Ақан сері: «Санамен салмақтаған ер табылса, аталмай неге қалсын менің атым?!.»

Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арқаның ақтаңгері

атанған әнші-сазгердің туғанына 175 жыл толуына орай, Ақан сері Қорамсаұлының бюсті орнатылды.

Ғибратты оқиғаға орай иен тіресе жиналған көпшіліктің ортасынан жалындап ықшам шапан жамылған, сарыала қамшы ұстаған жаушы балалар шықты. Қуаныш ала келді. Саңқылдаған үндерінен бір жақсылықтың боларын сезгендейсің. Шынында да, әншінің атын иеленген колледж ұжымының ынтымақты талпынысы талайды тәнті еткендей. Міне, бюсті тұмшалаған перде етегі түрілген кезде Алаш жұртына мәңгі өлмес рухани мұра қалдырған Ақан серінің нұр бейнесі бұлтты күнгі жарық ай тәрізді жарқ ете түсті. Ән шапағатын, ән мейірін шашатындай.
Бюстің авторы республикалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Ренат Әбенов. Қоладан құйылған мүсін Арқаның ақтаңгері Ақан серінің тұла бойындағы тамаша дарынды, айрықша қабілетті паш етіп тұрғандай. Қыран қабақтары жазылып, кең маңдайдан өрілген өнер қуаты өшпес сәулені меңзейді. Салтанатты рәсімде сөз алған қарымды қаламгер Төлеген Қажыбай, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміреновалар колледж ұжымының өнегелі ісіне ризашылықтарын білдірді. Осы арада аталмыш білім ошағы биылғы жылы Ақан серінің 175 жылдығына орай, жастар арасында республикалық ақындар айтысын өткізгендігін, ән байқауын ұйымдастырғанын, арнайы жинақ шығарғандығын айта кеткен ләзім. Кішкентай ғана оқу орнының ұлы тұлғаны ұлықтаудағы ұлағатты ісі өзгеге үлгі боларлықтай.
Салтанатты рәсімде дәстүрлі әнші Қажыбай Жахин серінің «Маңмаңгер» әнін нәшіне келтіре шырқаса, ақын Қуаныш Оспан арнау өлеңін оқыды. Ал, жиын соңында білім ордасының жастары колледж гимнін орындады. Мәдениет колледжінің Әнұранын жазған көкшелік ақын-сазгер Тыныштық Шаменов еді.
Ән Меккесі – Көкшеден бастау алған сұлу ән көгілдір аспандағы қазбауыр бұлттармен қанаттасып, жалпақ даланы бауырлай ұшып барады. Бар қазақтың даласына!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар