Белсене үн қосулар тоғысы

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылау жөнінде Азаматтық қоғам өкілдерінің жиналысы болып өтті.

Жиналысқа еңбек ардагерлері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараны кіріспе сөзбен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова ашып, жүргізіп отырды.
–Қоғамымызда көкейкесті болып табылатын әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған Елбасының биылғы Жолдауы халықтың үлкен ықыласын туғызды. Әсіресе, оның денсаулық, білім беру салаларын жаңа сапалы деңгейге көтеру, елдің тұрмысын жақсарту, ішкі істер органдарына реформа жүргізу бағыттарын қамтитын тұстары зор қолдауға ие болғаны күннен-күнге жақсы көріне түсуде. Бүгін біз сіздермен осы маңызы зор бағдарламалық құжатты жан-жақты талқылап, ол туралы өзіміздің ой-пікірлерімізді білдіруге, алдағы атқаратын жұмыстарымыздың ауқымын белгілеуге жиналып отырмыз,–деді ол.
Бұдан кейін жиналысқа қатысушылар сөз алды. Алдымен мінбеге көтерілген Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев Жолдаудың жалпы мазмұнына тоқталып, оның ішінде ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру арқылы елімізде 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы көтерілетінін, өзі бұған дейін қызмет атқарған білім саласында оң өзгерістердің көп болатынын, әсіресе, мұғалім мәртебесі айқындалатынын айтты. Шешеннің пікірінше, мемлекетіміздің жаһандағы рөлі осы игі қадамдарға да байланысты болмақ.
Қазақстан Коммунистік халық партиясы Ақмола облыстық комитетінің төрағасы Бейсенбай Мәжитов өз сөзінде Елбасы Жолдауының жан-жақтылығына назар аударып, партия мүшелерінің ондағы көтерілген бастамаларды қолдап отырғандығына екпін берді.
Ал, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметовтың ең төменгі еңбекақының өсуін өз аймағымыздың мысалымен байланыстырғанын баса айту керек. Облыста халықтың 65 пайызының күнкөрісі тікелей осы жалақыға қатысты болып отырғанда, мұндай өсімнің маңызы зор. Сондай-ақ, Жолдауда айтылған көлеңкелі экономиканы жоя түссек, бюджетке салық та көбейеді. Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру дегеніміз, бірінші кезекте халықтың денсаулығы. Қазір кәсіподақтар да белсенділікпен осы жұмыстардың бір жағынан шығысуда. Мәселен, республикада өзара келісім арқылы 8 санаторийде кәсіподақ мүшелерінің арнайы жолдамалармен дем алып, өз денсаулықтарын түзеуі көзделген. Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығы да бұл істен шет қалмай, «Щучье» санаторийінде осындай жұмысты қолға алып отыр.
Жолдауды талқылаған жиналыстағы «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұлдың сөзі де елдік мүддеден өрбіп, қоғамның бүгінгі көңіл толмайтын тұстарын жөнге келтіруге осы бағдарламалық құжат арқылы жауап іздеуімен ерекшеленді. Сондай-ақ, бұдан әрі «Белый блоггер», «Зерделі ұрпақ» қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары Ерлаз Жайықбаев пен Олжас Хасен сөз алып, Жолдау жөніндегі өз ойларын ортаға салды.
Жиналыстың негізінен, мемлекеттік тілде өтуі және қатысушылар тарапынан да белсенділіктің жоғары болып, ой-пікірлер айтылуы, сондай-ақ, сауалдардың қойылуы Жолдаудың жете талқыланғанын көрсетсе керек. Айталық, белгілі журналист, еңбек ардагері Балталы Сәрсенбаевтың бұдан бұрын жарияланған «Ауыл жылынан» ауылдарға қайран болмағаны, енді Жолдауда айтылған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қалай іске асырылатыны, пәтер иелері кооперативтерінің дұрыс жұмыс істемейтіні туралы уәжі де әбден орынды. Бізде әр Жолдауда ақсайтыны ең алдымен, осы орындалу жағы ғой.
Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықовты әдеттегідей, ешбір әлемдік тәжірибеде үштілділік дегеннің жоқтығы, бұл бізде ғана орын алып отырған жағдай екені толғандырды. Қоғам қайраткерінің ойынша, Жолдаудың ауылға қатысты бағыттарын орындау үшін әрбір ауданда әр елді мекеннің бүгінгі жай-жапсары зерттеліп, мұң-мұқтажына көңіл бөлінуі қажет.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың да пікірінше, мұндайда бұрынғы Жолдаудың қай тұсы іске асты, қай тұсы іске аспады, міне, осы жағы да басты назарда ұсталуы тиіс. Олай болма-
йынша, ол Жолдаулардың қалай орындалғаны түсініксіз болып қала береді. Осы жиналысқа үн қосқан «Sara» үкіметтік емес ұйымының басшысы Сара Баймағанбетованың сөзінің тоқ етері, алдағы «Жастар жылы» жастарға дұрыс көңіл бөлейік.
Осы сауалдарға жауап беріп, жиналысты қорытындылаған Гүлмира Кәрімова әсіресе, Елбасы Жолдауы бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын білу үшін белгілі бір уақыт аралығында, мәселен, жарты жылдан кейін мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдап отырудың дұрыс болатынын, ал, «Жастар жылына» орай, жоғарыдан жалпыұлттық жоспардың жасалатынын айтты. Осылайша талқылау белсенділікпен өз мәресіне жетті.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар