Өңір өнерін ұлықтаған

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау топырағындағы өнер мен мәдениет өрісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тың серпінмен дамуда. Облыстағы мәдениет мекемелерінің тыныс-тіршілігін сараптағанда алдымен облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайының жұмысы ойға оралады.

Осы бір адам аяғы үзілмейтін, көпшіліктің көкірегіне Сарыарқаның самалындай жайлап ескен жылылық құйып тұратын мәдениет ошағының табаны күректей қырық жылдан астам тарихы бар. Тағылымды жол, тамаша үрдіс бүгін айрықша реңмен ажарлана түскен. Мәдениет сарайында 28 көркемөнерпаздар үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге мыңнан астам адам қатысады. Мәдениет ошағының 14 ұжымы ҚР Мәдениет министрлігінің құрметті «Халықтық» және «Үлгілі» атағына ие.
Өнер мен мәдениетті өрістетіп отырған мәдениет ошағы «Рухани қазына» бағдарламасы аясындағы асқаралы міндеттерді жүзеге асыру үшін ұлтымыздың рухани болмысын, халқымыздың жан дүниесін байыта түсер басым бағыттарды анықтап, алдағы міндеттерді саралап алған.
–Мәдениет сарайының беделін көтеру үшін бұрыннан жүзеге асып келе жатқан мәдени жұмыстарды екшеп, жаңалап, заман талабына лайықтап ширату қажет болды,–дейді мәдениет сарайының директоры Күміс Біләлова,–жанды жұмыстың арқасында табысымыз да аз емес. Ең бастысы, мәдениет сарайы көкшетаулықтардың рухани орталығына айналды. Жұрт тек мәдени шараларды тамашалауға ғана емес, өздері де қатысуға ынталы. Ал, бұл ел бірлігі деген сөз.
Айтса айтқандай, мәдениет сарайының көркемөнерпаздары қатарынан бірнеше жыл бойы дәстүрлі облыстық «Ақмола жұлдыздары» байқауының бас жүлдесін еншілеп, бірнеше автокөлікке ие болған. Өнер бәйгесі де бақ пен бап шабатын аламан ғой. Жарыс жолында делебеңді қоздырар, бүйір қыздырар соны соқпақтың болғаны қандай жақсы. Тыңнан жол іздеген бұлар «Жас батыр», «Ретро әуендері», «Сұлу ханшайым», «Алтын дауыс» тәрізді сайыстарды дәстүрге айналдырды. Жылт еткен жаңалық халықты өзіне баурай түсті. Сөйтіп, көпшілік сүйіп тыңдайтын, тыңдап қана қоймай жан жүректерінде шуақты жылылық естіретін көрермендердің көзайымына айналған мәдени шараларға айналды.
Келер күндердің көкжиегі арайлана түсу үшін де алысқа арнап жоспар жасаған сарай басшысы «Көкшетау», «Он алты қыз», «Шалқыма» және «Кербез сұлу» халықтық би ансамбльдеріне тәжірибелі балетмейстерлер мен дирижерларды шақырды. Сөйтіп, жаңа бағдарламалар құрылды. 2010 жылы домбыраны насихаттау мақсатында «Көркемтау» балалар оркестрін құрып, соныға соқпақ салды. Аталмыш оркестр бүгінде киелі күй әлеміне нық қадам басқан ұжымға айналды. Көкшетаулық балалар да тылсым өнердің қыр-сырын ұғуға құмарта түсті. Оны осы ұжымға мүше болуға өтініш білдірушілердің санынан-ақ аңғаруға болады. Әуел бастағы мақсат бабалардың көкірегін тербеткен бағзы өнердің бағы ашылып келе жатқандығын алақайлап айтуға әбден болады.
Бүгінгі заманның мүмкіндіктерінен де құралақан қалып отырған жоқ. Интернет фестивальдар мен сайыстар ұйымдастыру арқылы көкшетаулық көркемөнерпаздардың кемел өнерін әлемдік кеңістікте жүйелі насихаттау жолға қойылды. Әрқилы тақырыптағы интернет конференциялар мен салмақты пікір айтылатын семинарлар ұйымдастырылып, коммуникациялар мен ақпаратты өңдеу әдістерін, Word бағдарламасын игеріп, әлеуметтік желілермен де жұмыс істеуде.
Бүгінде сарай ішінде би өнері биік деңгейде дамып келе жатыр. Елімізді былай қойғанда, шет елдің талай талғампаз көрерменін тамсантқан «Он алты қыз» халықтық би ансамблінің өнердегі өрісі жас толқынға жақсы өнеге. «Шалқыма», «Тұмар», «Полянка», «Сувенир» би ансамбльдерінің жұмысы жаңа сипатқа ие болды. Бір қызығы мәдениет сарайының көркемөнерпаздар үйірмелеріне еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін, яки бес жас-
тан сексен жасқа дейінгі адамдар қатысады екен. Осындағы ардагерлер хоры жарты ғасыр бойы үзбей жұмыс істеп келеді.
Көкшетау – әуелеген әнімен аты шыққан өлке. Ілкіден жалғасып келе жатқан әдемі өнерді насихаттау, талапты балаларды тәрбиелеу оң жолға қойылған. Мәселен, мәдениет сарайындағы «Жұлдыз», «Шамшырақ», «Балдәурен» ән студияларында талантты балалар тәрбиеленуде. Олардың өнердегі өрісін облыс орталығының тұрғындары көріп, тыңдап тәнті болып жүр.
Тағы бір айта кетерлігі, ел ішінде елеулі істерге мұрындық болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі «Әлем» жобасы шеңберінде халықаралық фестивальдерге қатысып, ұлттық өнердің ұлағатын насихаттау қолға алынған. Жастар арасында бұрынғы қалыптасқан сананы өзгерту, ақыл-ой қабілеттерін арттыру, ең бастысы Отанымызға деген от жалындай лапылдаған патриоттық сезімді қалыптастыру жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында өткен жылы «Полянка» үлгілі ұжымы Санкт-Петербург, Финляндия, Швеция мемлекеттерінде өткен халықаралық конкурстарда бас жүлдені еншіледі. Үстіміздегі жылы Польшада өткен халықаралық конкурста «Шалқыма» би ансамблі бірінші орынға және «Үздік хореография» аталымына ие болды. Тағы бір жоба туралы таратып айта кетуге болады. Бұл жоба «Өнеріміз өңірлерге» деп аталатын. Шындығын айтқанда, өңірдегі кейбір шалғайдағы шағын ауылдар рухани азыққа сусап отыр. Осы бір олқылықтың орнын толайым толтыра алмағанымен, қарлығаштың қанатына су құйып өрт сөндіргені тәрізді шарапатымыз тисін деген ұйымшыл ұжым ел ішіне гастрольдік сапармен шығып, концерттер мен кездесулер ұйымдастыруда. Мақсат барлық аудандарды қамту.
–Мәдениет саласында істеліп жатқан жұмыс ауқымын көңіл таразысымен ғана екшеуге болар,–дейді Күміс Әбдібекқызы,–зауыттар мен фабрикалар өз өнімін жарқыратып көрсете алса, біз ел жүрегіндегі ұлы өнердің үрдісімен ғана ұқтыра аламыз. Әрбір өткізген іс-шарамыздан көрермен рухани азық алса, біз үшін сол бақыт.
Осы саланың сан жылдан бері пұшпағын илеп келе жатқан іскер жанның пайымына біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар