Халықтың көкейіндегі мәселелер көтерілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы – бұл біз үшін өте маңызды құжат. Сондықтан, біз Қазақстан Республикасы Президентінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелері бойынша Жолдауын мұқият тыңдадық.

Елбасы қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын айқындап, соған қол жеткізу жолындағы басты міндеттерді атап өтті. Мен өзім білім саласында көп жылдар бойы еңбек еткендіктен, Президентіміздің осы салаға көп көңіл бөлгенін үлкен қуанышпен әрі толқумен қабылдадым. Атап айтсақ, Елбасы өз сөзінде «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет. Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек» деді.
Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. Сонымен қатар, Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп қабылдау қажеттігін айтты, бұл шынымен, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арылтуға қол жеткізетін бірден-бір жол деп білемін. Жолдауда жоғары білім беру ісіне де назар аударылған. Енді ондағы маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуына, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуына үлкен көмек беретініне сенемін.
Елбасы өзінің кезекті Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру мәселесін де айтып кетті. Биыл 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделі енгізіліп, барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер берді. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өсті. Осының нәтижесінде мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе, өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары. Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды. Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты.
Осыны атап көрсеткен Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістерді енгізуді жөн санайды. Осы орайда, Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдау тапсырылды. Атап айтсақ, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет деді. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған дұрыс. Сонымен қатар, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекіту, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту мәселелері де қозғалды. Жалпы, азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек деген Елбасы сөзін өте құптаймын. Сөзімді қорытындылай келе, Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауы қазақ халқының рухын көтеріп, бойымызға күш-қайрат дарытты деп ойлаймын. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда екеніне сенімім мол.

Еркін ИСІМБАЕВ,
Көкшетау қалалық
мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар