Халықтың өмір сүру деңгейі артады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халқымызға арналған

Жолдауында белгіленген міндеттерді насихаттау жөніндегі Ақмола облысындағы жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев Көкшетау қаласындағы сапарын Абай Мырзахметов атындағы университеттен бастады. Министр облыс әкімі Мәлік Мырзалинмен бірге бас корпустағы көрме залын, ғылыми жетістіктер мен инновациялар экспозициясын аралап, білім ордасының заманауи оқу және өндірістік жетістіктерімен танысты.

Университеттің оқытушы-профессорлық құрамы және студенттермен кездесу барысында өңір басшысы М.Мырзалин Елбасы Жолдауын насихаттау мен онда қойылған міндеттерді халыққа түсіндіру бойынша арнайы топтар құрылғанын және олардың белсенді жұмыс атқарып жатқанын айта келіп, Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Бекетаевқа сөз берді.
Ақпараттық топ жетекшісі Елбасы Жолдауының негізгі алты бағыты бо-йынша талдамалық түсінік берді. «Халық табысының өсуі, Елбасы атап көрсеткеніндей «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады», – деді министр. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруі нәтижесінде Жалпыға ортақ еңбек қоғамы құрылады. Бұл үшін табыстың басты өлшемі болып табылатын жалақы мәселесіне айрықша назар аударылды. Үкіметке 2019 жылдың
1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мың теңгеден артқық болуы тапсырылды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Ал, бюджеттік мекемелердегі
275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. Ақмола облысында бюджет саласының 58 мың өкілінің жалақысы көтеріледі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу көзделген.
Бұқаралық белсенділікті арттыруда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту маңызды қадам ретінде қабылданды. Бұл үшін жыл сайын кемінде 30 миллиард теңге бөлінетіні жыл құжатының нақты сипатын айқындайды. Осы арқылы үш жыл ішінде 22 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Ендеше адамдар мен мемлекет табысының артуы кепілдендіріледі деген сөз. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдеріне салық амнистиясы жариялануы үлкен жеңілдік қана емес, кәсіпкерлікті өркендету қадамы саналады. Ендігі жерде кәсіпкер негізгі салық қарызын өтеп, жұмысын жалғастыра беруіне болады.
Әділет министрі М.Бекетаев агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосу, туристік индустрияны дамыту, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, еліміздің аумақтық даму бағдарламасы, ұлт саулығы стратегиясы туралы кеңінен әңгімелеп өтті. Жоғары білім беру ісінде мамандар даярлаудың сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі.
Елбасы Жолдауында: «Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы» деп мәлімделуінің мәні зор. А.Мырзахметов атындағы университет бұл талаптарды өзінің басты ұстанымы санайды. Мұндағы түлектердің 91 пайызы жұмыспен қамтылады екен. Биыл мұнда ІТ-технология орталығы жұмыс істей бастады. Студенттер сарайы салынуда. Жатақханалар да бой көтеретіні белгілі болды.
Кезедесу соңында Марат Бақытжанұлы студенттер Сәбира Қапан мен Темірлан Кенжебаевтың сұрақтарына орай, министрліктің заң дайындау мен қолданыстағы нормативті құжаттардың орындалуын бақылау және мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі туралы әңгімеледі.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Бекетаев бұдан кейін «КАИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс орнында болып, облыстық әділет басқармасында кеңес өткізді.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар