Жақсыдағы Ақан сері көшесі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қағидаларынан туған міндеттерді жүзеге асыру бағытында Ақмола облыстық соты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп «Қазақ даласының билер соты егеменді еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізіп, онда қарар қабылдаған болатын.

Қарарға сәйкес билердің, ақын-жыраулардың, алаш және еліміздің басқа да қоғам қайраткерлерінің есімдерін ел есінде сақтау мақсатында тарихи атаулар мен әкімшілік-географиялық объектілерді қайта атау іс-шаралары жоспарланған еді. Осы іс-шаралар шеңберінде облыс орталығында бірнеше көше атаулары өзгертіліп, оған қазақ билерінің есімдері берілді. Бұл игі іс жергілікті жерлерде де жалғасын табуда.
Таяуда Жақсы ауданы Кировский ауылында қазақтың халық ақыны, әнші Ақан серінің атына көше беруге арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары, жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының өкілдері, судьялар, қоғам қайраткерлері және Ақан серінің ұрпақтары қатысты.
Жақсы аудандық сотының төрағасы Ермек Ахметжанов пен ауданның құрметті азаматы Иван Пушкарев көшенің салтанатты ашылуында сөз сөйлеп, өз лебіздерін білдірді. Ауыл ақсақалы Төлеген Оразбеков ақ батасын беріп, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін ел есінде сақтау бағытында атқарылып жатқан игі істер жалғаса берсін деген тілегін айтты. Содан кейін жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Шара түрлі спорт жарыстарымен жалғасын тапты.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар