«Оқжетпес»– чемпион!

Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы чемпионат аяқталуға бір тур қалғанда бірінші лигадағы ел біріншілігінің алтын медалін жеңіп алды.

Бұл – жерлестеріміздің өз алаңында «Тараз» командасын қабылдаған тартысты ойынынан кейін белгілі болды.

Бұл екі клуб та өткен 31-інші турда келесі маусымда Премьер-Лигада ойнау жөніндегі міндетті шешіп қойған болатын. Енді тек бірінде 68, екіншісінде 66 ұпай бар қос команданың чемпионаттың алтыны үшін бір-бірімен күш сынасуы ғана қалған.
Бұл ойын өткен сенбі күні Көкшетауда өтті. Өзі аттас стадионда ақмолалық футболшылар біріншіліктің 32-інші турында нақ осы «Тараз» клубын қабылдады. Жерлестеріміз үшін бұл ойынның шешуші матч екендігін білген жанкүйерлер де бұл күні стадионға бұрынғыға қарағанда, көптеп жиналды. Кездесу күткендегідей тартысты басталып, екі жақтың алма-кезек шабуылымен өрбіп отырды. Дегенмен, ойынның бірінші бөлігінде тараздықтар жинақы ойнап, біздің қақпашы бірнеше рет қақпаға төнген қауіптің бетін қайтарды.
Тараздық футболшылардың ойынға бұлай барын салуы түсінікті де еді. Осы жолы олар сырт алаңда «Оқжетпеске» тойтарыс беріп, үш ұпай олжалап кетсе, келесі турда өз алаңында бірінші орын үшін күресуге мүмкіндіктері бар болатын.
Алайда, үзілісте бас жаттықтырушы С.Попковтың берген ақыл-кеңесін көкейлеріне түйген болуы керек, екінші таймда ойын өрнегі жерлестеріміздің пайдасына шешіліп сала берді. Сөйтіп, кездесудің 61-інші минутында қарсыластарының айып алаңындағы қарбаласта «Оқжетпестің» биылғы чемпионаттағы басты сұрмергені Никита Баженов қақпаны дәл көздеді. Осыдан кейін ойынның қалған уақытында оқжетпестіктер есепті еселеуге, ал, қонақтар теңестіруге күш салғандарымен, таблодағы 1:0 есебі өзгермеді.
Мұның өзі Көкшетаудың «Оқжетпесі» бірінші лигадағы биылғы ел біріншілігінің жеңімпазы деген сөз еді. Осының куәгері болған жанкүйерлер қуанышында шек болмады. Оларға осы шаттықты сыйлаған алаңдағы ойыншыларымыз, жаттықтырушылар штабы мен қосалқы құрамдағы футболшылардың қуанышы да болса-болмасын түсінікті. Ең бастысы, чемпион атануымен қатар, жерлестеріміз келесі маусымда жоғары топта, яғни, Премьер-Лигада ойнайды. Бұл – ақмолалық барша жанкүйерлердің маусым басталар алдындағы армандары мен футболшыларымыздың алға қойған мақсаттарының ойдағыдай орындалғандығы.
Ойыннан кейін «Оқжетпес» клубының мүшелері де, жанкүйерлер де біразға дейін тарқамады. Жасыл алаңда чемпиондарға құрмет көрсету рәсімі өтіп, клуб директоры Ерлан Бөтембаев команда капитаны Ренат Абдулинге чемпиондықтың бас жүлдесін тапсырды. Ал, жаттықтырушылар құрамы мен ойыншылар өздерінің алтын медальдарын 8 қарашада жерлес футболшылармен өтетін жанкүйерлер кездесуінде алады. Оған дейін жерлестеріміздің өз алаңында чемпионаттың соңғы турында «Ақтөбе жас» командасымен бір кездесуі бар.
Біз де араға бір жыл салып, жоғары топқа қайта оралған «Оқжетпес» футболшыларының осы бір толайым жетістігіне қуана отырып, еліміздің бетке ұстар клубтарымен бірге ойнау оңай соқпайтын жаңа маусымда командамыз тек биіктен көрінсін дейміз!
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар