Жеті ақын, жеті үміт!

Киелі Көкше аспанын жыр тербеген, көп жүректі жыр әлдилеген күн болды бұл. Бұл күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының демеушілігімен жарық көрген жеті жас ақындардың жеті жыр жинақтарының тұсауы кесілді.

Бұл жыр кешінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде облыстық әкімдіктің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған істерге тоқталып өтті. Жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің шығармаларының он бір томдығы, Сәкен Жүнісовтың «Заманай мен Аманайы» ағылшын тілінде Лондонда басылып шыққандығын айтты. Алдағы уақытта «Көкшетау сал-серілері» сериясымен топтама жинақтар жарық көрмекші. Жергілікті әдебиетші қауымды қолдаудың түрлі шаралары қолға алынды. Түрлі жобаларды қаламгерлермен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жеті жас ақынның жыр жинақтарының жарық көруі біздің руханиятымызға қосылған үлкен олжа. – Соңғы кезде облыс шеңберінде жас ақын-жазушыларға барынша жағдай жасалуда. «Жас тұлпар» ақындар клубы жұмыс істейді. Ел тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай, «Тәуелсіздік – тағдырым» деген атпен 25 жас ақынның өлеңдері топтастырылған жыр жинағы жарық көрді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша осы әдебиет саласында атқарылып жатқан басқа да іс-шаралар ауыз толтырып айтарлықтай.
Енді тікелей жастардың өзіне келсек, жуырда облыста жоғарыдағы жұмыстарды жаңа бір деңгейге көтеретін жас ақындар кеңесі құрылды. Алдаспан сөзі қазақты қасиеттілікке, өрлік пен мәрттікке баулитын кесек сөз. Осы сериямен жарық көріп жатқан жеті ақынның жыр жинақтарына құтты болсын айтып, алдағы қадамдарына ақ жол тілеймін,–деген облыс әкімі орынбасарының бұл жылы лебізі жастарға зор үміт, сенімімен тыңдарман жанын жадырата түскені анық.
Бұл ақындар бұрын да өлең өлкесінде танылып үлгерген, бірақ, дәл осындай қамқорлық, дәл осындай көмек-қолдаумен кітаптары жарық көре қоймаған жас жыр мұзбалақтары. Енді міне, «Нұр Отан» партиясының осы бір игі ісі қадамдарына қанат бітіріп, жыр ауылына бұрынғыдан да бетер құштарлықпен алып-ұштырған жайы бар.
Жеті ақын, жеті үміт, жеті ой пернесі, жеті сезім. Қалай айтсақ та, осының бәрі қазақтың киелі жеті санына сыйып тұр. Кеше ғана дүниеден өткен Шер-ағаңның, Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты пьесасын білуші едік. Бұл – кешегі ұлтымыздың басына төнген зар заманда, ұлы нәубетте «күн көсем» Сталиннен араша сұрап жазған бес ұлт зиялысының хаты еді. Ал, «Жетеудің хаты»… Қазаққа Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты небір дүлдүлдерді берген, соған қарамастан, бертін әдебиет сияқты ардың ісінде қаламымен сөз өрнегін салушылар қатары азшылыққа ұласқан біздің өңірден де жаңа бір тегеурінді жас таланттар легі қаулап шығып келе жатқандығының ақжолтай нышаны. Кеште отырып осыған қуанасың, осыған үміт артасың.
Сонымен, жетеудің мына заманға, өздері өмір сүріп жатқан ортасына, айналада ұшқын ата түскен тіршілік құбылыстарына өз үндерін қосқан жеті кітабы қалай аталады? Олардың авторларының аты-жөндері бізге не айтады? Осыған ден қойсақ, Жайнарбек Зандыбайдың «Бәсіре», Серікбай Әбілмәжіннің «Саршатамыз», Мерген Тоқсанбайдың «Антитезасы», Қуаныш Оспанның «Аспандағы астра», Құрмет Құралханның «Мөр», Бақытбек Бекмұраттың «Қоңыр мұң», Серғазы Қайырболдының «Постскриптум» жинақтары сыртқы мұқабаларының көркемдігімен ғана емес, ішіндегі айтар ойларымен де көңіл баурайды.
Көкшеде бұған дейін де түрлі шараларда сахнадан жыр оқып, ұлттың өздігінен сұранып тұрған сан алуан мәселелеріне ат-салыса бастаған бұл жас ақындарымыздың өз жыр сүйер аудиториясы бар.
Осы бір дәл осы күні түскен қыстың алғашқы аппақ қарындай жүрек біткенді сәулелендіріп жіберген бұл кештің шоқтығын көтеріп жіберген тағы бір қуанышты жай, оған сонау Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазақтың бүгінгі таңдағы көрнекті ақындарының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетовтың өзі келіп қатысуы еді. Мұны қасиеті тереңде тұнған осы ел мен жерге, оның кешегі, бүгінгі әдебиет пен өнердегі өкілдеріне орынды құрмет деп ұқтық. Ал, жастар үшін әрине, көрсетілген үлкен сенім. Сол жағын өрелі сөзбен айшықтай келе:
–Өзіміз де аймақтарда қолға алсақ деген осындай бір өнегелі істі Ақмола облысы бастап та кетті. Бұл білгендікке ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ, – деп тебіренген одақ төрағасы осы киелі сахнада тұрып, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Азамат Біржановпен бірге жеті жыр жинағының тұсауын кесті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі, ақын Бауыржан Қарағызұлы да жас ақындарды құттықтап, министр Арыс-
танбек Мұхамедиұлының тілегін жеткізді
Әдебиет – ардың ісі дейміз. Бүгін емес, сонау алыптардан келе жатқан сөз. Қаламгер болдың, сол ардың ауылына ат басын тірегенің. Соны бастарынан ерте сезінген, осы күні қазақ әдебиетінің ауыр жүгін қайыспай көтерісіп жүрген бір топ танымал қаламгерлердің де жолы тоғысты бұл ақжолтай кеште. Солардың ішінде тағы бір шоқтықтысы – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі прозаик Әлібек Асқаров ағамыз. Бұл шараның сондай-ақ, Жазушылар одағының әдебиет мәселелері бойынша Ақмола облысымен жасасқан меморандумының негізінде өңірімізге шығармашылық сапармен келіп жатқан ақын-жазушылармен де шырайы кіре түскендігі анық. Олар өзіміз де, әдебиетті сүйетін өзге қауым да көздері көріп, көзайым болып қалған Нұрдәулет Ақышев, Жұмаш Кенебай (Көкбөрі) және Айгүл Кемелбаева.
Осындай алқалы жиында келесі сөз «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевке берілгенде, залдың әдеттегідей терең сөздің сипатын күтуі заңды еді. Жүйелі сөз тыңдаушысын табады дегендей, сол сөз айтылды, Қараөткел, Көкшенің қасиеті асқақтатылып, қадірі көз алдымызға келтірілді. Сөз өнерінде кімдеріміздің болғаны, кімдеріміздің бары өрнектеле келе, кімдеріміздің болары осы жеті жинағымен Көкшенің жұлдызын жоғарылатып тастап отырған жеті жасқа да байланысты екені әріден қаузалды.
Бұдан кейін жинақтары шыққан жастардың өздері кезекпен сахнаға шығып, жырларын оқыды. Екі-екі өлеңнен. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» демекші, әзірге қайсысының беталысы нық екенін талғампаз жұртшылықтың өзі бағамдап алған болуы керек. Бұл жолы әсіресе, арайлы Астана, әсем Алматыдан келген қонақтар алдында шалқыған ән, мың бұрала биленген бидің де осы сұлу да қасиетті өңірдің ұлт өнері мен мәдениетінде алатын өзіндік ерекше орнына әбден сай болғаны даусыз.
Ал, ертеңге бет түзеген жырларының көші осындай айшықты кешпен ерекшеленген жеті жас ақынға айтарымыз, жыр күмбезі биіктей берсін!
Қ.КӘКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *