«Біздің ұйым ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне сенімді қызмет етеді»

Ақмола облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Дуанбай ЫБЫРАЙ:

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылғандай бүгінгі таңда қаншама тұрғын үйлер салынуда. Көкшетау қаласы бойынша Ауған соғысына қатысқандардың 49-ы пәтер кезегінде тұр. Басқа аудандарда біреу-екеуден болса да пәтер мәселесі туындап отырғаны жасырын емес, деп әңгімесін бастады Дуанбай Ыбырай.
– Үш жылдың ішінде үш пәтер берілді. Биылғы жылы 8 үй берілгелі отыр. Келесі 2019 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына тура 30 жыл толады. Осыған орай, 30 жылдықтың алдында Ақмола облысында тұратын ауған соғысының ардагерлеріне де көбірек пәтер берілсе деген ойдамыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов Үкіметтің алдында өзінің депутаттық Жолдауын жасаған болатын. Арнайы комиссия құрылды. Оның ішіне біздің ауған соғысына қатысқан жігіттер де бар. Айталық, Шәріпбай Өтегенов пен Қайрат Елубаев, тағы басқалары. Бүгінгі күні Үкіметтің төрт отырысы болды. Онда алдымен басты мәселе – басқа мемлекеттердің аумағында соғысқа қатысқан ардагерлердің жағдайы сөз болды. Біздің ұйымда тек ауған соғысына қатысқандар ғана емес, оның ішінде тәжік-ауған шекарасында, Кубада, Эфиопияда болғандар бар. Бүгінгі күні облыс бойынша 915 ауған соғысының ардагерлері бар болса, 200-ге тарта адам жоғарыдағы басқа әскери іс-қимылдарға қатысқандар.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, бүгінде мемлекетіміз дамыған 30 елдің қатарына енуге күш салуда. Бүгінгі күні Елбасына айтар алғысымыз мол. Көптеген игілікті дүниелер жасалып жатыр. Бір айтарымыз, ҰОС-нан кейінгі осы ауған соғысының ардагерлері ғой. Ұрпақ сабақтастығы дегендей соғыста болған әкелеріміздің, аталарымыздың өкшесін басып келе жатқан біздің жігіттерге де Үкімет тарапынан көңіл аударылса деген тілегіміз бар, – деді ұйым төрағасы.
Қазіргі таңда осы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер қауымдастығының ұйымдастыруымен мектептерде біраз іс-шаралар өткізілуде. Өткен жылдың өзінде облыс бойынша 150-ден астам іс-шаралар ұйымдастырған. Мысалы, мектептерде әскерге баратындарға бірінші тіркеу куәліктерін беру, әскерге алынғандардың аналарымен кездесу. Бүгінгі күні біздің Қарулы Күштеріміздің деңгейін көтеру, өзгерістерді жеткізу сияқты келелі әңгіме қозғап, әскерге бару алдында оларды соған бейімдеу, жататын, тұратын орындары мен тамақтанатын жерлерін көрсету арқылы әскери өмірге даярлау жұмыстарымен айналысып келеді.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы Щучинск филиалы әскери-техникалық мектептегі екі айлық оқыту мерзіміне де балаларды тартуда. Ондағы қару-жарақтармен, облыстық ішкі істер басқармасының даңқ музейінің жұмыстарымен таныстыру іс-шараларын жүргізу дәстүрге айналған. Ақан сері көшесіндегі ішкі істер бөлімінің арнайы оқшаулау орнында ауыр қылмыс жасап, сотқа дейін отырған кісілерді көздеріне көрсету арқылы жастардың ондай зұлымдыққа бармауларының алдын алу шараларын да жасауда. Одан әрі Щучинскідегі кадет корпусымен таныстыру. Ондағы үлкен техникаларды көрсету арқылы елімізді қорғауда патриотизмге баулу шаралары жүзеге асырылады. Қару-жарақтарды, ондағы солдаттарды, міне, осының бәрін көрсету арқылы баланың өмірге деген көзқарасы да өзгеше болары сөзсіз.
Бүгінгі күні қазақ елінің әскеріне деген көзқарасы қандай? Соның бәрін біз айтып, танытпасақ, кім танытады. Өйткені, біз соғысты көріп қана қойған жоқпыз, қасымызда бірге болған жолдастарымыздан айырылдық. Сол соғыстың қасіретін көріп келдік. Келген күннің өзінде қаншама адам өмірде өз орнын таба алмай, қайғы құшып жүр. Айтуға оңай. Бірі түсінсе, бірі түсінбеуі мүмкін. Осы біздің ұйымды ашудағы басты мақсат – өзімізді мақтау емес, қайта сол соғысты көріп келген жігіттердің өз бойындағы арпалысқан қиындықтарымен бөлісу арқылы өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтпау. Өйткені, сол соғыс азабын көрген кейбір азаматтарымыз ішкілікке салынып, жалғыздықтың зардабын тартуда. Соларға отын-суын әкеліп беріп, қолдау көрсетеміз. Мысалы, осы тұрғыда Жұмағұл Жолдықов деген досымыз, ол соғысқа қатысқан жоқ, десе де, үнемі азаматтық көмек қолын созып жүрген қайырымды азамат. Ауған соғысында болған Саят деген жігіт. Ал, Красноярда тұратын Қайрат та қашанда жағдайы қиын адамдарға көмектесіп отыруға дайын.
Биылғы жылы 15 ақпанның қарсаңында ауған соғысына қатысқан жігіттер шырақ жағып, еске алу рәсімін өткіздік. Оған ауғанда болған барлық өзге ұлт өкілдері түгел қатысты. Одан әрі Красноярдағы мешітте екі қой сойып, құдайы ас бердік. Мұның бәрі өзіміздің осы ұйымның ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр, – дейді Д.Ыбырай.
Сондай-ақ, ақпан айында өткен тағы бір шара облыс әкімінің орынбасарларымен ескерткіштердің жанына гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алып, митинг өткізіп, «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен үлкен іс-шараға қатысып, облыс әкімінің көмегімен қайтыс болған жігіттердің ата-аналарына ескерткіш сыйлықтар табыс етіп, оларды үнемі еске алу сияқты жұмыстар да қолға алынуда. Наурыз мейрамында өздерінің киіз үйлерін тігіп, 5510 әскери бөліммен ақылдаса отырып, ұрыс жағдайындағыдай солдат ботқасын дайындадық. Соның бәрі келген адамдарға тегін таратылады. 7 мамырда да сондай құрмет-қошеметтер көрсетіліп жатады. Ауған соғысында болған ардагерлердің атынан патриоттық клубтармен, ІІБ қызметкерлерімен бірігіп, КТИ-лардың жанында бірге сап түзеу, 9 мамырда М.Ғабдуллин, Т.Бигелдинов ескерткіштеріне, Мәңгілік алау алдына гүл дестелерін қою дәстүрге айналған.
Тағы бір айтарымыз, Отарға әскер қатарына алынған балалардың артынан ата-аналарын алып баруды ұйымдастырып, әскери комиссариаттан арнайы адам бөлініп, ардагер топтармен шағын концерт қою дәстүрге айналған. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Астанадағы әскери парадқа дайындық алдында Ержан Фазылов, Нұрбек Әбілқасымовтармен бірге барып, концерт беру шаралары үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз.
– Әр мектепке біздің қоғамдық ұйымның жігіттері өздері бөлініп, «Ерлік сабақтары» атты кездесулерге қатысу арқылы өзіміздің тарихымыздың болғанын айтып, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде біз мұның бәрін өзіміздің азаматтық борышымыз деп түсінеміз. Сондықтан, Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында айтылған жайларды қуана құптай отырып, пәтер мәселесінде біздің жігіттерге оң көзқарас танытылса, деген зор үмітіміз барын тағы да айтқым келеді. Мәселен, кейде мектептерге кездесулерге барған кезде балалар сұрайды, «Сіздер Ауған соғысына қатыстыңыздар, нағыз патриоттарсыздар. Сіздерге бүгінгі күні Үкімет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп отыр?» дейді. Бала осындай сұрақ қойып тұрғанда әрине, өзің де ойланып қаласың. Өйткені, қазір бізде егер көлігің болса, соның салығына жеңілдік, ай сайынғы алатын жәрдемақымыз 14800 теңге. Ал, одан басқа ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ. Мәселен, көшедегі қоғамдық көліктерде тек қана мүгедектер болмаса, басқалары жолақысын төлеп жүреді. Байқап отырсақ, Ұлы Отан соғысына қатысқандардың өзіне 30 жыл өткен соң ғана қолдаулар көрсетіле бастаған. Енді міне, біз де 30 жылдың қарсаңында отырмыз.
Олай дейтініміз: Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын» деген болатын. Осыған орай, бүгінгі күні көкейді мазалаған үш сұрақ Үкімет алдына тартылды. Олар, басқа жерлерде соғыста болғандар, ең төменгі күнкөріс 28000-нан 42 мың теңге. Міне, соған қол жеткізсек. Сондай-ақ, бүгінгі күні алған арендалық тұрғын үйлер өз аттарына жекешелендірілсе, деген мәселе қойылды. Үкіметтің төрт отырысы болды. Енді желтоқсанның соңында тағы Үкімет қараса, бір оң шешімі шығарылады деген үміттеміз, – деген толғамды ойларымен де бөлісті.
– Әскери борышымызды атқарып жүргенде бір түнде дабыл көтеріп, бізді Ауғанстанға алып кетті. Содан 1979 жылдың 27 желтоқсанында Кундуз провинциясына келіп кірдік. Сол түні атыс болып, бірінші күннен сегіз адамымыз өлім құшты. Біздің штабтың орталығы Жалалабадта болды. Гардез деген таудың басындағы қала. Сонда яғни, Ауғанстанда бір жарым жыл қасіретті күндерді бастан өткердік. Әскерден елге жарты жыл кешігіп оралдым. Өйткені, бізді алмастыратын адам бармады. Сол уақыттың ішінде қаншама адамдарымыздан айырылдық. Мен Қазақстаннан жалғыз болдым. Сол Гардезде соғыс болып жатқан жерге оқ-дәрі, тамақ апарып, қайтыс болғандар мен жаралы болғандарды алып кетіп отырдық, – деп сол күндердің қасіретін көз алдынан тағы бір өткізді Дуанбай ағамыз.
Сөйтіп, 1981 жылы әскерден келген ол Баратай елінде трактор жүргізіп, қой да, жылқы да бағып, автокөлік жүргізушісі болып, еңбекке етене араласады. 1984 жылы Көкшетаудағы «Транссельхозтехника» кәсіпорнында КамАЗ автокөлігінде жүргізуші болып істеп, Ресей қалаларын аралап, Брестке дейін барған. Одан әрі еңбек жолы 1990 жылдан ішкі істер органдарында жалғасты. Ұзақ жылдар мемлекеттік автоинс-
пекцияда қызмет істеген Дуанбай Ыбырайдың кейін осы саладағы қызметі жоғарылай отырып, 2006 жылы Астанада ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметінің басқармасында жалғасқан. Осылайша абырой биігінен көріне білген ағамыз 2013 жылы полковник шенімен зейнеткерлікке шығып, сол жылдың қараша айынан бастап, Ақмола облысының «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы болып жұмыс істейді. Міне, осы бес жылда өзі басшылық жасап отырған қоғамдық ұйымда атқарған еңбегінің өлшеусіз екенін көріп отырмыз. Ал, отбасы жағдайына келер болсақ, ұлдары әкенің темірдей тәртібімен майор, капитан шенінде еңбек етуде. Бүгінде Дуанбай Ыбырай зайыбы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, алты немеренің қызығы мен қуанышына бөленіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған өнегелі отбасы.
Әңгімені жазып алған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар