«Басқа пәле – тілден»

Ертеде бір данышпан өмір сүріп, оның үш ұлы, бір қызы болыпты. Қызы да, ұлдары да ақылды болып, ер жетіпті.

Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Әкесі әбден қартаяды. Күндердің бір күнінде шал ұйықтай алмай дөңбекши береді. Мұны сезген кемпірі:
– Саған не болды, бір жерің ауырып жүр ме, әлде алыс жүрген балаларыңды сағынып жүрсің бе? – деп сұрайды.
– Иә, сағындым. Оның үстіне бір арманым ішімде кетіп барады.
Сонда қызы әкесінің алдына келіп:
– Әкем арманыңызды айтыңыз, бәлкім көмегіміз тиіп қалар, – деп өтініпті.
Шал айтады:
– Ешқандай құпия жоқ. Менің үш ұлымның үшеуі де ақылды. Сонда да біреуінің ақылы артығырақ болуға тиісті. Соны білу менің арманым десе керек.
Қызы сәл ойланып:
– Ой, ата, осыған да қиналасыз ба? Қыдырып барып балаларыңызды сынап келіңіз, – деп қыз бен кемпір жол қамына кіріседі. Азығын, сусынын дайындап, атын ерттеп беріп жолға салып жібереді. Аз жүрді ме, көп жүрді ме, кім білсін. Бір күні үлкен ұлына жетеді. Баласы зор құрметпен қарсы алып, қолынан келгенінше сыйлайды. Екі-үш күн жатып мауқын басып, төртінші күні қайтпақшы болады. Баласы тағы да қой алдырып сойғызады. Тамақ піседі, етін қазаннан түсіре қойып, нанын салып жатқанда шал баласына қарап:
– Қарағым, ана етіңнің жақсы жерінен бір кесіп берші? –дейді. Ұлы жақсы жері санның еті шығар деп сан етінен кесіп беріп береді. Шал аздап дәм татады да, қойып қояды.
– Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші дейді. Еттің жаман жері бола ма? – деп ұлы сәл ойланып тұрып, жаман жері деген тіс өтпейтін сіңір шығар деп сіңірден кесіп береді. Сіңірден аздап ауыз тиіп қояды. Артынша тамақ келеді. Ас жеп болғасын батасын беріп, ел-жұртпен, баласымен қоштасып, екінші ұлына жол тартады. Ол да әкесін зор құрметпен қарсы алып, сыйлайды. Әкесі қайтар күні үлкен ұлына қойған сұрағын қояды. Екінші ұлы да бірінші ұлының істегенін қайталайды. Екінші ұлына да риза болып қайтады. Ол енді үшінші ұлына келеді. Үшінші ұлы да қуана қарсы алады, құрмет көрсетеді. Қайтар күні екі ұлына қойған сауалын кіші ұлына да қояды. Сонда кіші ұлы мұнда бір сыр бар шығар деп ойлайды. Сөйтеді де бастың тілін кесіп береді.
– Балам, енді жаман жерінен бір кесіп берші? –дейді. Баласы тағы да тілден кесіп береді. Сонда әкесі тұрып:
– Мұның қалай балам, жақсы жерінен кесіп бер десем, тілінен кесіп бердің жаман жерінен кесіп бер десем, тағы солай істедің, – дейді. Сонда баласы:
– Ой ата-ай, сіздің сынап отырғаныңызды біліп отырмын. Жақсы да, жаман да, ұрыс-керіс те, өсек те, бәрі де осы тілден шығады. Екі елі ауызға бір елі қақпақ дегендей, әр адам өз тіліне сақ болса ешуақытта ұрыс-керіс болмайды. Басқа пәле тілден, – деген. Қарт үшінші ұлының ақыл-парасатына риза болады.

Дайындаған Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар