Жылу беру мен еңбек қауіпсіздігінің жайы басты назарда

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен болып өткен әкімдік мәжілісінде 2018-2019 жылдары жылу беру

маусымының басталуы, өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек жағдайын қорғауды, еңбекақыны уақытында төлеуді жақсартуды ұйымдастыру туралы мәселелер қаралды.

Мәжілісте облыс әкімі М.К.Мырзалин Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісіміне сәйкес өз өкімімен облыс әкімінің аппарат басшылығына тағайындалған Талғат Бөлтеновты таныс-тырды. Бірінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Т. Ғ. Хамзин хабарлама жасады. – Жылу берудің жаңа маусымына әзірлік толық аяқталды. Әлеуметтік салаларда жылу беру маусымы биылғы жылдың 25 қыркүйегінде басталды, – деді ол өз сөзінде. Білім беру саласының – 704, денсаулық сақтау саласының – 588, мәдениет пен спорттың – 570 нысандары болса, солардың барлығына да 100 пайыз жылу берілді. Ал, облыстың қалған нысандарына жылу беру қазан айының 1-інде басталды. Қазіргі уақытқа дейін 2128 тұрғын үйлердің 2115-і, яғни, 99 пайызы жылу жүйелеріне қосылды.
Қазақстан Республикасының заңдылықтары бойынша барлық нысандардың жылу беру маусымына әзірлігінің төлқұжатын беру аяқталып келеді және дайындық туралы акті осы жылдың 30 қазанына дейін толық беріледі. Есіл қаласында және Астрахан ауданының Жалтыр селосында жаңа қазандықтар іске қосылды. 98 көп қабатты тұрғын үйлердің 90-ына жылу жеткізілді. Барлық әлеуметтік салалар жылумен қамтамасыз етілді. Шаңтөбе кентіндегі қазандық толық қуатында жұмыс істеуге көшті, енді кентті көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр.
– Отын қорына келетін болсақ, – деді Т.Ғ.Хамзин өз сөзінде, – мазут бағасының кеш белгіленуіне байланысты 80,0 мың теңге мөлшеріндегі мазут алу келісімі 28 қыркүйекте жасалды. Бұл мазуттың кешігіп жеткізілуіне әсер етті де, содан барып Бурабай мен Бұланды аудандарында жылу беру маусымы кештеу, 5 қазанда ғана басталды. Қазіргі уақытта Щучинскіге 30 күнге жетерліктей 2000 тонна мазут әкелінбекші. Макинскіде 26 күнге жететін – 408 тонна, Бурабай кентінде 28 күнге жететін – 558 тонна мазут қоры бар. Бұл аудандардың әкімдіктері мазут қорын жасау мәселесін ұдайы өз назарларында ұстап отыр.
Көмірмен қамтамасыз етудің келісім-шарты кестеге сай жасалды. Бүгінгі күнге дейін 2 айға қажетті 269 мың тонна көмірдің 261 мың тоннасы немесе 97 пайыз қоры бар. Сонымен бірге, 2 айлық көмір қоры жоқ Аршалы (10 пайыз), Атбасар
(21 пайыз), Бурабай (36 пайыз), Есіл
(40 пайыз) аудандары көмір сатып алуға қажетті бюджеттік өтінімдер берді. Бұл аудандардың әкімдіктері 2 айлық көмір қорын жасаудың шараларын қарастырулары керек. Халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Маусым бойы 662 тонна көмір қажет болса, қазір соның 477 тоннасы немесе 72 пайызы бар. Кейбір жерлерде «Шұбаркөл», «Майкөбе» көмірлерінің бағасы 2000 теңгеге сәл-пәл қымбаттады.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша еңбек инспекция-сы жөніндегі басқарманың басшысы Б.Л.Мұстафин хабарлама жасап, жыл басынан бері 1275 өтініштер қаралғандығын және бұл өтініштердің басым бөлігі еңбек- ақы мәселесіне байланысты болғандығын айтты. Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданды. Облыс бойынша 449 кәсіпорындар мен ұйымдар тексерілді. Соның барысында 430, осының 190-ы еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша – 30, еңбекке орналастыру бойынша – 210 кемшіліктер анықталды. Сол кемшіліктерді түзеу үшін жұмыс берушілерге 320 ескертулер жасалды. 51 кәсіпорындар мен ұйымдардың 1991 қызметкерге 141,8 миллион теңге жалақы қарыздары болса, қазір 1985 қызметкердің 139,9 миллион теңге қарыздары қайтарылды. Сонымен бірге, облыстың 2 бірдей кәсіпорындарының 2,8 миллион теңге жалақы қарыздары бары анықталып отыр.
Қазіргі уақытта 174 қызметкердің 41,3 миллион теңге қарызы бар 11 кәсіпорынның банкроттық мәселесі шешілу үстінде. Банкрот болған кәсіпорындарда еңбек- ақының өтелуі тиісті заң бойынша жүзеге асырылады. Хабарламашы өз сөзінде еңбек заңдылығын бұзған және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендермен жұмыстардың белсенді жүргізіліп жатқандығын және саланы бүгінгі күн тәртібіне сай цифрландыру қолға алынғандығын айтты. Әсіресе, өндірістік жарақат алуға және адам шығынан жол бермеу мәселесі қатаң бақылауда тұр.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі М. К. Мырзалин 2018-2019 жылдардың жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуде ұсақ-түйектік жоқ екендігін айтып, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарау қажет деді. Осы орайда, ең әуелі қажетті мазут пен көмір қорларын жасауға барынша мұқият болған жөн. Келісім-шарттарды заңдық тұрғыдан пысықтай отырып, тез арада қаржыландыру мәселесін шешу және де жылу беруде төтенше жағдайдың алдын алып отыруды, жылу ақысының қарыздарын қайтаруды тапсырды. Еңбек заңдылығын қорғау және жалақы қарызын болдырмау мәселесін үнемі назарда ұстап отыру керек. Әсіресе, өндірістік жарақат алуды, кей жағдайда адам шығынына дейін жол берілуі жұмыстағы кемшілік екендігін айта келіп әкім бұл салада тәртіп орнатуды талап етті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар