Тағылымы мол танымдық іс-шара

Әрбір адам үшін туған өлкенің әр қиыршық тасы қымбат. Туып-өскен жерге деген сүйіспеншілік жан баласының ішкі жан дүниесінде белгісіз бір нәзік

сыр болып сақталады. Ол сезім мәңгілік өшпей, бейне бір сыр сандықта сақталған жақұттай жарқырайды. Туған жерді жақсы көру тек жүректегі махаббатпен шектелмес. Оның қасиетті жерлерін аралап, танып-білу – сонда өсіп-өнген ұрпақ мойнындағы парыз.

Біржан сал ауданы мектептерінің оқушылары жазғы демалыс кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Туған жерге тағзым» атты туристік экспедициясында аудан аумағындағы тарихи құнды нысандарды аралап, зерттеп, зерделеп өздеріне ұмытылмас мол әсер алды.
Аталмыш экскурсияның тамыз айының он тоғызы күні ұйымдастырылған «Степняк-Бірсуат-Мамай-Тассу» бағытының «Мамай-Тассу» кезеңіне қатысу барысында алған әсерімізбен бөлісуді жөн көрдік. Экскурсиялық топ Бірсуат ауылының тарихи-құнды нысандарын аралаған соң, Мамай ауылына бағыт алды. Топ құрамында аудандық білім бөлімінің кадрлар бөлімінің жетекшісі, аудан мектептерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының толыққанды жүзеге асырылуына жауапты маман Махаббат Амангелдіқызы Мырзағұлова, экскурсиялық топтың жетекшісі Степняк қаласындағы №1 мектептің география пәнінің мұғалімі Марат Қабешұлы Жаманбаев және осы мектептің тәлімгері Андрей Александрович Ястребов, Степняк қаласының №1, №2 және Бірсуат орта мектебі мен Мамай мектебінің оқушылары қатысты.
Өлкетанымдық экскурсияның Мамай кезеңі ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысы ескерткіші жанындағы салтанатты жиынмен басталды. Экскурсияның Мамай кезеңіне жауапты мұғалімдері Махаббат Оралбайқызы (тарих-география пәнінің мұғалімі), Гүлжан Құдайбергенқызы (мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі), Қойшыбай Ермұрат (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі) өлең шумақтарымен іс-шара шымылдығын ашты.
Іс-шараның Мамай кезеңінің ашылу салтанатында экскурсиялық топқа ауылдың өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қысқаша мәліметтер беріліп, ауыл аумағындағы нысандардың бағыты көрсетілген «маршрут-сызбасы» таныстырылды. Топ мүшелері Ұлы Отан соғысы ескерткіші – «Жылан төбе», «Жылан төбе» – «Kazbeef ltd» және «Kazbeef ltd» – Тассу бағыты бойынша жұмыс жүргізетін болып ортақ шешімге келді.
Мамай көлінің жағасында орналасқан «Жылан төбе» төбешігінің үстінен қараған кездегі айнала төңіректің көрінісіне көз тоярлықтай. Аталған төбенің «Жылан төбе» аталуы туралы аңызды естіп, сол жерде тірі жыланды көрген топ мүшелері сан мыңдаған табиғаттың тылсым жұмбағының жауабын тапқандай әсерленді. Экспедициялық топтың зерттеушілері «Жылан төбенің» биіктігін өлшеп, төбешіктің етегінде орналасқан көне шеңбер пішінді зираттарды көріп, осынау көне нысанның тарихы туралы ойларын тарихи деректермен салыстыра отырып ортаға салды. Келесі нысан «Kazbeef ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаруашылығының аумағын аралаудан да оқушылардың алған әсерлері ерекше. Экскурсия мүшелеріне ет бағытындағы ірі қара малды өсірумен айналысатын шаруашылық туралы толық мәлімет беріп, нысандарын аралатып, өзінің мол өмірлік тәжірибесімен бөліскен шаруашылық басшысының міндетін атқарушы Владимир Александрович Салдотенконың қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алуы – бәріміздің көңілімізге ризашылық сезімін ұялатты. Ол кісі өз сөзінде шаруашылық туралы төмендегі мәліметтерді келтірді. «Мамай ауылы жерінде орналасқан «Kazbeef ltd» мал шаруашылығы кешені ет бағытындағы ірі қара мал өсірумен айналысатын мекеме ретінде 2010 жылы мемлекеттің қолдауымен, америкалық «ГлобалБИФ» компаниясымен біріккен жоба ретінде аграрлық кредиттік корпорацияның қаражатымен құрылды. 2010-2011 жылдары Американың Солтүстік Дакота штатынан 2000 бас асыл тұқымды аналық ірі қара мал әкелінді. Оның мың басы – ангус, мың басы герефорд атты асыл тұқымды сиырлар. Қазіргі таңда бұл шаруашылықтағы мал басы саны – жеті мыңнан асып отыр. Асыл тұқымды ангус, герефорд малдары еліміздің солтүстік аймақтарының қытымыр қысына, суығына өте төзімді. Ет бағытындағы ірі қара ретінде тез салмақ жинайды. Шаруа қожалығы ірі қара мал өсіруге қажетті нысандармен жабдықталған, инфрақұрылымы толық қамдалған. Оған мал өсіру баздары мен бордақылау алаңдарын, ауыл шаруашылық техникаларын, тағы басқасын жатқызуға болады. Малға арналған азықты өздері дайындайды. Мекемеде елуден астам жұмысшы қызмет атқарады. Оның көп бөлігі Мамай ауылының тұрғындары. Жұмысшыларға арналған жатақханалар заман талабына сай. Жалақы мөлшері жоғары, уақытында төленіп тұрады екен.
Саяхатшы-зерттеуші топ мінген «ПАЗ» автобусы жер жолмен жүйткіп біздерді Тассу елді мекенінің аумағына тез-ақ жеткізді. Тассу жерінде ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық жетекшісі Игорь Эфимович Магерко қонақтарды қарсы алып, балаларға табиғат аясында мол дастархан жайды. Игорь Эфимович алдын ала оқушылар қауымына арнайы әзірлеп қойған мол дастарханынан, сыпайы қарым-қатынасынан оның көпшіл, жас ұрпақ тәрбиесі мен болашағына бейжай қарамайтын, отансүйгіш, елжандылығына тәнті болдық.
Топ жетекшісі Марат Қабешұлының ұйымдастыруымен экскурсия мүшелері үш топқа бөлініп, Тассу ауылының орнын, елді мекен аумағын картаға түсіру, зерттеу жұмысымен айналысты. Оқушылар жетекшінің берген тапсырмасын бұлжытпай орындап, зерттеушілік машықтарды іс-тәжірибе жүзінде үйренді. Қорыта келе айтқанда, «Туған жерге тағзым» өлкетанымдық экскурсиясы оқушылар бойында туған өлкеге деген сүйіспеншіліктерін оятып қана қоймай, болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауларына да ой түрткі болғандай. Сонымен қатар, аудан аумағында бұрын-соңды елеусіз қалып жүрген тарихи құнды нысандарды аралау – бабадан қалған қасиетті мекендерді қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды. Осындай тағылымдық мәні зор ауқымды іс-шараны қолға алып, өз дәрежесінде ұйымдастырылып өткізілуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отырған аудандық білім бөлімінің басшысы Руслан Қазбекұлына, экскурсияның басы-қасында болып, өзі тікелей бар жауапкершілікті мойнына алып, іс-шараның әр кезеңінің толыққанды жүзеге асырылуына жетекшілік етіп отырған жауапты маман Махаббат Амангелдіқызына алғысымызды білдіреміз. Экскурсиялық топ жетекшісі Марат Қабешұлы өз ісін, өз мамандығын жан-тәнімен шын жақсы көретіндігі әрбір сөзі мен ісінен аңғарылып тұрды. Оның экскурсияның әр сәтін естен кетпестей, ұмытылмастай қызықты да пайдалы етіп, түрлі тапсырмалар, зерттеулер ұйымдастыра өткізуі осының айқын дәлеліндей. «Kazbeef ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының міндетін атқарушы Владимир Александрович пен «Магерко» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Игорь Эфимович Магеркоға ыстық ықылыстары үшін экскурсия мүшелері атынан ризашылығымызды білдіргіміз келеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған өлкетанымдық экскусиясының өткізілуіне атсалысқан Бірсуат, Мамай мектептерінің іс-шараға жауапты ұстаздарына да алғыс білдіргіміз келеді.Туған өлкені зерттеп-зерделеу, тарихи құнды нысандарын көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа сол қалпында жеткізу бізге аманат. Осынау ұлы парызды орындау үшін осындай игі шаралар жыл сайын жалғасын табады деген сенімдеміз!
Ермұрат ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
Біржан сал ауданының Мамай негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар