Алтын қолды дәрігер

Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, ортопед-травматолог, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі Владимир Цойдың есімі облыс жұртшылығына жыға таныс. Оның шипалы қолын сезінген науқастар «Алтын қолды дәрігер» деп ағынан жарылады. Өздігімен еркін қозғала алмай қалған, жамбас және тізе буынымен ауыратын науқастардың көпшілігі осы дәрігердің көмегіне жүгінсе дертіне дауа табатынына сеніммен қарайды.

Себебі, айтулы ақ халаттының еселі еңбегіне елі дән риза. Владимир Алексеевич соңғы бес жылдың ішінде Астана қаласында, Германия, Корея елдерінде өткізілген шеберлік сыныптарына, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, өз тәжірибесін ортаға салып, пікір алмасуда. Осының өзі дәрігердің жоғары біліктілігін, өз ісінің шебері екендігін аңғартса керек. Біз таяуда отыз жылдан астам бір мекемеде табан аудармастан еңбек етіп жүрген шипалы қолды дәрігермен кездесіп, сөзге тартып, әңгімелесіп қайттық.

–Владимир Алексеевич алдымен жұмысыңыз жайында айтып кетсеңіз. Бала кезден дәрігер болуды армандадыңыз ба?
–Негізі мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Жоғары сыныптарда оқып жүрген кезімде, дәрігер болсам деп ойлана бастадым. Оған фтизиатр дәрігер әпкем себеп болды. Мектепті тәмамдаған соң, 1978 жылы бұрынғы Целиноград медицина институтына түсіп, оны 1984 жылы «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Оқуымды бітіргеннен кейін көпсалалы Ақмола облыстық ауруханасына жұмысқа орналастым. Содан бері осында еңбек етіп келемін. Жалпы, еңбек өтілім 34 жыл. Қазіргі таңда осы аурухананың 2017 жылғы 15 желтоқсан күні ашылған ортопедия бөлімшесін басқарамын. Бұрын 2005 жылдан бастап травматология бөлімшесін басқарғанмын. Қазіргі уақыттың талабына сай арнайы мамандандырылған бөлімшелер керек. Яғни, протездеу болса, онымен бөлек бөлімшеде айналысу қажет. Ал, травматология ол өткір жарақаттармен айналысатын бөлімше. Олардың спецификасы басқа. Сол себепті, ортопедия травматологиядан бөлініп, жеке бөлімше болып қалыптасты. Негізі ортопедия өте күрделі сала. Мұнда біз эндопротездеу – ірі буындарды, яғни, тізе және жамбас буындарын протездеу, артроскопия – тізе және иық артроскопиясы, сонымен қатар, табан патологиясына ұшыраған науқастарға ота жасаймыз. Алғашқы эндопротездеу отасын 2007 жылы жасаған болатынмын. Емделушілеріміздің 90 пайызы 50-60 жастан асқан азаматтар мен азаматшалар. Биыл 120-дан астам эндопротездеу отасы жасалынды.
–Эндопротездеу отасынан кейін науқастарды оңалту процедурасы қалай өткізіледі?
–Бастапқы оңалту процедурасы бізде бөлімшеде өтеді. Кейін келіп амбулаторлық емделіп тұрады немесе біздің оңалту бөлімшемізде емделуін жалғастырады. Жалпы, оңалту процедурасы 2-3 айдай болады. Бірақ, әр адамның өзіне байланысты. Әр адамның ауруға сезімталдығы да әртүрлі ғой.
–Артроскопия дегеніміз не, оның түрлері қандай?
–Артроскопия – бұл бірнеше буын топтарының диагностикасы мен емделуі үшін жүргізілетін қазіргі заманғы хирургиялық процедура. Оны инвазиялық хирургияның әдістеріне жатқызады, яғни, кесусіз ота жасау. Оның бірнеше түрі бар. Біріншісі, ол тізе буындарының (менисктің) артроскопиясы. Менисктің үзілуі кезінде науқастың сіңірлерінен жасалынған трансплантаттар пайдаланылады. Иық буынының артроскопиясы спортшыларда жиі кездеседі. Ал, жай адамдарда иықтың шығып кетуі, буынның тұрақсыздығы. Бұдан басқа жамбас, шынтақ табан буындарының артроскопиясы жасалады.
Адамның жанына араша болу үшін, ең әуелі өз кәсібіңді шексіз сүю керек. Одан кейін адалдық пен төзімділік, жауапкершілік пен мейірімділік қажет. Ал, ең маңыздысы, дәрігердің қателік жасауға құқығы жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Салтанат ДОСЕТОВА.
Суретте: Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Владимир ЦОЙ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар