Батырлар Қорғалжында болғанда

 1965 жылдың сәуір айы болатын. Сол көктемде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жиырма жылдық тойы жер-жерде кеңінен аталып өтті. Мерекеге орай оқырмандармен кездесуге біздің елге Кеңес Одағының Батыры, жазушы-ғалым, Қазақ педагогикалық институтының ректоры Мәлік Ғабдуллин мен әйгілі партизан, майдангер жазушы Қасым Қайсенов келді.

  Ол тұста мен Қорғалжын аудандық «Шамшырақ нұры» газеті редакциясында хаттар және бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі қызметін  атқаратынмын. Бір қызығы, басшылар сол кездегі аудан орталығындағы ескі саман барақта орналасқан қонақ үйді көрсеткісі келмеді-ау деймін, қонақтар тынығатын басқа орын қарастырды. Сөйтіп, алматылық меймандар үшін біздің үйден жеке бөлме дайындадық.
Әдеттегідей, кешкісін құрметті қонақтарға арнап қонақасы берілді. Түннің біраз уақытына дейін көп әңгіме айтылып, тамаша әндер шырқалды. Шынымды айтсам, сол түні шаңырағыма ерекше бір бақ қонғандай шексіз қуанышта болдым. Асыл ағаларымды қарсы алып, сөмкелерін көтеріп, шығарып салған сәттер мен үшін ұмытылмас бақытты күндер еді. Сонда Қасым аға айтқан мына бір әңгіме керемет әсер қалдырды.
– Бүгін біз айтар бар тілек, ұрпағымыз соғыс өртін көрмей, Отанын сүйіп, елінің шын патриоты болып өсу ғой. Кешегі кездесуде әлі күнге дейін ойымнан кетпейтін мына бір оқиғаны еске алуға тілім бармады.
Соғыста жүргенде жоғары жақтан «тіл» әкеліңдер деген бұйрық берілетін. Басты шарты – жау тұтқыны қатардағы жауынгер емес, неғұрлым жоғары шені бар офицер болуы қажет. Ал, неміс офицерлері оңайлықпен беріле қоймайтын. Сондай қарсылық көрсеткен жағдайда амалсыздан «жүрек тұсы осы шығар» деп пышақпен ұратынбыз. Өйтпейінше өзің өлесің. Тапанша немесе автомат қолдануға болмайды, даусы шығып кетеді. Асыл аға:
– Бұл лағынет атқыр сұм соғыс не істетпеді дейсің бізге, – деп сәл мұңайды да, әңгімесін әрі жалғастырды. – Өзгелер «Алға, Жеңіс үшін!», «Алға, Отан үшін» деп ұрандатқанда, мен «Алға, қазақ елі үшін!» деп Аллама сыйынып, туған елімді аузымнан тастамаушы едім.
Кенет әңгімені басқа жаққа  аударғысы келді ме, маған қарап:
– Әй бала, сен жорналиспісің? – деді.
– Жоқ, аға. Ақмола педучилищесін бітіргем.
– Е, онда саған оқу керек. Алматыға кел, мына ҚазПИ-дің  ректорына өзім жетектеп апарамын деп Мәлік Ғабдуллин отырған жақты меңзеді.
Міне, бүгінде осынау аяулы ағаларымыздың екеуі де ортамызда жоқ екені өкінішті-ақ.
Бірақ, асылдардың асылы Мәкеңді де, батыр партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновті де елі,  қалың оқырмандары ешқашан ұмытпайды.
Қайран, асыл ағалар-ай! Жатқан жерлеріңіз жарық болғай!

Бименде ҚАЗАНҚАП.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар