Қосбармақ атауының тарихы

«Ақан Құрманов» серіктестігінің аумағында орналасқан Қосбармақ ауылында Ұлы Отан соғысына қатысып,

Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Ақан Құрманов дүниеге келген. Сондай-ақ, бұл ауылда Еңбек Ері, атақты сауыншы Сара Құрманова туды.

Жаздың шырайлы күндерінің бірінде жолымыз түсіп, Қосбармақ ауылына бардық. Ауыл ақсақалы Теміржан Тасыровқа жолығып, ауыл атауының тарихы жөнінде айтып беруін сұрадық.
–Ауыл атауы ерте заманда осы жерге Көкшетау өңірінен келген батырмен тығыз байланысты. Ол Шабан-Шорман байдың қызын алып қашады. Қайын-жұртына қонаққа келген батырды қайнағалары құшақтамақ болып, пышақ сұғып жазым етеді. Батырды сол қаны тамған жерге жерлейді. Батырдың есімі Қосбармақ болса керек. Оның зираты қоршалып, басына құлпытас қойылған болатын. Осы ауылға қоныс тепкен Сәден деген кісі зираттың тастарын үйдің іргетасына пайдаланды. Сөйтіп, батырдың жерленген жері төмпешік болып қалған,–деді ауыл ақсақалы. Ал, біздегі мәлімет бойынша Қосбармақ ауылының атауы Қарауыл руынан шыққан Байқадам батырмен тығыз байланысты. Тарихқа жүгінер болсақ, Байқадам Кенесары хан бастаған көтеріліске қатысушы Арлан және Шамай батырлардың әкесі Сәукенің бауыры болып келеді. Байқадам Атбасар өңірінің тумалары Шабан-Шорманның қызы Асылтасты алып қашады. Бірер уақыттан соң Байқадам қайын жұртына бармақ болады. Бірақ, бұл сапардың ері үшін қайғылы боларын сезгендей, Асылтас қарсылық білдіреді. Өйткені, әу баста Асылтастың ағалары бұл шаңырақтың құрылуына риза емес еді. Бірақ, Байқадам бір беткей мінез танытып, ақыры қоярда қоймай Атбасар жеріне барады. Бірақ, бұл Байқадам үшін өмірінің соңғы сапары болған еді. Себебі, әйелінің ағалары сәлем бермек болып, ту сыртынан пышақ сұғып алады. Сонда батыр: «Қап, Асылтасты бекер тыңдамаған екенмін» – деп, бір бармағын тістеп бір жаққа, екінші бармағын тістеп, екінші жаққа лақтырған екен,– дейді көнелерден қалған әңгімелерде. Батыр сол жерге жерленіп, ауылдың атауы содан бері Қосбармақ аталыпты. Сол кезде Асылтастың аяғы ауыр екен. Ағаларының кесірінен жесір қалған Асылтас әкесінің ауылында дүниеге маңдайы торсықтай ұл әкеледі. Бірақ, ағаларына өкпелі Асылтас қазалы ауылда ұзақ қалғысы келмей, баласын алып, Кенесары ауылына жол жүреді. Жастайынан жетім қалған ұлын Кенесарының бауырына салып, өзі Қасым төреге қосылады. Сөйтіп, Байқадам батырдың ұлы Кенесары ханның бауыры әрі жорықтас серігі Наурызбай батыр болып тарихта қалды. Біз ауыл іргесіндегі батыр бабамыздың басына келіп, аруағына құран бағыштадық. Бейіт басында Арлан-Шамай батырлардың ұрпақтары Байқадам бабаның басына құлпытас орнатуға ниет білдірді.
Бауыржан ТҰРАРҰЛЫ.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар