Алаңсыз өмір сүрудің жаңа кезеңін бастаймыз

Ғасыр құзырындағы жылдар еншісіне бұйырған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма жетінші жылының белесіне

көтерілген еліміздің қазіргі тарихи сәттілігі мен табыстары біздің әрқайсымызды шынайы қуанышқа бөлері хақ. Қазақ халқының бұрынғы тарихын сараласақ та, не болмаса өзіміз өмір сүрген кезеңдерді де ой елегінен өткізер болсақ, солардың барлығы да, яғни, сан ғасырларымыз да біздің бір тәуелсіздігіміздің парқына тұрмайтыны анық. Өйткені, біз Тәуелсіз ел құрдық! Сол тәуелсіз елді құрып қана қоймай, аз жылдың аңғарында Қазақстан атты елді әлем танып үлгерді. Әрине, қазақ елін әлем ең әуелі Нұрсұлтан Назарбаев есімі және ісі арқылы танығаны да ақиқат.
Қазіргі жағдайда Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келе жатса, бұл осы заманғы прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ете отырып, ең әуелі Елбасының сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізе білуінің арқасында келген табыс. Бұл жайында Елбасы өзінің күні кеше жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық», – деді. Елбасының бұл мәлімдесін барша қазақстандықтар қос қолдарын жүректеріне қойып, мойындары да ақиқат. Сонымен бірге, Қазақстан жиырма бірінші ғасырда өз елінің жаңа астанасын салған әлемдегі бірден-бір және де кешегі кеңестік мемлекеттер арасында, одан қалды Орталық Азияда тұңғыш рет «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізген ел!
Біз Елбасының жыл сайынғы Жолдауының болатындығын білетін және оны күтіп жүретін елге айналғалы да қашан! Аз-кем шегініс жасар болсақ, Қазақстан Президенті сонау 1997 жылғы 10 қазанда тұңғыш рет Қазақстан халқына ең алғашқы Жолдауын арнаған болатын. Бұл жайында Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында: «2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды. Сол күні мен еліміздің Парламентінде Қазақстан халқына арналған ең алғашқы Жолдауыммен шығып сөйледім. Маған халыққа Жолдау деген идеяның өзі ұнады, оның ел құлағына сіңісті болып кеткеніне қуанамын. Қазір жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналды. Онда бұл нағыз керектінің өзі болды. Республиканың барша халқына, барлық азаматтарына үн тастай отырып, біз Стратегияның ерекше рөлі мен мәртебесін атап көрсеттік. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан Стратегиясы-2030»-дан басталады. Әрбір мұндай Жолдау біздің жалпы Стратегиямыздың құрамдас бөлігі және біздің жолымыздың құрамдас бөлігі», – деп жазған да болатын. Және де Елбасы «1997 жылдың 10 қазанында «Қазақстан-2030: барша қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты бағдарламалық Жолдауымды жасаған күні болашаққа батыл көз тастаған халқымыздың ауқымды істерге бел шеше кірісуден еш тайқымайтын тау қопарарлықтай қайраты мен саяси ерлігі біз күткеннен де асып түсті», – деп «Тәуелсіздік дәуірі» (113-бет) атты еңбегінде өз халқының ерлігі мен ерік-жігеріне тағы да бір риза болғандығын жасырмайды. Біз ендігі арада Елбасының жаңа Жолдауын оқып, талқылар кезде сол Жолдаулардың тарихи және әлеуметтік сабақтастықтарын да білуге және сол жайында айтуға да тиістіміз. Президентіміздің сол алғашқы, яғни 1997 жылғы Жолдауынан бастап күні кешегі Жолдауы аралығындағы стратегиялық міндеттердің бірде-бірінің маңыздылығы әлі күнге шейін жойылмағандығын аңдар едік. Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы 21 Жолдауларының барлығын да алдымызға жайып қойып, зерделер болсақ, бәрінде де бір мақсат – ел болу, Қазақстанды әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің қатарына қосу, жаһандық дағдарыс жағдайында экономиканы алға жылжыту әрі даму, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, алыс және жақын шет елдермен стратегиялық тең тұрғыдағы халықаралық байланыс орнату, еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық бірлік пен ынтымақты сақтау, халқымыздың әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлт болуы сияқты аса маңызды, тіпті өмірлік маңызы бар мақсаттар мен міндеттер алға тартылып келеді екен.
«Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік», – деген Елбасының осы жолғы Жолдауында айтқан осы бір ауыз сөзін алға тарта отырып, мына жайға да баса назар аудару керек. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауы «Қазақстан 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары» деп аталған болатын. Елбасы осы саяси құжатта ХХI-ші ғасырдың он жаһандық сын-қатерін барша адамзат баласына аса көрегендікпен атап-атап нақтылы көрсетіп берген-ді. Енді қараңыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан алты жыл бұрын айтып берген жаһандық сол он қатерлердің барлығы да әлемнің бүгінгі тіршілігінен көрініп те, байқалып та отыр. Тіпті, сол қатерлермен бүгінгі адамзат бетпе-бет келіп те жүр. Осы орайда, Елбасының тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, энергетикалық қауіпсіздік, үшінші индустриялық революцияның жаңа әрі қатаң талаптары, әлеуметтік тұрақсыздық пен өркениетіміздің құндылықтарының дағдарысы, әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі сияқты жалпы адамзат баласын жаңа сын тезіне салатын жайлардан өз елі мен халқын, Қазақстанды күйзеліс пен дағдарысқа ұрындырып алмас үшін тек қана даму, тек қана өсу мақсатын алға тартуы және де сол мақсатқа жету үшін нақтылы қадамдар жасалуын айтар едік.
Жалаң сөз болмасын десек, осы 2012 жылы айтылған жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрудың барлық амалдары мен атқаруға тиісті міндеттеріміз Елбасының соңғы жылдардағы Жолдауларында нақтылы көрініс тапқан да болатын. Мысалы, Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтарда жасаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму», 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» сияқты Жолдаулары соңғы жылдары дүрбелеңі көбейіп кеткен мазасыз әлемнің және де ауыр-ауыр небір әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарға душар болып та, ұрынып та жатқан, АҚШ-пен Батыс Еуропа мемлекеттерінің Ресейге, өзге де кейбір елдерге экономикалық санкциялар жасап, төрткүл дүниенің әр жерінде қарулы қақтығыстар мен босқындар жағдайындағы жаһандық дағдарыстың тереңдей түскендігіне де қарамастан Қазақстанның даму бағытының жаңа мақсаттарын нақтылы айқындап, соларды шешудің жолдарын көрсетіп отыруы да жақсы бір үрдіске айналды.
Міне, содан да болар Елбасы өз Жолдауында: «Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді», – деп атап көрсетуіне негіз боларлық жақсы жайлардың, ұтымды да орайлы істердің негізі Қазақстанда алдын ала ойластырылғандығын айтуға тиістіміз. Бұл Елбасының өзінің әр Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі әрі басты бағыттарын айқындап отырар тарихи ерекшелігі мен маңызы бар екендігін көрсетеді.
Біздің осы ойымызға арқау боларлық жайлардың Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты осы жиырма бірінші Жолдауында да тағы да айқын айтылып отырғандығы бар. Ал енді бұл жолғы Жолдаудың бір ерекшелігі мен маңыздылығы сол Елбасы қазақстандықтардың табысының өсуі мен тұрмыс сапасының жақсаруына айрықша көңіл бөліп отырғаны деп санаймыз.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын», – деп Елбасы қазақстандықтардың табысты болуы мен тұрмыс деңгейін көтеруге басты басымдық беріп отыр. Әрине, еңбек ету арқылы әркімнің өз әл-ауқатын жақсартып, тұрмысын түзеулеріне барлық жағдайлар бар әрі жасалып та жатыр. Елбасы осы орайда Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды.
Бұл оң жағдай барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамды қамтыса, бюджеттік саланың 275 мың қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өскелі отыр. Бұған 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлініп тұратын болады. Енді әркімнің өз табысының да, өздерінің де өсе түсулеріне тағы да барлық жағдайлар қарастырылып отыр. Елбасы өз Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартып, бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажеттігін айтып, экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керектігін де алға тартты. Рас, соңғы жылдары коммуналдық қызмет көрсетудің бағасы көбінесе негізсіз өсіріліп те жүр. Ал, бұған жол бермеуге әрекет қылатын дейтіндей табиғи монополияларды реттеу саласы дәрменсіздік танытуда.
Елбасы Жолдауының екінші негізгі мәселесі қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру болса, бұл бағытта да көңілден шығатын қағидаттар аталды. Қазіргі уақытта қазақстандықтарды білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері алаңдатып та, ойландырып та отырғандығы бар. Елбасы өз отандастарының қазіргі көңіл-күйлерін дөп басып, әрбір қазақстандық отбасына қатысты жайларды шешуді тапсырды. Алдағы уақытта Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарайтын болады. Тағы да алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу тапсырмасы берілді. Бұл қазақстандық білім мен ғылымның одан әрі жаңа сапалық деңгейде дами түсуіне үлкен жол аша түсетін болады.
Қоғамда айтылып келе жатқан мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту қажеттілігіне Елбасы тағы да жаңа әрі тың бағыттар берді. «Білім беру ісінде «4К» моделіне: креативтілікті, сыни ойлау-
ды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет, –дей келіп Елбасы Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тиісті «Жол картасын» биылдың өзінде әзірлеуді тапсырды. Және де «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеп, оны қабылдау қажеттілігі де алға тартылды. Бұл заң арқылы болашақта мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игіліктер қарастырылып, жүктемені азайту, мұғалімдерді түрлі тексерістер мен міндеттен тыс жөн-жосықсыз істерге қатыстыруға жол берілмейтін болады. Қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған заңның қабылданатындығы барлық білім саласының қызметкерлері тарапынан зор қуанышқа бөлеп отырғандығын да айтқан ләзім.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар жақсы білім алуға ұмтылып отыр. Кей жағдайда өзіміздің отандық оқу орындарының беріп жатқан білімдеріне көңілдің толмайтындығы да жасырын емес. Содан да болар, жағдайлылар өз балаларын алыс және шет елдерде оқытуға ұмтылады. Осы жағдайға орай Елбасы жоғары білімді маман дайындау сапасына талаптардың күшейтілетіндігін әбден орынды айтты деп санаймыз.
Жолдауда ұлт саулығы мемлекеттің басты басымдығы екендігі айқындалды. Әуелі халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қол жетімділігін арттыру қажеттілігін тағы да көтерген Елбасы «Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын» деп осы орайда қазіргі қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулалар мен саябақтарды жабдықтауға да айрықша мән берді.
Ұлт саулығына қатысты тағы бір аса маңызды әрі өзекті мәселе қазақстандықтардың сапалы азық-түлікті пайдалану жайының Жолдауда көтерілуі де болашақты ойлағандық еді. Жасыратын несі бар, алыс және жақын шет елдерде шығарылып, Қазақстан рыногында сатылып жатқан кей тауарлардың, тіпті балалардың ойыншықтарына дейін адам өмірі мен денсаулығына қатерлі екендігі сан мәрте айтылып, жазылып та жатқанымен бұған тосқауыл әзірге қойылмай отырғандығы да бар. Елбасы бұл жағдайға да байланысты Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырып, алдағы жылдан бастап тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті өз жұмысын бастауға тиісті екендігін айтты.
Әр адам баласының алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету кез-келген мемлекеттің басты әрі абыройлы міндеті екендігі болса, осы Жолдауда бұл мәселе де айтылды және де осыған орай қазақстандықтардың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастырудың нақтылы міндеттері де белгіленді. Бұл орайда Елбасы ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, әр ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы-на да баса назар аударды.
Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыра отырып, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын «7-20-25» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара
субсидиялауды қолға алу үшін әкімдерге нақтылы тапсырма берілді. Бұл да халқымыздың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді деп нық сеніммен айтуға болады.
Елбасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан барлық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін тұтас қоғам болып ортақ мақсатқа жұмылудың аса маңыздылығын атап көрсете отырып, ой мен сананы жаңғыртуға жаңа серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі қарай «жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» дей келіп, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы қажеттілігін орынды айтты әрі дер уағында көтерді деп санаймыз. Бұл орайда 2019-шы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды да ұсынды. Әрине орынды! Елбасы қашан болсын, жастарға үлкен сенім артып, қолдап келе жатқаны да бар. Мұны осы жолы да анық тани түстік. Алайда, алдағы «Жастар жылын» құр даңғазалыққа айналдырып алмауға да тиістіміз. «Жастар жылында» жастардың ең әуелі өз ата-анасы мен Отаны алдындағы, үлкен мен кішінің, өз елі мен жері, өз тілі мен өз салт-дәстүрі алдындағы, ел бірлігі үшін жауапкершіліктерін сезіне түсулеріне және соны білетіндей тәрбие бесігінен өтуге тиісті ғой деп ойлаймыз.
Әр жүректі жылытатын және де жаныңа ыстық ауыл жайлы да айтылуы және де ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту, ол үшін арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жасап, іске қосудың да маңыздылығын Елбасы өз Жолдауында тегіннен айтпаса керек. Біз ендігі арада осы заманғы технология мен цифрландыру негізінде мал өсіріп, егін салып, сапалы өнім өндіріп, осы заманғы үйлерде тұратын, осы заманғы білім мен тәрбие, демалыс ошақтары бар тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпаттағы және жаңа үлгідегі ауылдарды қалыптастыру мен жасауды қолға алуға тиістіміз.
Біз бай да бақуатты және алаңсы өмір сүрудің жаңа кезеңін бастағалы отырмыз. Бұл құр сөз емес. Елбасының Жолдауында айтылып, ел игілігі үшін алдағы уақытта жасалатын істерді толыққанды жүзеге асыру үшін 1,5 триллион теңгеден асатын қаржы да қарастырылып отыр. Бұл сөз жоқ, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін беретін ең сенімді әрі тиімді инвестиция екендігін Елбасы айқын мәлімдеді.
Біздің басты мақсатымыз да мұратымыз да Қазақстанды әлемнің дамыған озық 30 елінің қатарына қосу және де Мәңгілік ел болу! Тәуелсіз еліміздің мәңгілік осы мұраттарына қол жеткізуге ұмтыла отырып, заманның беттен қағар кей сындарына өзіміздің бойымызға біткен ақыл-парасат, сабырымызбен, тегеурінді іс-қимылымызбен және еңбегімізбен, бірлігімізбен, ынтымағымызбен төтеп беруге тиістіміз және мұны ел мен халық алдындағы парызымыз деп білеміз.
«Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс», –
деді Елбасы өз Жолдауында. Осы бір аталы сөздің астары мен қапталында біздің әрқайсымыздың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігіміз бар екендігін ұғына білгеніміз абзал. Өйткені, Қазақстанда жүргізіліп жатқан барлық реформалар мен өзгерістер халықтың игілігі мен ел тәуелсіздігінің баянды болуы үшін жасалып жатыр. Сіз бен біз үшін және болашақ үшін жасалып жатыр!

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар