Тұмаудың алдын алу

Тұмау – вирус тудыратын тыныс алу жолдарының жіті жұқпалы ауруы жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) тобына жатады.
Тұмаумен ауыру басқа респираторлық инфекцияларға қарағанда ауыр. Тұмау созылмалы аурулардың (бронх демікпесі, жүрек-қантамыр аурулары, қант диабетінің) асқынуына алып келеді.
Тұмаудың өзі емес, оның асқынуы адамды мүгедектікке немесе өлім-жітімге алып келуі мүмкін.
Тұмаудың асқынуы: пневмония; бронхит; менингит; энцефалит; пиелонефрит.
Қауіпті топтар:
–жүкті әйелдер;
–6 айдан 5 жасқа дейінгі балалар;
–65 жастағы және одан үлкен қарт адамдар;
–созылмалы аурулармен ауыратын адамдар;
–денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.
Белгілері:
– қалтырау;
–39-40оС дейін дене қызуының көтерілуі;
–бастың ауыруы;
–қалжырау, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы;
–құрғақ жөтел, тыныс алудың қиындауы;
–құсу;
–іштің өтуі.
Ауруды жұқтыру көзі – науқас адам.
Тұмау вирусының жұғуының екі жолы бар:
● Ауа тамшылары арқылы:
жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде немесе жай тыныс алғанда науқас адамнан вирус таралады.
● Тұрмыстық қарым-қатынас арқылы:
лас қолдан, күнделікті қолданылатын таза емес құралдар, ойыншықтар және т.б. вирус таралады.
Спецификалы профилактика:
Әлемде вакцинация инфекциямен күресте аса тиімді, экономикалық және қолжетімді кұрал ретінде танылған. Тұмауға қарсы алдын алудың басты тәсілдері вакцинация болып табылады.
Вакцинация ағзаны қорғаныс күшін арттыруға ынталандырып, аурудың алдын алады.
Вакцинацияны тұмау таралмастан бұрын ерте күзде жүргізіп, жыл сайын қайталап алып отыру қажет.
Вакцинация әсіресе, тұмаудың асқыну қаупі жоғары топтағы адамдар, сондай-ақ, жоғары қауіп тобындағы адамдармен бірге тұратындар немесе оларға күтім жасайтын адамдар үшін қажет.
Спецификалы емес профилактика:
● ЖРВИ-мен ауырған науқас адамдардан аулақ болыңыз;
● Адамдар жаппай жиналатын орындарға бармаңыз;
● Ғимаратты үнемі желдетіп, ылғалдандырып сүртіп отырыңыз.
● Жөтелу және түшкіру тәртібін сақтаңыз:
–жөтелгенде немесе түшкіргенде аузыңыз бен мұрныңызды орамалмен/майлықпен жабыңыз;
–қолыңызда орамал/майлық болмаса, алақанға емес, шынтақтың бүгілген жеріне жөтелуге әдеттеніңіз, себебі, алақанмен ауызды үйреншікті жабу, инфекцияның қол мен күнделікті пайдаланылатын заттар арқылы таралуына себеп болады;
–қолданылған орамал/майлықтарды қоқысқа арналған себетке тастаңыз;
–қолыңызды сабындап, жылы сумен жуыңыз, қолды тазалауға арналған құрамында спирті бар құралды пайдаланыңыз және қолды ерінге, мұрын мен көзге тигізбеуге тырысыңыз;
–жөтеліп жүрген адамдарға айналадағыларға жұқтыру қаупін төмендету мақсатында медициналық демперде (маска) тағу ұсынылады.
● Салауатты өмір салтын ұстаныңыз:
–күніне кемінде 30 минут жеткілікті дене белсенділігімен айналысыңыз;
–көп уақытыңызды таза ауада өткізіңіз, серуендеңіз, жүгіріңіз, велосипед тебіңіз;
–күн тәртібін (еңбек және демалыс), соның ішінде толыққанды ұйықтауды сақтаңыз;
–ақуыз, дәрумендер мен минералды заттектерге бай азық-түліктерді тұтыныңыз;
–күйзеліспен күресуге үйреніңіз. Күйзеліске төзімділікті арттырыңыз;
–алкогольдік ішімдік пен темекіні тұтынудан бас тартыңыз.
Егер тұмаудың белгілеріне ұқсас белгілер байқалса, үйден шықпаңыз. Жұмысқа, сабаққа бармай, дәрігерді үйге шақырыңыз.
Есіңізде болсын! Иммунитетті арттырудың екі жолын да байланыстыру қажет.
Галина КОМЛЕВА,
Степногорск қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *