Мемлекеттік қызметші жат әрекеттерден аулақ болғаны жөн

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елімізді оң өзгерістер мен дамуға бастайтын маңызды бағыттар белгіленген. Бұл құжатта сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатыны айтылды. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы, адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі, мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуы-
на кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі – лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде саяздық мен сатқындық танытуы.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Президент өз Жолдауында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуды атап көрсетті. Қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту қажеттігін және «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін таратуды белгіледі.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылатыны мәлім.
Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің түпкі мақсаты қоғамда оған «мүлдем төзбеушілік» көзқарасты қалыптастыру арқылы оны біржолата жою болып табылады.
Ә.ИСА,
Целиноград аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар