«СЕРПІЛІС БОЛАТЫНЫНА СЕНЕМІЗ!»

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың облысымыздағы сайлаушылармен кездесуі жалғасуда. Осыған орай, белгілі қайраткер қаламгердің Елбасымыздың кезекті Жолдауына орай «Хабар» арнасынан тікелей эфирдегі «Бетпе-бет» бағдарламасына берген сұхбатының жазбасын «Арқа ажары» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

– Біздің бүгінгі хабарымыз Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауына арналады. Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді сараптау, талқылау үшін студиямызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов шақырылды. Биылғы Жолдаудың бұрынғы Жолдаулардан ерекшелігі неде болды деп санайсыз?
– Әңгімені мына мәселеден бастайын деп едім. Ол мәселе – Жолдаудың мерзімі. Әдетте Елбасы Жолдауы жылдың басында жасалатын, кейде наурыз айына дейін өтіп кететін, кей жылдары желтоқсан айында да болып жүрді. Қазіргі мерзімнің өзіндік артықшылығы бары көрінген сияқты. Өйткені, осы қазан айында жасалған Жолдау арқылы біз 2019 жылдың жұмысын алдын ала бағдарлауға кеңірек, көбірек мүмкіндік алып отырмыз. Мұндайда егер қажет болған жағдайда, қазан, қараша, желтоқсан айларында тиісті заңдарды қабылдап үлгеруге де болады. Сондықтан, алдағы кезде Елбасы Жолдауы күзде жасалуы дәстүрге айналса деген тілегім бар. Өйткені, осы уақыт келесі жылы жүргізілетін жұмыстарға, Президент алға қойған міндеттерді атқаруға тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік беретін сияқты. Бір жаңалығы деп осыны айтуға болады.
Содан кейінгі айтатын үлкен мәселе – ұлттық жаңғыруға толықтай бет бұру. Соның нақты мысалы Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру қызметін құру жөнінде айтқаны болып отыр. Біз жаңғыру ісіне енді бұрынғыдан да жүйелі түрде кірісе аламыз ғой деп ойлаймын. Жалпы, Елбасының қай сөзі де маңызды. Қай сөзі де ел үшін ерекше бағалы. Соның өзінде жылдың басты құжаты деп атауға болатын Жолдаудың жөні бөлек. Біздің елдік мінезіміздің өзгергендігіне, біздің елдік сананың жаңа биігіне көтерілгендігімізге байланысты да мына бір жайды айта кетейін. Ана жылдары Елбасы Жолдауларына белгілі бір дәрежеде тұтынушылық көзқарас пайда бола бастағандай еді. Президент ойлағанымызға биыл қанша қосар екен деп, 20 пайыз қосар ма екен, 10 пайыз қосар ма екен деп күтіп, соны сөз етіп жүретін біраз жұрт. Қосылған мөлшерді әңгімелеп, одан көбірек қоса ма деп едік, аз қосып қалды ғой деп немесе ойлағанымыздай болды ғой деп ризалық танытып жүретін. Жұрт Жолдауға тұтынушылық тұрғыдан қарай бастаған жылдар болды дейтінім сондықтан. Ал, біраз жылдан бері жұрт Жолдаудың түпкі мән-мағынасын, тұжырымдамасын жақсы түсініп алды. Енді қазір халық Жолдауда Президент қандай міндеттерді айқындайды, халықтың алдына, Парламенттің, Үкіметтің алдына қандай міндеттер қояды, қандай тапсырмалар береді деген тұрғыда қарап, сондай сөзді айтып жүр. Бұл Жолдаудың халықтың көңілінен шығатындығына ешқандай күмән жоқ. Ал, нақты күтіп жүрген жақсылықтарға байланысты айтсақ, мысалы, 2019 жылдың
1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өсірілетін болып отыр. Президент айтты, бұл бойынша 1 миллион 300 мың адамның жалақысы көтеріледі деп. 250 мың бюджет қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда 35 пайызға ұлғаятын болды.
Табиғи монополия қызметіне қатты талап қойылды. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтің бағасына, тарифтерге бақылау жоқтығы жөнінде Үкіметтің атына сын айтылды. Бақылау болмағандықтан да осылай бетімен кетеді, содан кейін кімнен сұрайтынымызды білмей жатамыз делінді. Мысалы, қолма-қол ақша жүрген жерде пара жүреді деген әңгіме қозғалды. Біздің қазіргі өркениеті дамыған елдерден кенже қалып тұрған тұсымыздың бірі – қолма-қол ақша. Ол – қауіпті дүние. Дүкенде де, қызмет орындарында да цифрландырудың арқасында қолма-қол ақшаның көлемін азайтпайынша, сауда, қызмет саласында толық мөлдірлік болмайды. Содан кейінгі тағы бір жаңалық – шағын және орта бизнеске жасалатын салық амнистиясы. Бірақ, Президент мынадай жағдайға назар аударды. Мысалы, салығын дұрыс төлеп жүрген адамдар, яғни, амнистияға дейін төлеп қойған адамдар: «Сонда біздің жазығымыз не? Біз бәрін дұрыс төлеп қойдық, ал енді төлемей келген адамдарға кешірім жасалып жатыр» деуі мүмкін. Жоқ, салықтың өзіне амнистия болмайды, амнистия айыппұлдарға қатысты жасалады. Айыппұлдарын төлемеген адамдарға ғана жеңілдік жасалады, ал салықтың негізгі бөлігі төленуге міндетті.
Елбасының сөзіндегі тағы бір айрықша айтатын жағдай – импортты алмастыру. Импортталған тауарлар неғұрлым азайған сайын мемлекет соғұрлым тәуелсіз бола түседі. Шынын айтсақ, осындай жері бар, осыншалық мал өсіруге мүмкіндігі бар және өсіріп те жатқан Қазақстанда, мысалы, шұжықты сырттан таситынымыз елдің атына ұят нәрсе. Бірақ, өкінішке орай, солай болып отыр. Өйткені, азық-түлік өнімдерін сыртқа шығарып сатудың орнына сырттан әкелетін себебіміз – қайта өңдеу өндірісінің жолға қойылмағаны.
Жолдауда мен журналист ретінде, депутат ретінде қанағаттанған тағы бір мәселе бар. Жақында біз Үкімет сағатын өткізгенде туризм мәселесін қозғадық, соның ішінде ішкі туризм мәселесін де айтқан болатынбыз. Оның артынша «Егемен Қазақстан» газетіне «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?» деп тақырып қойып мақала да жазған едік. Соның ішінде ішкі туризм тек табыс көзі емес, ол идеология, ол тәрбие дегенді айтып едік. Жолдаудан сол ойлардың жаңғырығын тауып, қуанып отырмын. «Өз жеріңді танып біл» деген бағдарлама жасалатын болды. Нақты айтқанда, мектеп туризміне кең жол ашылады.

– Үкімет енді осы бағдарламаны арнайы жасайды. Туристік бағытты дамыту үшін осы бағдарламаға байланысты тиісті заңдарға да өзгерістер енгізіледі ғой?

– Туризм туралы заңның жобасы бір-екі айдың ішінде бізге келеді. Өткен Үкімет сағатында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы солай деп айтты. Болашақ заңға осы ішкі туризмді күшейтуге септесетін бағыттарды қосуға мүмкіндігіміз бар.

– Туризм инфрақұрылымын дамыту үшін не істеуге болады?

– Оның бір жолын біз ұсыныс ретінде енгіздік. Оның қабылданатыны, қабылданбайтыны бізге қазір белгісіз. Үкімет сағатында жария еткен өзімнің жеке ұсынысым бойынша әкімдердің қызметіне баға берілетін өлшемдерге ендігі жерде өңірде туризмді дамытуда жасап отырған жұмысы деген индикатор қосылса, бұл осы салаға үлкен серпін береді деп ойлаймын.
Елбасының әлеуметтік салаға, білім беруге, денсаулық сақтауға бөлінетін қаржының көлемін елдің ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу міндетін алға қойғаны ерекше маңызды. Серпіліс болатынына сенеміз. Қаржыға байланысты айта кетейін. Президент кезінде «Экономика должна быть экономной» деген сөзді еске салды. Үнемшілдікке шақырды. Мысалы, соңғы жылдарда 1300 мектеп жабылған. Өйткені, ол жерлерден халық көшіп жатыр, ал сол көшіп жатқан жерлерде, өкінішке орай, бұрын жоспарланғаны бойынша мектеп салынып қойылған, аурухана салынып қойылған. Соларды жөнімен есептеу, жоспарлау, қаржыны шашпау жөнінде қатты ескертті.

– Сіз Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесісіз. Жалпы, биылғы Жолдаудың басты бір ерекшелігі – әлеуметтік саясатты дамытуға көп көңіл бөлінуі. Елбасымыз мұғалімдердің мәртебесін, дәрежесін көтеру жөнінде заң қабылдауға арнайы тапсырма берді. Осы заң шеңберінде сіздің ойыңыз, ұсынысыңыз қандай болады?

– Біз баяғыда рақмет айтқанда, бата бергенде «молда бол» дейтін халық едік. «Молда бол» деген ол кездегі ұғым бойынша «мұғалім бол» деген сөз. Сауат ашуға молда оқытады ғой. Өкінішке орай, кейінгі кезде әртүрлі объективті және субъективті себептерге байланысты мұғалімнің беделі түсіп кетті немесе қолдан түсірілді. Соның салдарынан қазіргі таңда мұғалім мамандығына құлшыныс бұрынғыдай емес, өйткені жалақысы төмен, қоғамдағы мәртебесі төмен, кез келген шаруаға «қолбала» қылып мұғалімді жұмсайды. Кез келген саяси іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға ең алдымен мұғалімдер жегіледі. Талап күшті, бірақ тиісті қамқорлық жоқ. Соған байланысты Елбасымыз мұғалім мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажеттігін айтқаны өте орынды.
Бұл тек қана мұғалімдердің өздеріне емес, балалары мұғалімнің алдына күнде барып отыратын бүкіл ата-аналардың жүрегін қуанышқа бөлейтіні анық.

– Енді білім саласына келетін болсақ, Елбасымыз білім арқылы ғылымды дамытуға да тоқталды. Ғылымның, білімнің дамуы үшін бізге не жетпей жатыр? Жалпы, қазір біздің университеттеріміз де үлкен жұмыстар атқарып, ғылыми-зерттеу институттары ашылып жатыр. Осы білім саласында жетіспеушілік бар ма?

– Жетіспеушілік бар емес, көп. Жақында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінде ғылымды қаржыландыру туралы мәселе көтерілді. Соны баяндап тұрған адам тамағы қарлығып, дауысы жақсы шықпай, су сұрап еді, тез арада су табыла қоймады. Сонда мен: «Біздің ғылымға көзқарасымыз осы, баяндамашы ғалымның аузына су тамызатын жағдайымыз жоқ» деп әзілдеп айттым. Бұл жай әзіл сөз, бірақ әзіл сөздің де астарында шындық бар. Ең алдымен, ғылымға құлшынысты ояту керек. Ғылымға құлшынысты ояту үшін қазіргі прагматизм заманында адам ғылым арқылы лайықты өмір сүре алатынын білетін болуы керек. Бұрын біздің жастау, студент кезімізде, жұмысқа жаңа араласқан шақта доцент болу, кандидат болу, профессор болу деген өзіңнің материалдық жағдайыңды да, мәртебелік жағдайыңды да жақсылап шешуді білдіретін. Адамдар жылдар бойы аспирантураға түсуге ұмтылатын. Жылдар бойы кандидаттық диссертациясын жазатын. Одан кейін талабы жеткендер 10-15 жыл жүріп, докторлық диссертациясын жазатын. Және сол арқылы қоғамнан өзінің орнын ойып тұрып алатын, соған сай еңбегі лайықты бағаланатын. Ал, қазір біздің доценттеріміз, біздің профессорларымыз университеттің ауласына «Мерседес» мініп келіп жүрген студенттерге қызығады. Өйткені, шындық солай, табысы солай, оның мәртебесі солай. Сондықтан да ғылымға қомақты қаржы бөлінбейінше, бұл мәселе оңайлықпен шешілмейді. Бұл жерде мәселе ғылым адамдарының айлығына ғана емес, мәселе осы салаға адамдардың құлшынысын кеміту арқылы ұлттың ойын тежеуге келіп тіреледі. Ұлттың ішінде ғалым болғысы келетін, ғылыми жаңалық ашқысы келетін, ғылыми ізденіс жасауға ұмтылатын адамдардың үлесі көп болуы керек. Солардың ішінде табиғи іріктеу бойынша сұрыпталып таңдаулылар қалуы керек. Соған көп адам ұмтылған кезде таңдау мүмкіндігі болады. Сондықтан, осы мәселенің қозғалуы да бізді қатты қуантып отыр. Ғылымға көңіл бөлу, қомақты қаржы қарастыру қай жағынан да қоғамды ілгерілетпей қоймайды.

– Осыдан біраз уақыт бұрын біздің мемлекетте 200-ден астам жоғары оқу орны болған, қазір біразы қысқарып, шамамен 130 оқу орны бар. Президент жоғары оқу орнының мәртебесін түлектерінің жұмысқа орналасуымен өлшеу жөнінде арнайы тапсырма берді. Бізде қаншама түлек бітіреді, олар алған мамандықтары бойынша қай жаққа барып орналасып жатыр, қандай жұмыс орындарына барып жатыр дегенді анықтауды тапсырды. Осы жөніндегі өзіңіздің ойыңызды білсек.

– Бұл жерде өкінішке орай, баяғы өтіп кеткен Мемлекеттік жоспарлау комитетін еске түсіруге тура келеді. Бізде қай жерде қандай маманға сұраныс бар дегенді ғылыми түрде жоспарлау жоқ. Сондықтан да бізде мамандықтардың сала бойынша бөлінуінің өзінде ғылыми көзқарастың жоқ болуы әбден мүмкін. Өйткені, өндіріске нақты қандай мамандар керектігі толық зерттелмейді. Кәсіпорындардың барлығы дерлік жекешеге өткендіктен олар ондай жұмыспен айналыспайды. Мысалы, біз 2023 жылы машина жасау саласында қанша инженер керектігін қазір нақты білмейміз.

– Сараптама жүргізілмейді деген сөз ғой.

– Иә, нақты білмейміз. Немесе 2022 жылы қанша балалар дәрігері керек, сол жылдары қанша балалар дәрігерлері зейнетке шығады, қанша орын босайды деген болжау болмағандықтан да біз қазір гранттарды бөлген кезде де немесе грантсыз ақылы оқу орындарын жоспарлаған кезде де көбіне құжат тапсырушыларға қарап бейімделеміз. Өндіріске керекті мамандықтарды дәл есептей алмағандықтан адамдар менеджер болуға, маркетолог болуға, заңгер болуға, басқа болуға ұмтыла береді. Ал, шын мәнінде қоғамда ондай мамандықтарға соншалықты сұраныс жоқ. Содан кейін талай адамдар жұмыс таба алмай жүреді.

– Сауытбек Абдрахманұлы, жастарды бағдарламаларға тарту қалай болуы керек?

– Президент 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау жөнінде ұсыныс жасады. Бұл да жастармен жұмысқа үлкен серпін беретін, қозғау салатын үлкен бастама, үлкен шешім. Қазіргі таңда жастардың саяси белсенділігін арттыруға, сөз жоқ, едәуір деңгейде қол жетті. Оған ең алдымен «Нұр Отан» партиясының соңғы кездегі жаңаша жұмысы, жастармен жаңаша жұмысы қатты қозғау салып отыр. Демек, біз қазір жастарға сене білсек, жастарға нақты тетіктерді қолға бере білсек, бұл істе едәуір қозғалыс болады деп ойлаймыз.

– Мемлекет басшысы Бес әлеуметтік бастама арқылы жастарға «7-20-25» деген үлкен бағдарлама ұсынды. Бұл бағдарлама қазір өзінің жұмысын бастап кетті. Үкіметтен арнайы қаражат бөлінді. Жолдауда Елбасымыз осы бағдарламаны жүзеге асырудағы кемшіліктерді де айтып кетті. Ұлттық Банкке сұрақ берген кезде анықталды бүгінгі таңда 2 мыңнан астам ғана өтініш берілгені. Демек, халық әлі толық сенбейді, өзіңіз де білесіз, өңірлерге барып жүрген кезде халықтың тарапынан осындай сұрақтар көп беріледі. Жалпы, осы бағдарламаны жақсарту бойынша өзіңіздің ойыңызды айтсаңыз.

– Астана қаласының тәжірибесін кеңінен тарату керек деп ойлаймын. Елбасы өткізген жиналыста күні кешеге дейін Астана қаласының әкімі болған Әсет Исекешев қаланың тәжірибесін қысқа ғана айтты. Бюджет саласындағы адамдар, жұмысын жаңа бастаған жастар тіпті алғашқы 20 пайыздық үлесті де сала алмайды. Сол 20 пайыздық үлесті кәсіпорынның есебінен қарыз түрінде беру өте орынды. Әйтеуір қолын іліктіре алады, одан кейін 25 жыл бойы оны аз-аздап төлей береді. Бірақ, алдымен қол ілігуі керек. Ілігуі үшін әкімдіктер сондай жағдай жасауы керек. Бұл жөнінде Қызылорда облысында да жақсы тәжірибе бар екен, оны Қырымбек Көшербаев айтып кетті. Шынында да, бұрын-соңды болып көрмеген жеңілдіктер жасалды, 15 пайыздың орнына 7 пайыз, 50 пайыздың орнына 20 пайыз, 15 жылдың орнына 25 жыл. Одан артық оңтайлы модельді табу қиын. Соның өзінде де адамдар әлі құлшынып кете алмай отыр. Өйткені, Ұлттық Банк тарапынан, жергілікті әкімшіліктер тарапынан нақты тетіктері тиісінше түсіндірілген жоқ және жасауға болатын жеңілдіктер жасалып отырған жоқ.

– Әлеуметтік саясаттың тағы бір бөлшегі ретінде медициналық қызмет сапасын арттыруды Елбасы Жолдауында тағы да айтты. Осы салада Мәжілісте көптеген заңдар қабылданып, бұрынғы заңдарға өзгерістер енгізіліп те жатыр. Жалпы, медициналық қызметтің сапасын арттыруға қатысты сіздің ойыңыз қандай?

– Алдымен жария етілген жақсы жаңалықты разылықпен айтып алайын. Ол – келесі жылдан бастап Қазақстанда республикалық онкологиялық ғылыми орталық салынатындығы. Елде соңғы жылдарда онкологиялық аурулар көбейіп, белең алып барады. Бұл – қауіпті құбылыс. Сондықтан да республикалық онкологиялық орталық құру жөніндегі мәселені Елбасының өзі түпкілікті шешті. Мен қанша рет айттым, ақыры міне, осы мәселені нақты тапсырып, келесі жылдан бастап қолға алатын болып отырмыз деді. Бұл осы бағыттағы жұмыстың бір ғана қыры.

– Медициналық қызметтің сапасына халықтың сенбеушілігі бар. Халықтың сенімін арттыру үшін не істеу керек?

– Халықтың сенімін арттыру үшін алдымен бағаны реттеуге тырысу керек. Бағаны реттеуге талпынудың бір жолы –Елбасы алға қойған міндетті тым кешеуілдете бермеу керек. Президент отандық фармацияның үлесін 50 пайызға жеткізу мәселесін қойған, сол мәселе әлі шешілген жоқ. Қарапайым ғана бір нәрсені айтайын. Халықты даладағы дәрілік шөптерді жинауға да тарта алмаймыз. Халық білмейді қай шөптің дәрілік қасиеті бар, қай шөптің қасиеті жоқ дегенді.

– Арнайы зерттеулер жүргізілмейді ғой.

– Зерттеулер жүргізілмейді. Қарапайым ғана тілмен мынадай шөптің мынадай дәрілік қасиеті бар, оның түрі мынадай болады, осыларды жинасаң, қабылдап аламыз, оған мұнша ақша төлейміз деп түсіндіруге болады ғой. Нақты ақша беретін болса және сол шөптерді танитын болса, ауылда ақша таппай жүрген адам дорбасын алып, тау-тасты кезіп кетер еді. Осының өзі ұйымдастырылмайды. Әрине, содан кейін дәрінің бәрі шеттен әкелінеді, шеттен әкелінген нәрсенің барлығы қымбатқа түседі. Отандық фармацияның үлесін көбейтудің бір жолы – өзіміздің жерімізде өсетін дәрілік шөптерді жинастыруды ұйымдастыру. Ол бір ғана жолы.

– Отандық өнімнің сапасын көрсете білуіміз керек. Өзімізде өндірілген, яғни, Қазақстанда жасалған заттардың бәрінің деңгейін жоғарылату, өзіміздің өнімімізді өзіміз пайдалануымыз керек. Осы мәселеде ойыңыз қандай?

– Бұл заман қазір қалайда біздікін ки, біздікін ал дейтін заман емес. Және біздің заттардың өтуі үшін шекараны жауып қоятын да заман емес. Өзіміздікін өткізудің жалғыз жолы – бәсекеге сай өнім шығару және қолда барды ұқсата білу. Біз, қазақ, өзі ет тақырыбын жақсы көреміз ғой. Сол етке келетін болсақ, бір кезде 250 миллион халқы бар Кеңес Одағының талай жерін етпен жауып отырған Қазақстанның қазір сырттан ет тасып отырғаны айтар ауызға ұят. Президент осы мәселе жөнінде де шегелеп айтты. Әрине, ол бірден бола қоймайды, бірақ отандық өнімді ұқсату, өңдеу мәселесі шешілген жағдайда, біздің өнімдеріміз шетке шығатындай қалыпқа келген жағдайда, әлемдік стандарттарға сай сойылатын, қапталатын, оралатын жағдайда малдың соңында жүрген қазақ баласының алдынан үлкен көкжиек ашылғалы отыр. Өйткені, көршілес Қытайда 1,5 миллиард халық бар, 1,5 миллиард ауыз бар, 1,5 миллиард ауыз күніне үш мезгіл тамақ ішуі керек. Оларда қазір экономикалық жағдай көтеріліп келе жатыр, бірақ бәрібір тамақ өнімдеріне, оның ішінде органикалық, экологиялық жағынан таза, жоғары талапқа сай келетін тамақ өнімдеріне сұраныс көп. Демек, біз осы мәселені шеше алсақ, өзіміз ұқсата білсек, біраз мәселе шешіледі. Бұның барлығын шешетін негізгі тетік – халқымыздың еңбекқорлығын қозғау. Өкінішке орай, еңбекке өзге өңірлерден гөрі жақындау дейтін оңтүстік облыстардың өзінде еңбекке көзқарас бұрынғыдай емес.

– Сауытбек Абдрахманұлы, студиямызға келіп, Жолдау жөнінде әңгімелеп бергеніңізге көп рақмет.

Сұхбатты жүргізген Бақтияр МӘКЕН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар