Бөгенбай би мазары

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жасалған шаралардың нәтижесінде біздің Ақмола – Көкшетау өңірлері бойынша республикалық және облыстық киелі орындар тізімі жасалған болатын. Біз бүгін өз оқырмандарымызды Зеренді ауданындағы Бөгенбай би мазарымен таныстырып отырмыз.

Кенесарының хандық құрып тұрған кезіндегі данагөйлігінің арқасында қырғыз бен қазақ арасындағы бір үлкен дауға арашашы болып барған тапқыр атамыз. Бөгенбай би ханның кеңесшісі және сенімді өкілдерінің бірі болған. Бөгенбай би шешендік өнер мен соғыс тәсілдерін жетік меңгерген. Ол осы шеберлігімен туған жеріне шапқан жауларды жеңе білген. Халық оны өз жерінің қорғаушысы деп таныған. Шешен, би, қолбасшы, Әз деген атақ берілген атамыз. Бөгенбайлардың ішіндегі данагөйлігі, тапқырлығы мен ел арасындағы асқан беделінің арқасында Әз, Көмекей атына ие болған Бөгенбай Құттықадамұлы 1761 жылы Зеренді ауданының Лосевка деген жерінде дүниеге келіп, сонда жерленген. Абылайды көзі көрген, Кенесары ханның батырларымен үзеңгілес болып, талай ұрыс-тартыстарда ел арасындағы шешілуі қиын түйіндерді тілге тиек еткен шешен, сөздің майын тамыза сөйлей алған тапқыр, көріпкелдігі бар, дуалы ауыз, жаужүрек батыр болған дейді тарих.
Халық алдында беделі үстем болғандықтан, ақылгөй, данагөй Бөгенбай деп те атаған. Атамыздан тараған ұрпақ осы күні Айдабол, Бөгенбай, Сандықтау жерлерін қоныстанған. Бабамыздың өз ұрпағы Жарылғап батыр, Шауыпкел, Төлебайлар ел үшін жанын отқа салған батырлар. 2007 жылы Лосевка елді мекенінің аты Бөгенбай биге ауыстырылды. Мазары Зерендіден оңтүстікке қарай 25 шақырым, Көкшетаудан 72 шақырым, Астанадан солтүстік-шығысқа қарай 372 шақырым жерде, Айдабол өзенінің оң жағалауына қарай орналасқан.
Бөгенбай би 19 ғасырда өмір сүріп, 105 жасында дүниеден өткен. Көріпкелділіктің арқасында әулие қатарына қосылған. 2006 жылы Зеренді ауданы Бөгенбай би елінде Көмекей Бөгенбай би мен Тоғайұлы Әз батырға арналып, биіктігі 7 метр қызыл кірпіштен салынған мазар тұрғызылды.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *