Қорғалжындағы халық театры өз көрерменімен қайта қауышты

Қорғалжын ауданында талантты актер, дарынды режиссер, өнерімен көрерменді тәнті қылатын тума талант иесі Қалимұса Құсайынов

жетекшілік ететін Қорғалжын халық театрының атағы өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары, Ақмола облысынан тыс жерлерге де мәлім болатын. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, Қалимұса Құсайынов ауылдарды аралап, музыкаға, ән мен күйге бейім, жалпы, өнерге жақын талантты жастардың басын қосып, олардың шеберліктерін шыңдауға күш салатын. Соның нәтижесінде қарапайым жұмысшылар мен ұстаздардан, басқа салаларда еңбектерімен нәпақаларын тауып жүрген қыз-жігіттерден құрылған ұжым «Халық театры» атағын алған еді.

Ұзақ жылдар бойы елге танымал болған аталмыш ұжым кейіннен талантты актер Сапар Оразалин жетекшілік еткен жылдары да «Халық театры» атағын әрдайым абыроймен қорғап келді. Өкінішке орай, Сапар Оразалин жасының келуіне және денсаулығына байланысты жұмыстан қол үзген соң театрдың жұмысы тоқтап қалған еді. Енді міне, Қалимұса Құсайынов атындағы Қорғалжын халық театры көрермендерімен қайта қауышып, өз жұмысын бастап кетті.
Жуырда жас режиссер Раушангүл Исмағұлова ақын Сайлау Байбосынның драматургия жанрындағы алғашқы туындысы – «Мылтықсыз майдан» атты пьесасын сахналап, көрерменге ұсынды. Сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, ондағы күйеулері майданға аттанған әйелдер мен балалардың қиындыққа толы өмірін, «бәрі майдан үшін» деген ұранды желеу етіп, әйелдерге, елдегі кәрілер мен балаларға қоқан-лоққы көрсететін шолақ белсенділердің, жемшөптің тапшылығынан өлген бес сиыр үшін ферма меңгерушісін бес жылға соттап жіберуге бейім биліктің өктемдігін суреттейтін туындыны сахналаудағы Раушангүл Исмағұлованың біліктілігі байқалып тұрды. Жалпы, кез келген пьесаны сахналау кәсіби режиссерлерге де, ондағы образдарды сомдау кәнігі әртістерге де оңай шаруа емес. Сондай-ақ, кәсіби театрларда режиссердің қажетті актерлерді таңдауға мүмкіндігі мол болса, халық театрында актерлерді ауылдағы жігіттер мен қыздардың ішінен іріктеуге тура келеді. Яғни, халық театры режиссерінің жұмысы екі есе ауыр деген сөз. Енді осыған сахнаны туындыға сай безендіруге қажетті реквизиттер мен басқа да құрал-жабдықтардың, образдарды сомдайтын актерлерге керек киімдердің, басқа да мәселелердің жетіспейтіндігін қоссақ, Раушангүл қарындасымыздың өз иығына қаншама ауыр жүк артқандығын пайымдауға болар. Міне, осындай қиындықтарды жеңе біліп, актер болмаса да, сахнада өзін еркін ұстап, режиссердің тапсырмасы мен талаптарын шама-шарықтарынша орындай білген халық театрының мүшелері спектакльді өз деңгейінде алып шықты деуге толық негіз бар.
Сайлау Байбосынның бұл туындысына Қорғалжын өңіріне белгілі тұлға, «Құрмет» орденінің иегері, биология ғылымдарының кандидаты Бостан Шахмановтың соғыс жылдарындағы өмірінің бір кезеңі арқау болған екен. Сол екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы Қорғалжын ауданының бір шағын ауылында дүниеге келген қаршадай Бостанды да айналып өтпеген. Міне, сол баланың басынан өткен өмір сынағын суреттей отырып, автор қазақ даласын да шарпыған сол бір зұлматтың бір сәтін көрсетуге тырысқан екен.
Спектакльді тамашалауға Астанадан арнайы барған Бостан Сәбитұлы ақсақал да, онымен ере барған басқа да азаматтар ауыл өнерпаздарына, спектакльді қоюшы режиссерге, пьесаның авторы Сайлау Байбосынға да ризашылықтарын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Жалпы, жоғарыда айтып өткеніміздей, Қорғалжындағы Қалимұса Құсайынов атындағы халық театрының қандай да болсын туындыны сахналауға мүмкіндігі бар екендігін байқадық. Ол үшін жас та болса өзінің біліктілігін таныта білген Раушангүл Исмағұлованың, сахна мәдениетін біршама игерген жергілікті өнерпаздардың шеберліктері жеткілікті. Ендігі мәселе – аудан басшылары, оның ішінде мәдениет саласына жауапты адамдар тараптарынан жан-жақты қолдау қажет-ақ. Сайып келгенде, бүгінде елімізде қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру дегеніміз осындай игі бастамалардан, мәдениетке, салт-дәстүрге, рухани байлығымызға деген оң көзқарастардан бастау алады. Жоғарыдан ешқандай нұсқау күтпей-ақ, өз күштерімен Қалимұса Құсайынов атындағы халық театрының дәстүрін жалғастырып, жергілікті өнерге бейім жандардың басын қосып, кейінгі уақытта сәл босаңсып кеткен театр жұмысын жандандыруды қолға алған ұжымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл арада тек аудан ғана емес, облыстық деңгейдегі билік өкілдері, оның ішінде мәдениет пен өнер саласына жауапты азаматтар Қалимұса Құсайынов атындағы халық театрын назарға алады деп сенеміз.
Талғат ҚАСЕН,
«Арқа ажарының» меншікті тілшісі.
Қорғалжын ауданы.
Суретте: спектакльден көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар