген едім. Смағұл ағамыз өзінің тамыр-туысы тұрмақ, өмірінде бірінші рет кездестіріп отырған адамына да көмегін ұсынуға дайын-тын. Ұмытпасам, өзім куә болған сондай оқиғаның бірі сонау 1992 жылғы күздің бір күнінде болған еді.
… Ол кезде Смағұл аға облыстық телекомпанияның қазақ бөлімінің бас редакторы. Жұмыспен бөлмесіне кірсем жас шамасы 16-лардағы бала отыр екен. Байқағаным оң аяғы жамбасына дейін байлаулы, қос балдағы жанында. Өзі орысша сөйлейді. Ұққаным, балалар үйінде тәрбиеленген, кәмелет жасына жетер-жетпесінде, сол кездің тәртібі болса керек, оны мемлекет қарауынан алып, балалар үйінен шығарып тастаған. Жаңа өмірге үйрене алмай қиналып жүрген жетімекті біреулер соққыға жығып, жамбас сүйегін зақымдап тастапты. Соның салдарынан әлгі баланың күні балдаққа тәуелді болып қалған ғой. Жұмыс жоқ, бар табысы шамалы әлеуметтік төлемақы ғана. Өзін Ержан деп таныстырған баланың аянышты тағдыры Смағұл ағамызға қатты әсер еткені көрініп тұр. Сол күнгі әңгімеден соң Ержанды асханаға өзі жетектеп апарып, тойғызып тамақ ішкізді және қажетіңе жарат деп қалтасына он сом салып берді. Есік алдына шығарып салып тұрып, міндетті түрде келіп тұруды тапсырды. Содан Астана көшіп келетін уақытқа дейін Ержан ініміз Смағұл ағаның кабинетіне аптасына екі-үш рет үзбей келіп тұратын болды. Келген сайын ақын ағамыз оған ақыл-кеңесін айтып, тамағын ішкізіп, пайдаңа ғана жұмса деп ақша беріп тұрды. Тек Елорда арқаға қарай көшіріле бастаған қарбаласты кезеңдердің бірінде сол баладан көз жазып қалдық. Ержанның тағдырына қатты алаңдаған Смағұл аға кейінгі кездерге дейін іздестіріп немесе өзі келіп қалардай алаңдап жүруші еді. Алғашында түсінбеппіз, сөйтсек атадан жалғыз өскен адамның тұл жетімге қарайласуы, оған мейлінше қорған болуы заңды екен ғой. Мынау Смағұл ағамыздың Ержанға арнап жазған өлеңі.
Арда ақын жырлары сөйлеген сол күні мен де осы ойымды айтып, Ержан бауырымызға арналған өлеңді оқымақ болып едім, бірақ естелік айтушылар көп болғандықтан біздерге уақыт жетпеді. Жалпы, Смағұл ағаның жыр кітабына арналған сол күнгі шара тұсау кесер емес, керісінше ақынның шығармашылық кеші секілді әсер қалдырды.
Осылардан кейін қай жерде, қай ортада болмасын адамгершілік һәм рухани тазалық жайында сөз қозғала қалса жүрегіне мейірім, жанарына нұр ұялаған Смағұл ағамның келісті келбеті көз алдыма келіп тұра қалады. Ол кісі өмірінің соңына дейін пендешіліктен бір саты жоғары тұрды ғой. Адамгершілік пен парасаттылық портретінің қандай болуы керектігін сөзімен де жеке ісімен де үйретіп кеткен Смағұл аға кез келген перзент секілді өмірге періште болып келді, таза өмір сүрді және сол пәк күйінде мәңгілік мекеніне өтті. Жатқан жеріңіз жарық болсын!

Ержанға
/…Бірде маған жетім жігіт жылап келді…/
Аязы қыстың жаныңды қарып, қарағым,
Жаутаңдап маған қорғаныш көріп қарадың,
Жетімдік деген қасірет болып еңсеңді,
Жасыра берді іркілген жасты жанарың.
Мұңайдың, інім, қалдым деп құрбы-қатардан,
Әлсізге қатал бұл өмір білем қашаннан!
Соққыға сені жығыпты жауыз арамдар,
Жүректері қап-қара тастан қашалған.
Майыспа інім, солқылдақ талдай күздегі,
Көктемің келер, кетеді дерттің сыз лебі.
Айуандықты адамнан көрсең жасыма,
Қайсарлықты қасқырдан үйрен түздегі.
Жігеріңді жина, лапылдат отын жаныңның,
Пердесін лақтыр санаңды буған сағымның.
Еңсеңді түзе, есіңді жина, інішек,
Көміле берме, құмындай сусыз шағылдың!
Дұрыс-ақ келдің ақынға, сірә адаспай,
Жаныңды шыңда мартенге түскен болаттай.
Қарағайдай қуатыңды жина, шайқалма,
Жапырағыңды желге жұлғызып, үзіп тонатпай.

Берден Қабылов,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар