ТОҚАН ХАЗІРЕТ

«Жеріне елі сай, еліне ері сай» – демекші, Ерейментаудан талай ел билеген ерен тұлғалар, халықтың қамын ойлаған басшылар, мыңдаған қол бастап, жауларға тайсалмай қарсы шығып, жеңіске жетіп отырған батырлар, сөз шебері, шешендік деңгейлері биік азаматтар, ақындар, ислам дінінің қағидаларын терең меңгерген қалпелер шыққан.

Аумалы-төкпелі талай сын сағаттарды, қуанышты да, қайғылы уақиғаларды қамтыған замандардың сүзгісінен өтіп, бізге мүдірмей жеткен есімдердің қатарында Бөгенбай, Жантай, Досай батырлар, Үмбетей жырау, Бапан, Саққұлақ билер, Олжабай ақын, Төкім, Кәрібай болыстар, Естай әнші, ислам дінінің ғұлама ғалымдары Тоқмағамбет хазірет Домаұлы, Сәкен қалпе Ғылмани, басқа да көптеген ұлыларымыз бар.

Солардың ішінде ақылдығымен, алғырлығымен, даналығымен көзге түскендердің бірі 1851-ші жылы туып, 1916-шы жылы қайтыс болған Тоқмағанбет Домаұлы. Халық ол кісіні жоғары бағалап, Тоқан хазірет деп атап кеткен. Ереймен жерінде еркін өсіп, оның табиғатымен жасынан біте қайнап, өмірдің бастапқы қызықты баспалдақтарын түйсіне аттаған Тоқмағанбет білім алуды армандайды. Қатарластары «Ел іші алтын бесік»,– деп ойын-сауықтың қызығында жүргенде, ол нағашыларының қолында болып арғы жақтағы Қызылжар қаласында бірінші Махалама имамы Ахметұлы хазіреттен сабақ алады.
Медреседе оқығанда талаптанып, ислам ғылымын меңгеруде зеректілік, алғырлық танытқан. Аллаһтың кітабы Құранды тереңінен ұғынуға ұмтылған. Осы оқу орнын бітірер шақта қойған сұрақтарының қиындығынан ұстаздары жауабын беруге қиналады екен. Бірге оқыған жолдастары бұл кісінің қасиеттерін ерте сезініп, сыйлайды екен. Тіпті жас Тоқмағанбеттің жататын орнынан жарық сәуле көрінетінін айтып жүрген.
Білімінің тереңдігіне, қабілет-деңгейі асып бара жатқанына көзі жеткен ұстазы шәкіртіне үйіне қайтуға ақыл береді. Қызылжардың орман-тоғайы желкілдеген өңірден өзінің қарасаң көкжиек көкке тірелгендей сары жазық даласымен туған елге жол тартады. Көптен көрмей сағынған өскен жерінің шалғын шөптерімен, таулар арасында гүлденген қызғалдақтары көрік беріп тұрған көк майсасы, дем алсаң тынысыңды кеңітетін жусандары – бәрі де өзі баяғыда көргендей қарсы алады. «Шіркін, бірінен-бірі сұлу қазақтың жері-ай, осыны ұрпақтары үшін сақтап қалған аталарымыз, ерлеріміз бен батырларымызға мәңгілік қарыздармыз ғой», – деген ой келді жас Тоқмағанбетке.
Екі доңғалақты арбасына жегілген атымен жолшыбай ауылдарға қонып, Тоқаң Ерейментаудың батасындағы Сарыоба, Жақып көлдерін басып, қазіргі Кәрібай өзенін жағалай қоныстаған Кәрібай болыстың үйіне ат басын тірейді. Ерейменге аты шыққан, жиырма бес жыл болыстық құрған Кәрібай, сол кездегі өзінің жерлестерін, шонжарларды аузына қаратқан, біліктілігі мол, өзі мың жылқы біткен бай, жомарт, елдің нағыз бетке шығар азаматы болған.
Ол кездері арнайы діни оқу орнын қалада бітірген жастар аз болған. Осы жағдай себеп болды ма, Тоқаң туралы естіген мәліметтері әсер етті ме, әлде ерекше қасиеттерін сезді ме, бойындағы қазақтың қонақжайлылық мінезі арқасында ма, әйтеуір жоғары шенді, аты шулы болыс жас ғалымды құшақ жайып қарсы алады. Құрметті қонағы етіп, екеуі ел жайы, мұсылман дінінің қағидалары туралы көп әңгімелеседі. Кәрібай болыс өзінің ақылдылығымен медресе түлегінің жай адам еместігін танып, түсінеді. Тоқмағанбет болыстың осыншама жыл елді қалай басқара алғандығын білгісі келіп: «Қареке, сіз басқарған еліңіздің өмірі кең жайлауда сияқты, жерлестеріңіздің сый-құрметіне қалай жетіп келесіз?» – деп сұрайды. «Ел басқару үшін халықтың қамын ойлау керек, олардың тұрмыс-жағдайын жақсартуға, малдарына жаз жайлауын, қыс қыстауын жасап беруге ұмтылу қажет, дау-дамайларды ушықтырмай уақытылы шешіп отырған жөн»,– деген тұжырым айтады Қарекең. Сондықтан шығар, бір ғасырдай уақыт өтсе де, Кәрібай болыс халықтың есінде сақталып келеді.
Бұл кісі бар байлығын бетімен шашпаған, бірақ жомарттығымен өзі шыққан Қоскелді руының керек-жарағына көмектесіп отырған. Қолы ашықтығының бір белгісі еліне кетіп бара жатқан Тоқаңа бір үйір жылқы сыйға береді. Жылқышылары малды айнала қаумалап қуып, қонағына ертіп жібергісі келеді. Бірақ, қайыра алмай әлектенеді. Не істерін білмей Тоқаңа келіп айтады. «Тимеңдер, Аллаһтың бұйырған малы болса, өздері де келер», – дейді. Кәрібай болыстың құрметті қонағы арбасына мініп жүре бергенде, соңынан жылқылар еріп кете барған екен. Бұл жылқылар қара ала болыпты, содан болар, Тоқаңның малының түрлері осы түстес болып өсіпті.
Тоқмағамбет жол-жөнекей Ерейменнің тау-жоталарының ішіне кірмей, олардың етегімен шығысқа қарай бет алады. Алдында тізеден келетін шөптері мен мөлдір сулы Қусақ көлі жатыр. Ақмырза, Кедей, Кәрібай өзендері ағындап, біреулері көлдерге құйса, екіншісі Сілеті өзені қайдасың деп жылжуда. Табиғаттың тамашасына ой жүгірткен Тоқаңның есіне сол қапталда қалып бара жатқан Қарағайлы, мен мұндалап тұрған Жау шоқы, Орта шоқылар, Ащылы көл, Қасқат, Абылайша, Тойған көлдер елестеді. Әріректе Қоянды, Қойтас, Сұңқарқия, Жапалақ таулары, Сәңкі көлдері қатар түзеп, Сілеті өзеніне қарай жалғасады. Оң қанатта Ерейменді шеңберлейтін төбелері, көкпен тірескендей Ақдін, Күншалған таулар. Бер жағында Есіргеп төбесі табиғаттың сұлуын таңдап жайлағандай қалың Жолымбет руы, атақты Үмбетей жырау қонысы.
Қоржынкөл, Мәйкөлді, Найзатас пен Төрені басып өтіп, Жуантөбе, Дархан, Кәрітаулардың етегімен Айғыржалға келіп жеткен Тоқаң кеудесін кере тыныстап, рақаттанған еді. Қонысының Айғыржал атануы сол жердегі төбелердің тастары бұйраланып, өріліп қойған керегедей көрінетін. Ерейменнің таулары аласарып төбеге айналып, Өлеңті өзеніне жетер-жетпесте құс тұмсықтанып бітетін. Сондықтан, бұл қыстақты Тұмсық деп те атайтын. Міне, осы өңірде Тоқаңның барлық өмірі өтіп, халқына қызмет етіп, қасиетті хазірет атанды.
Әрине, оңайлықпен халық құрметіне бөлену мүмкін емес. Елдің естелігіне ену, ұрпақтан-ұрпаққа ұлылығын танытатын әңгімелерді жеткізудің негізгі себептері Тоқаңның Аллаһ берген ерекше қасиеттерінде деп білеміз. Діни білімі терең болуымен қатар атамыздың үлкен адамгершілігі, даналығы, бітімгершілігі, сөздерінің нақылдылығы, мақал-мәтелдерге ұқсастығы, орынды, бұлтартпасыз, дөп айтылуы, көріпкелдігі, емшілігі, кіммен болса да тіл табыса білетіндігі, дауыс көтермей майда айтатыны, үлкен-кішіні, бай-кедейді бірдей сыйлауы дара, тарихи тұлға деңгейіне жеткізді. Діни білімі терең болса да жас жігітке елдің имам, молдаларының арасына кіру әжептеуір қиындық әкелді. «Бәрін өзіміз білеміз» деген өктем ойларына көпшілікті сендірген оларға тосыннан, сауатты жастың келуі ұнамады. Жиындарда төменнен ғана орын беріп, әлі де жас екендігін ескертумен болуға тырысты. Осындай бір үлкен жиында шариғат айтысқан сақа молдалар бір сұрақ бойынша келісе алмай, аяғы ырду-дырдуға ұласа бастайды. Бірінің сөзін бірі тындамай әркім өзінің дұрыстығын серпіле айғайласты. Босаға жақта отырған жас Тоқаң сөз алып: «Құранның пәленше бетіндегі сүреде сіздердің сұрақтарыңыздың жауабы анық берілген, ұлы Аллаһтың кітабының қағидаларын оқып, бір тоқтамға келіңіздер», – депті. Не істерін білмей отырғандар айтылған Құран бетін ашып, шындыққа көздері жеткен екен. Бұл уақиға Тоқан хазіретті көпшілікке танытуға, молдалардың мойындауына үлкен әсер еткен көрінеді.
«Болат пышақ қын түбінде жатпас» – дегендей, атамыздың ел ішінде беделі артып, барлық жиын-тойларға қатысып жүреді. Ислам дінінің қағидаларын жерлестеріне тереңінен түсіндіріп, ел бірлестігіне, тиыштығына, келісімді өмір сүруіне өз ықпалын тигізеді. Әрине, көре алмаушылар да, білгірлігіне қызғанышпен қараушылар да болады. Өздерінше тосқауыл қойып, сүріндірушілерге Тоқаң майда, шыншыл сөздерімен жауап беретін болған. Негізінен ел басқарған азаматтар, жалпы халық хазіретті жоғары бағалап, шариғат, ақыл-кеңес сұрайды екен. Ол кісінің келгенін ерекше уақиғаға балап, аттан ақ киізге түсіріп алып жүріпті.
Ежелгі Қанжығалы батыр қарт Бөгенбайдың ұрпағы, көп жылдар бойы Ерейменде болыс болған Олжабай Тоқан хазіретпен жақсы қарым-қатынас жасап, ауылына жиі шақырады екен. Мақсаты хазіреттің аузынан нақыл сөздер есту, ақыл сұрау, ел басқару ісі жөнінде әңгімелесу. Олжекең де өз заманының лайықты азаматы, біліктілігі мол, ақындық деңгейі биік, сөзге шешен болған. Оқымаса да орыс ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударған.
Кітап болып шыққан өлендер жинағының негізгі тақырыбы Ереймен азаматтарына, өзінің өскен, болыстық құрған еліне, әр рулардың жағдайына, табиғаттың сұлулығына арналған.
Болыстың Қоржынкөлдегі ауылына Тоқан хазірет Жуан төбедегі Нияз Жантай батыр қыстағын, Майкөлді, Үштаған тұзын басып, Ордабайды жанай өтіп, Тұқпи қара ағашының жанымен өз жерінің табиғатына бөленгендей болып барады екен. Олжабай мұндай кездесулерге зиялы қауым өкілдерін, имам, молдаларды шақырады екен. Көпшілікпен ой бөліскен қонақтардың тұжырымдамасын атамыз жасап отырыпты. Олжабай ақын Тоқан хазіретті түсінгені сондай, кеңес үкіметінің айдауында жүргенде өлеңіне тиек етіп, ол кісі өлсе де, тірілерден маңызы зор деп суреттейді. Кітапқа жазған ақынның терең ойлары іске асып, қазір көптеген адамдар хазіреттің зиратына тәуіп етіп келуде.
Ереймен тауларының шығыс жақ етегінде Өлеңті өзені ағып жатыр. Өзеннің бір жағын Сүйіндік рулары мекен етсе, екінші жағын Есіргеп, Нияз басқа да Қанжығалы рулары жайлаған. Көп жылдары осы жерде есіргеп Төкім болыстық құрған. Тек байлығымен емес, өзінің адамгершілік қасиеттерімен көзге түсіп, ел басқару дәрежесіне көтерілген. Тоқан хазіретті қатты сыйлап, ерекше құрмет көрсетіп жүрген. Бұл кісі Мәшһүр Жүсіпті жақсы біліпті. Мәшекең көрші ауылдағы нағашыларына келгенде қонақ қылып, Тоқан хазіретпен жиі кездестірген. Әңгімелері көршілес рулардың өмірі жайында, білім, ғылым, шариғат мәселелері қозғалған. Үшеуін де біріктіретін ортақ ой, халықтың жағдайын түсіне білу, оған мүмкіндігінше жайлы ықпал ету.
Мәшһүр Жүсіп Тоқан хазіреттің қабілетін, білімін, жан-жақты білгірлігін жоғары бағалаған. Қонаққа шақырып, ауылдастарымен кездестірген. Бір жиында ауылдас ағайыны қөргеніне көңілі толмағанын көрсетіп: «Қанжығалы Тоқан хазірет деп асқақтатып жүргендері осы ма?» – деп сұрақ қояды. Сонда Мәшекең жұлып алғандай: «Тек отыр, сені бірдеңе соқпасын, алдыңдағы ұлыны бағалай алмасаң, кім болғаның. Терең, тұнғиық судың түбі көріне ме?» деген екен. Тағы бір отырыста сөзуар жерлесі сұрайды: «Тоқан хазірет келіншектерге күле қарайды, қалжыңдайды, мұны қалай түсінуге болады. Мәшһүр Жүсіп жауабында: «Тоқан хазірет сондай пендешілік жасамаса, періште болып көкке ұшып кетер ме еді, кім білсін»,–деп айтыпты.
Халық арасына тараған Тоқан хазіреттің сөздерін тыңдап отырсаң, қиысына келтіріп сөйлеп, турасын кесіп айтпай, үлкен философиялық мәні бар, өзіңді неше түрлі ойға жетелейтінін, мәселенің шешімінің дұрыс жолына сілтейтінін түсінесің. Екі таныс-
тары ренжісіп, төбелесуге дейін барыпты. Сонда хазірет былай деп айтыпты: «Бүкіл жан-жануарлар сыйып жүрген жерге қалай екеуің сия алмайсындар, жөнін өздерің шешіңдер». Туған қызы біреуге тоқалдыққа бармақ болып әкесінен рұқсат сұрапты. «Қызым, бір атқа екі кісі мінген жараса ма?» – деп жауап беріпті.
Бітімгершілік, адамдарды жақындастыру, бірлікке шақыру жолында да атамыз еңбектенген. Малдарының жайылымын бөле алмай екі руласы келіп шағымданады. Сонда хазірет: «Қайсыңның малың көп, соған көбірек жерді пайдалануға рұқсат берген жөн. Ертең малы көбірек өссе, жерді пайдаланғаны үшін аз малы барға төлдерімен көмектескені дұрыс болар. Бұған келіспесеңдер, бұрынғыдай сыйы-
сып, сыйласып өмір сүріндер»,– депті.
Тоқан хазіреттің қасиеттерінің ішінде үлкендер көріпкелдігін айтып, өмірінен бірнеше мысалдар келтіреді. Қыстың басы болса керек, намазын оқып бітірген кезде жылқышысы шауып келіп, аттан қарғып түсіп, жүгіре басып киіз үйге асыға-аптыға кіреді. Жылқының ішінен екі ту биелер жоғалып, таба алмай жүргенін баяндайды. Тоқан: «Ә, солай ма, көрші ауылға тезірек бар, үлгерсең құтқарарсың, үлгермесең олар сойып алар»,–деп жөнін айтыпты. Жылқышы атымен шауып барса, расында, арқанды, пышақтарын қайрап, биелерді союға дайындалып жатыр екен. Тоқаңның айтқанын естіп қорыққаннан биелерді босатып қоя беріпті.
Күз уақыты болса керек. Ауылдастары көкке қарап «Тоқаң сіз құстардың тілін біледі» – дейді, анау қаңқылдап оңтүстікке ұшып бара жатқан қаздарды қондырыңызшы» – деп, сынайды. Хазірет: «Оларды жолдарынан қалдыруға болмайды, дегенмен, аздап дем алам десе қонар», – депті. Айтқанындай, құстар бір айналып қонып, ұшып кетіпті. Мұндай уақиғалар халық арасында көп айтылған. Жасымызда Тоқаңды көзімен көрген әкелеріміз бен аналарымыздан, өсе келе қариялардан, ақсақалдардан естіп жүрдік. Бірақ, қағаз жүзіне түспегесін, біраз әңгімелер ұмытыла бастаған сияқты. Дегенмен, Тоқан хазіреттің зиратының басына қонып, құран оқып, ауруларына жеңілдік іздегендердің қатарлары кемімей, қайта көбейе бастады. Келушілерге жағдай жасау үшін хазіреттің шөбересі Қайролла Есетұлы бастап үй салып, жабдықтармен қамтамасыз етті.
Осы үйдің ашылуында біраз адамдар сөйлеп, бұл істі құптады. Сол жиыннан Ерейменнің ақсақалдарының бірі, бұрынғы аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Балкен Омаровтың сөзі есімде қалыпты. «Ауданға облыстық партия комитетінің тапсырмасымен келген уәкілді қой отарларын аралаттым. Қайтып келе жатқанда Тұмсықтағы Тоқан хазірет зиратының жанынан өттік. Уәкілге – тұрғындар мына зираттың қасынан құран оқымай өтпейді. Әйтпесе бір қиыншылыққа кездесуіміз мүмкін – дедім. Бірақ, облыстың қызметкері мені тыңдамады. Күн ашық, жүргізуші бір шалшықты айналып өтем дегенде, машинаның бір доңғалағы суырдың ініне түсіп кетті. Алдыңғы, артқы доңғалақтары бірдей тартатын ГАЗ-69 сол ордан шыға алмады. Алдымыздағы шопандарға жаяу барып, көмек сұрадық. Машинаны шығарғанша күн де батты. Шопандардың үйіне қонып, құранымызды оқып, ертең таңертең бірақ қайттық. Мен мұны аруақты сыйламағандықтан деп ұғынамын».
Жыл сайын Тоқан хазірет атамыздың басына жанұяммен барып, зиярат етіп жүремін. Көп адамдармен кездесіп, тағдырларынан әртүрлі мәлімет аламын. Бір барғанымда: үйдің ішінде шай ішіп отыр едік, бір жас жігіт амандық-есендік жоқ кіріп келіп, дастарханға отырды. Тамағын тез ішіп, сыртқа шығып кетті. Сәл уақыттан кейін оны іздеп орта жастағы туысы кірді. Далаға шықсақ, олар молдасымен үш кісі екен, дереу әлгі жігітті іздеп жан-жаққа тарады. Сөйтсек, жас жігіттің есі кемдеу екен, көрші шопандарға: «вертолетпен келгендігін айтып, тағы самолетпен кісілер келіп, қонуға тиістілігін» баяндайды. Туыстары тауып алып, модасымен бірге хазірет зиратының басына бірнеше күн қонып, ауруынан айығыпты.
Тағы бір барғанымда, орта жастан асқан әйел қасында жігіт болған баласы, құран оқитын молдасы үшеуі келді. Өз әңгімесінде Ерейментау қаласының тұрғыны екен, баласы әскерде басынан ұрғаннан сөйлемейтіндей дімкәстеніп келіпті. Туыстарының ұйғарымымен, Тоқан хазірет басына әкеліп түнетіпті. Содан баласының тілі шығып, сөйлеп, қуантады. Бұл келісі екінші рет, ауруы қайталамауы үшін әкелген екен. Мен сол жас жігітпен сөйлестім, өзі жуас, ойы, сөзі бәрі дұрыс болып көрінді. Аруақ қолдасын деген қазақтың батасы тегін айтылмаған.
Өткен халқымыздың тарихын біліп, ұлы аталарымызды ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – зиялы қауымның бұлтартпас міндеттерінің бірі. Жоғарыда айтқандай, Тоқан хазіреттің Аллаһ берген қасиеттерін естеліктерде ғана емес, кітап бетіне түсіру керектігі замана талабы. Бұрынғы берілген азды-көпті мағлұматтармен бірге, іздену керек болды. Хазірет шөбересі Қайролла Тақтыбаев, журналист, зиялы азамат Мұрат Абдрахманов үшеуіміз Ақмола, Павлодар, Омбы облыстарына барып, Ереймен ақсақалдарымен кездесіп, әжептәуір жұмыс атқардық. Мәшһүр Жүсіп, қожа Жандарбек ата кесенелерінде болдық.
Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп зиратына барғанымызда, ерекше бір жағдайларды басымыздан өткіздік. Екібастұз қаласынан 60-70 шақырымдай жер жүріп, бір қыраттан түсе бергенімізде, сол жақта бір жалғыз ақ үй тұр екен. Ішіне кіріп, құран оқыдық. Дәл осы жерде Мәшекеңнің қонысы болған екен. Жанында ағып жатқан мөлдір бұлақ. Үйден шыға бергенімізде, бір керемет жаңбыр шелектеп құя салды. Машинаға әрең жетіп, келесі қырдың басындағы қасиетті атамыздың үлкен қылып салған кесенесіне кірдік. Құран оқып, біраз кідірдік, бәріміз ойға шомылдық. Сол уақытта қырықтан жаңа асқан балам Әділ кеудешесінің бушлатын көтеріп киді. Бұл маған ерсі көрінді. Далаға шықсақ, бағанағы жаңбыр тез басылып, күн жарқырап тұр. Мұндай табиғаттың құбылысы дәл осы орында қалай болғанын тегіннен-тегін еместігін түсінгендей болдым.
Кесенеден шығып тастарға қашап жазылған Мәшһүр Жүсіп өлеңдерін оқыдық. Қара мәрмәрға жазылған ол кісі туралы деректерді оқып тұрғанда, Әділ тағы да бушлатын киді. Жолшыбай баламнан неге екі рет бас киімін кигенін сұрадым. Ол бір энергетиканың басына қатты әсер еткенін айтты. Дәл солай екеніне дәлелін сұрадым. Әділ қолын ұсынды. Баламның қолын ұстасам, ып-ыстық екен. Сонда ғана әлгі ғажапқа сенуіме тура келді.
Мәшһүр Жүсіп қайтарының алдында туыстарын шақырып, ас беріп, өзінің қай уақытта өмірден озатынын айтқан. Ақыретке орап, денесін көмбеуді сұрайды. Жиырма алты жыл ашық жатқан денесі бұзылмай жатады. Кейін кеңес үкіметінің белесенділерінің бұйрығымен зиратты қиратып, денесі жерленеді. Бірақ, осыған қатысқан адамдардың тағдыры қиындыққа кездесіп, кейбіреуі қайтыс болды. Өмірде қатар жүрген Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан хазірет аталарымыздың ұлы Аллаһтың арқасында дарыған қасиеттерін ерекше сыйлау, зираттарына тәуіп еткен адамдардың ағыны азаймауға тиіс.
Омбы облысына барған сапарымызда Қайролла Әсетұлы 750 шақырымды шайқалтпай жүріп, әңгіме барысында аталары туралы көп деректер білетінін танытты, олардан дарыған ұнамды қасиеттерінің барын білдірді. Мұрат Мұсайбекұлы қаламы жазғыш, өзінің алғырлығын, өмірден алған тәжірибесінің молдығын, шешенше шешіліп орынды сөйлеп, мәселенің байыбына бара алатынын білдірді.
Алыс жол жаңа машинаның жылдамдығына төтеп берді, таңертеңнен кешке дейін жүріп, діттеген жерімізге жеттік-ау, әйтеуір. Бұрынғы аталарымыз қалай шыдаған екен. Кеше ғана тарихтың шындығын ойыңа түсірсең, бұл жол бір жағынан қайғылы, қанды жол, екінші жағынан, қуаныштың, өлімнен көп адамдарды құтқарған жол. Олай дейтініміз, Кеңес мемлекетінің жергілікті басшысы Голощекин жиырмасыншы жылдардың аяғында, отызыншы жылдардың басында күн көрістерінің негізгі болып отырған қазақтардың бар малын тартып алды. Бұл қатты ашаршылыққа әкеп соқтырды. Мыңдаған адам аштықтан қырылды.
Қызылжар қаласын басып, басқа да жолдармен кеңшілікте отырған жұртымыз Омбы облысына, көбінесе жаяулап, ығысты. Ашаршылықтан әлсірегендері қайтыс болып, аман қалғандары өліп-талып Омбыға жетті. Осында келген соң еңбектеніп, мал ұстап, көбі аман қалды. Солардың ішінде менің әкем Дүйсенбек, анам Сақыпжамал, атам Бекмұхамбет ағаларым Сапарбек, Қабдрашит болыпты. Айтқан естеліктері құбыжық ертегіге ұқсайтын. Бертін тұрмыс-жағдайлары түзеле бастаған соң, қазақ көші осы жолмен елге қайта жылжыды. Бұл қуаныш жолы болмағанда, немене?! Аңсаған, армандаған ата қоныстарына қайта оралып, жаңа жағдайда өмір сүре бастаған аталарымыз біздей ұрпақ қалдырды.
Кеңес үкіметінен қорқып, елге оралмаған жерлестеріміз де аз болған жоқ. Тоқан хазіреттің баласы Ақажан қалпе Называев ауданында тұрып қалды. Қатал кезеңнің зардаптары және қалпе туралы Қайролла Есетұлының жездесі Ысқақ Шахимов пен апасы Гүлжауар әсерлеп, әңгімелеп берді.
Ақажан қалпе мұсылман дініне қатты берілген, білгірлігі мол, көптеген дара қасиеттерінің арқасында үлкен беделге ие болған екен. Жалғыз баласын машина басып кеткесін, өмірінің екінші жартысын Құран қағидаларын терең игеруге ұмтылып, шымылдықтың ішінде, тек қана ұлы Аллаһтың кітабын оқуға арнапты. Емшілік мүмкіндіктерін жергілікті халық пайдаланып жүріпті. «Молдасың» деп түрмеге қамағанда жабылған есіктің кілті осы кісінің қасиеттілігінен өзінен-өзі ашылып қалып отырған.
Қалпеміздің зиратының басында құран оқығанда тағы таңғаларлық жайтқа кездестік деп ойлаймын. Ақажан қалпенің қабірі жермен жексен болғанымен, адам қолымен отырғызбаған, өзінен-өзі жеті ақ қайың өсіп тұр, баласының қабірінде – үш қайың өскен, ағасының бейітінің басында – жалғыз жуан қайың бар. Ақсақалдардың айтуынша, бұл ағаштың жапырақтары күзде бүкіл орманның жапырақтарынан кеш түсетінін ғажапқа балап жеткізді.
Омбы қазақтарының салт-тұрмыстарымен танысқанда олардың бауырмалдығы, бірін-бірі қолдап-сыйлайтындығы, жүректерінің кеңдігі, қонақжайлылығы, дінге берілгендігі көңілімізге ұнады. Қашықтау даладағы аталарының басына құран оқып, соғыстан қайтыс болғандарға есімдерін жазып мәрмәр тақта орнатып, үлкен тойға ұластырып, киіз үй, палаткалар құрып, ас берді. Аудан басшылары қатысып, сөз сөйледі. Тағы бір көргеніміз – Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендері көбіне орысша аталады екен. Біз өткен Омбы облысының үш ауданының екеуінің атауы Есілкөл, Туқала. Ауылдарының атаулары: Суыл Терек, Кегентай, Қожа, Алғабас, Қанжығалы, Есіргеп, Керей, Қараң қарал, Қарауыл, Қараман және Омбы қаласында Қаржас атаулы шағын ауданы бар.
Негізінен Қайролла Әсетұлының жездесі Ысқақ Шахимов Омбы облысының қазақтарының өмірінен көп деректер біледі екен. Әсіресе, Қожа руының осы жаққа ертеде келіп қоныс тепкенін, қилы-қилы замандарды басынан өткізгенін әдемі, жан-жақты әңгімелеп берді. Бірақ, бір кезеңдерде ел арасына іріткі жасап, бағындыру мақсатындағы Кеңес үкіметі саясатына еріп қожалардың арасында қырғи-қабақ болып, арты үлкен дау-дамайға айналады.
Осы бір қиын жағдайда Ақажан қалпені көндіріп Ерейментауға көшіріп әкетуге руластарынан екі ақсақал келеді. Есімдері есте сақталмаған соң мен олар Көшербай мен Тәти ақсақалдар ма деп топшылаймын. Дегенмен баласы, жұбайы, ағасы сол ауылда жерленгесін, сол аймақ ерекше құрметке бөлеп, сыйлап отырғасын Ақажан қалпе көшуге қарсылық білдіреді.
Әңгіме барысында келген аталарымыз осы ауылдан бір шаңның ұйытқысы шығып тұрған себебін сұрайды. Қалпе ауылдан тыныштық, түсіністік кетіп, екіге бөлініп араздасып жүргенін жеткізеді.
Ерейментаудан келген есіргептер оларды татуластыру үшін беделді адамдарды шақырып мәселенің мән-жайымен танысады. Қанша үгіттесе де көнбеген соң бір мысал әңгіменің мәнін баяндайды.
Баяғыда дәуірі жүріп, не ішем, не кием демейтін қазынасы алтын, күміске толып бірнеше айдай сұлу әйелдері бар хан өмір сүріпті. Ақылғой, айтқанын екі еткізбейтін, жағынуды да теріс көрмейтін уәзірі болады. Бірде екі уәзірі көшеде өтіп бара жатып әйнектің алдында айнаға қарап шашын тарап тұрған сұлу әйелге көздері түседі. Сұлуға сүйсіне қараған уәзірлер ойға шомып, кейін өзара ақылдасып, кім екенін білген соң ханға барады.
–Ханеке, біз аспандағы айдай сұлу бір әйелді көрдік. Ол тек сізге ғана жар болуға лайықты, күйеуі қарапайым батыр адам.
–Жұбайы бар, некеленген әйелге қалай үйленем ұят қой, шариғатқа да, табиғатқа да жатпайды,–депті хан.
–Біз ретін тауып қойғанбыз, көрші елмен үлкен соғыс жүріп жатыр ғой, соның нағыз қауіпті, жан алысып, жан беріскен ортасына әйелдің жұбайын жіберейік, сонда өлім құшар,–депті уәзірлер.
Айтқандарын істеп, уәзірлер қанды соғысқа жіберген батыр қаза табады. Шәйіт болып, Алланың жазуымен жұмақтан орын алады. Сұлу әйел жесір қалған соң хан оған үйленеді. Уәзірлер ханға айтқандарын істеткендеріне мәз болып, жасаған қиянаттарын ескермейді.
Жылдар жылжып өтіп, заман талай өзгерістерге ұшырайды. Хан қартайып, биліктен кеткесін ойына батырды зияндықпен өлтіріп, әйеліне үйленгені түсін мазалай берді. Түнде ұйқы, күндіз күлкі, қуаныш көрмей азапқа түседі. Кешірім сұрайын десе батыр өлген. Дегенмен оның бейітін тапқызып, басына түнеп жүреді.
Бір күні түсіне жұмақ кіреді. Үлкен әдемі қақпаның жанында күзетшілер тұрады. Хан оларға осында жатқан батырды жіберулерін сұрайды. Шәйіт болған батыр келеді. Хан тізерлеп тұрып өзінің үлкен қиянат, күнә жасап әйелін алғаны үшін одан кешірім сұрайды. Ханның айтқандарын ескермей батыр кетіп қалды. Жұмаққа қарай бет алып кірейін десе қақпа жабық, кіре алмайды. Менің кешірмегенім де күнә екен деп топшылап ханға қайта барып кешірім жасаған екен. Қайта жұмаққа барса қақпа ашық тұр екен, бұрынғы орнына барады…
Бұл мысалдың маңыздылығын Ақажан қалпе түсіндіре келіп былай дейді: «Мұсылмандар шариғат қағидасымен өмір сүруге тиісті. Елдің елдігін сақтайтын, туыспен туысты жақындататын ол кешірімділік. Кешірімді адамның жұмысы да жүреді, өмірі де жақсарады. Сіздер бір рудың азаматтарысыздар, бірлік пен түсіністік орнаса – бұл ұрпақтарыңызға үлкен әсер етуі сөзсіз». Қожаның азаматтары осы тұжырымды түсініп, татуласқан екен. Бүгінгі жайлы өмірлері сол шешімнің де жалғасы шығар.
Тоқан хазірет, Ақажан қалпе аталарымыздың аруағы арқасында бірталай азаматтармен танысып, жаңа деректер таптық. Бұл шара уақытылы қолға алынды деп ойлаймын. Өйткені, әрі қарай көп құнды мәліметтер ұмытылып барады екен. Қолымызға алған істерімізге бір Аллаһ жар болсын.
Ереймен өңірінің азаматтары көптеген мағлұматтар, фотосуреттер берді. Осы азды-көпті ізденісіміз іске асқанда, келесі ұрпақ тұғыры биік, ғұлама ғалым, ислам дінін елге таратушы қасиетті Тоқмағамбет хазірет Домаұлының ұлағатты өмірінен, ойларынан, шешендік сөздерінен тәлім-тәрбие алып, мұсылман дінін ұстап, елін көркейтуге еңбек етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сайлаубек Байболов,
қоғам қайраткері, еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар