Әкім сағатының сәті соқты

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Kókshe» телеарнасының студиясында «Әкім сағаты» бағдарламасына қатысып,

тікелей эфирде аймақ тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

«Әкім сағатында» облыс әкімі Мәлік Мырзалин осымен екінші рет тікелей эфирде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын шығарып, телекөрермендердің сұрақтарына жауап берді. Бағдарлама әлеуметтік желілерде және телеарнаның сайтында көрсетілді. Ал, азаматтардың сұрақтарын қабылдау үшін арнайы Саll-орталық жұмыс істеді. Мәлік Мырзалин облыста Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттердің қалай орындалатыны және аймақтың одан әрі даму перспективалары туралы айтып берді. Ақмолалықтар тұрғын үй мәселесінде қандай істерге үміт арта алады, жолдардың, ауыз сумен жабдықтаудың, мектептерде үш ауысыммен оқытудың проблемалары қалай шешіледі? Осы және басқа да сұрақтарға облыс әкімі бір сағаттан артық жауап қайтарды. Аймақ тұрғындары бұл орайда үлкен белсенділік танытты. Сұрақтардың бір бөлігі көзделген эфир уақытына сыймағандықтан, олардың жауабы сәл кейін аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.
Облыс аграршылары 4,3 миллион гектар егістік алқабынан 5,5 миллион тоннадан астам астық жинады. Астық шығымдылығының орташа көрсеткіші гектарына 13 центнерден айналды. Өнеркәсіп секторында 74 миллиард теңгенің 30 жобасы іске асырылуда. 1820 жаңа жұмыс орны ашылды. Аймақ экономикасына инвестициялар 44 пайызға өсті. «Ақмолалықтар Бұланды ауданында Макинск құс фабрикасының ашылғанын мақтан ете алады. Бұл республика көлемінде айта қаларлықтай жоба. Ол толық іске қосылғанда бүкіл елімізден импортқа шығарылатын еттің 30 пайызын өндіре алады» деді әкім. Алғашқы кезеңде кәсіпорынның өнімділігі жылына 25 мың тонна құс етін құрайды. Одан әрі өнім көлемі екі есе өседі. Үшінші кезеңде мұнда 100 мың тонна ет өндіру жоспарланып отыр.
Тұрғындар үшін ең өзекті мәселе – жолдар. Бұл ретте, облыс әкімі биылғы жылы жергілікті маңызы бар 426 шақырым жол жөндеумен және қайта жаңартумен қамтылып отырғанын атап өтті. Бұл – өткен жылдағыдан екі есеге жуық көп. Целиноград ауданының жолдарын дамытуға бөлінген қаржы 4 есе өсті. Бұл жұмыс одан әрі жалғаса түседі. Қарқын сақталып қана қоймай, одан сайын арттырылады. Аймақта сондай-ақ, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 8 пайызға артады, сөйтіп, жыл сайын 380-400 пәтерге ұлғая түседі. Мұның өзі 2030 жылға қарай тұрғын үй алаңымен қамтамасыз етілуді бір адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін бес жылдың көлемінде 5800 жер телімін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Облыста оқу үш ауысымда жүргізілетін 11 мектеп бар. Аталған проблеманы жою үшін оқу-тәрбие кешенінің және үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Екі мектеп бойынша сметалық-жобалау құжаты дайындалды, тағы бес мектеп бойынша осындай құжаттар дайындалу үстінде. Аймақта 600-ден астам оқушыны оқыту үшін қосымша ғимаратты жалға алу тәжірибесі бар. Мәлік Мырзалин бұл тәжірибе аталмыш проблеманы шешудің дұрыс нұсқасы емес екендігін атап көрсетті. Себебі, оқу орындары осыған лайықталған емес, типтік жобада болуы керек.
«Мемлекет басшысы үш ауысымдық оқыту проблемасын неғұрлым қысқа мерзімде шешу міндетін қойды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге қаржы бөлінетін болады. Демек, біздің облыста да бұл проблеманы біржола түбегейлі шешу үшін жұмыс істейтін боламыз» деп атап көрсетті аймақ басшысы.
Облыс халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл бағытта 35 жоба іске асырылуда. Оның 10-ын биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр. 9 ауданда 220 шақырым су құбыры және 21 шақырым канализациялық жүйелер тартылмақшы. 19 елді мекен бойынша сметалық-жобалау құжаттары жасалуда және 43 елді мекенде жерасты суларының қоры зерттеліп жатыр.
Облыс әкімі сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, спортты дамыту, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарын қолдау шаралары туралы да айтып өтті.
Аймақ басшысы бағдарлама соңында жүргізуші Юрий Обердиенконы және облыстық телеарнаның барлық ұжымын «ТЭФИ Содружество-2018» халықаралық телевизиялық фестивалінің беделді сыйлығына ие болуларымен құттықтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар