Жаңа технологиялардың тиімділігі жоғары

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық құрылыс басқармасының қызметі аясында құрылыс саласына қазіргі заманғы технологияларды енгізу жөнінде брифинг өткізілді.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндігі» атты Жолдауында сапалы ауыз сумен ауылдық елді мекендерді қамтамасыз ету үшін республика бойынша барлық қаржы көздерінен 100 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылған. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Манапхан Қансейітовтың айтуынша, биылғы жылы өңірдің ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз ететін 21 жобаны жүзеге асыруға барлық қаржы көздерінен 5 миллиард теңге бөлінген, оның 4,3 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 0,7 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған. Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңына сай, энергетикалық және су ресурстарын тұтынатын нысандар құрылысы жобаларында міндетті түрде энергия үнемдегіш материалдар пайдалану, энергетикалық және су ресурстарын есептейтін аспаптар орнату, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйесі қарастырылған. Мәселен, сумен қамтамасыз ету жобаларында «Wilo SE», «Grundfos» тәрізді өзге де фирмалардың су сорғыш станциялары пайдаланылады. Станцияны тиімді жүйемен басқарудың арқасында пайдаланудың тұрақты өзгеру жағдайында электр энергиясы тұрақты беріліп, аз шығын шығады.
Жобаларда су құбыры нысанындағы тораб агрегаттарының жұмысы толық автоматтандырылған. Сондай-ақ, бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында скважинадан су тазалайтын жүйенің кешенді блок-модулі орнатылатын шағын елді мекенге дейін су құбыры мәселесі шешімін табатын болады. Бұл қондырғы екі жүзден аз адам тұратын шағын селоны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Мәселен, бүгінгі таңда Павлодар облысының кейбір селоларында «Мембранные технологий» серіктестігі жасаған кешендік блок-модульдер орнатылған. Мембрандық технология суды лайлайтын заттардан тазалауға мүмкіндік береді. Сондықтан, мембраналар арқылы өткізілген су жұмсақ, иіссіз, дәмді болып келеді. Бұрын жобаларға құрама темірбетоннан таза су үшін резервуарлар салынатын. Қазір резервуарлар үшін темірбетон өндірісі жоқ болғандықтан, жобаға монолиттік резервуарлар салынады. Бұған дейін сүзгіштер 1960 жылдардың типтік жобалары бойынша жасалып келді. Қазір «Қазақ су каналы жобасы» акционерлік қоғамы жасаған қысқартылған сүзгіштер пайдаланылады.
Бұрын ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жобалары «Рожновский» су мұнарасы құрылымымен жасалатын. Су аз болған жағдайда мәселе туындайтын. Қыс айларында мұнара қатып қалып, судың сапасы нашарлайтын. Осыған байланысты бүгінгі таңда жобалар тазалағыш тетіктері басқарылатын су сорғыштар мен су сорғыш қондырғысын пайдалану арқылы жасалады. Мұнара пайдаланылмайды. Жалпы, жаңа энергия үнемдегіш технологияны жобалық-сметалық құжаттамада қолдану өте тиімді.
Сондай-ақ, инновациялық энергия үнемдегіш технология әлеуметтік сала нысандарының құрылысы кезінде пайдаланылады. Мәселен, Бурабай ауданының Атамекен ауылында шағын дәрігерлік
амбулатория салынды. Бұл нысанды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 10 кВт фотоэлектрлік жүйе орнатылды. Ол сыртқы электр жүйесінен ағытылып, 8 сағат бойы автономдық түрде жұмыс істейді. Нысан сыртындағы жарыққа қуаты 7 Вт күн батареясымен жанатын светодиодтық шамдар қарастырылған. Сыртқы жарықты қосымша басқару фотореледен автоматты түрде жүргізіледі. Брифинг соңында журналистердің сауалына жауап берілді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар