«Ел бірлігі» – елдіктің үні, ортақ мүдденің жанашыры

Елбасы өзінің бір сөзінде: «Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк туы.

Елтаңбамызда – бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз. Арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар! Лайым бетімізден жарылқасын! Үлкен жолдың үстінде бізді ата-бабаларымыздың аруағы желеп-жебеп жүрсін!» деп толғанады.

Бұл арманды сапардың ұшы-қиыры жоқтай көрінеді. Төрт құбыламыз тең, алты алашымыз аман болу үшін экономикамен бірге, рухани жан дүниемізді де жаңғыртсақ деген Елбасы талабы уақыттың тезімен үндеседі.
Бүгінгі қым-қуыт заман адымымызды аштырмай, тұсаулап ұстаса да,Ұлы даланы емін-еркін жайлаған қазақ жұрты азат күннің арайлы шуағынан нәр алып, Қыран құс болып, Мәңгілік елдің құз шынар басына ұя салып, Алтын пырақты арғымақ болып, еңселі биігіне ұмтылады. Өркениетті қоғамның көшімен еңсесін тік ұстап, өзінің даңғыл жолымен алға басып келе жатқаны анық аңғарылады.
Бұл тәуелсіздіктің нұрлы күніне астасқан жаңа дәуірі. Енді ешкімнің боданы бола алмайтын, кең байтақ азат жеріміз, асқақ көк туымыз, айбарлы елтаңбамыз бар жұртпыз біз. Жүздеген ұлысты қанатымыздың астына алып, жүрек жылуын ұсынған алаш деген елміз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!».
Шынында, біздің жалғыз ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан! Әр қазақ осы ұлық сөзді жүрегіне түйіп, ел мен жердің тұтастығы үшін тер төгуі абзал іс. Біріміз билікте, біріміз зиялы қауым ортасында, енді біріміз қарапайым шаруаның тетігін ұстасақ та, діттегеніміз елдік мүдде екенін қаперден шығармасақ керек.
Азаматтық қоғам – билік пен халықтың дәнекері іспеттес. Ұлттық мүддемен астасқан мақсаты бар «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің де ұстанған ұстанымы қазақтың көсегесін көгерту, көкжиегін кеңейту. Өз маңайына зиялы қауымды топтас-тырып, жастарға адаспайтын жол көрсету. Ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, жас өскелең ұрпақ тәрбиесін ұлттық тұрпатта жүргізуге атсалысу.
Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ тілінің өрісін кеңейту мақсатында Көкшетау қалалық білім бөлімімен арнайы меморандум жасалды. Бала бақшадан бастап, орта мектептердегі тәрбие жұмысына қатысуға ден қойдық. Қазақтың баласы үйде де, білім ордасында да, қоршаған ортасында да өз ана тілінде сөйлегенде ғана елдің болашағы жарқын болары анық. Бұл ізгі істен ешкім сырт қалмауы тиіс.
Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жай айтыла қалған үндеу сөз емес, ұлтты ертеңгі болашақ үшін алаңдайтын мүддеге жұмылдыратын келелі идея дер едік. Осы өміршең идеяны кеңінен насихаттау ісінде де «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі толымды жұмыстарды атқарды. Атап айтсақ, өткен жылы «Рухани жаңғыру» тақырыбында әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, Елбасы мақаласында көтерілген бастамаларға үн қосты. Әсіресе, жас ұрпақ санасына осы елдік мүддені сіңіру мақсатында қаншама сұхбаттасу алаңдарын ұйымдастырды. Шығармашыл жастар арасында ұлттық өнерді насихаттайтын байқаулар өткізді.
«Рухани жаңғыру – ұлтты ұйыстыратын ұлық идея» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияның да тағылымы мол болғанын атап өтер едік. Біз «Рухани жаңғыру» тақырыбы әр адамның санасына жетсе деген тілекте жұмыс жасадық.
Ал, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған Жолдауын түсіндіру жұмысына да қоғам мүшелері белсене атсалысты. Елге танымал тұлғалар, ғалымдар, журналистер және жастар өкілдері қатысқан алқалы жиындар өткізілді.
Жалпы, біз ұлттық сипаттағы шараларды көбірек өткізуге тырыстық. Мысалы, мамыр айында Аза күні зиялы қауымның қатысуымен «Тағдырлары қасіретті қайраткерлер» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Алда бұдан да еңселі істерді игеріп, елге бір пайдамыз тисе деген ниетіміз бар.
Алдағы азаттық мерекесі қарсаңында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Тәуелсіздік тұлғалары» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру ойымызда бар. Онда қазақтың азаттық алуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар ғибраты өнеге етілмек.
Жас ақындардың талантын ұштау мақсатында Көкшетау қаласындағы Көкен Шәкеев және Қызылжардағы Ерік Асқаров өнер мектептерінің өнерпаздарының жыр сайысын өткізуді ойлас-тырып отырмыз. Өткен жылы рухани жаңғыру аясында өткізілген «Қасиетті домбыра» байқауы да Біржан сал мен Ақан сері ізін басқан жас өнерпаздардың талантын ұштады.
Біз бұл мақаланы Ақмола облыстық Азаматтық форумы қарсаңында жазып отырмыз. Сондықтан, бұл алқалы жиыннан күтеріміз көп, артатын үмітіміз де аз дей алмаймыз. Себебі, азаматтық қоғам өзімен-өзі жайбарақат өмір сүріп жатқандай көрінеді. Белсенділікті жандандыру үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау аса қажет. Әрине, мұндай қолдау жоқ дей алмаймыз. Бірақ, жыл сайынғы әлеуметтік тапсырыстармен ғана шектелмей, белсенді ұйымдарға өз жобаларын жүзеге асыру үшін арнайы гранттар бөлінсе құба-құп болар еді.
Үкіметтік емес ұйымдар жөнінде комиссия бар екенін білеміз, бірақ, оның ықпалы аз екенін де жасыра алмасақ керек. Қоғамдық ұйымдардың мемлекет саясатын жүзеге асыру ісінде мұндай кеңестер көшбасшы болуы керек. Ол толыққанды өз пікірін ашық, әділ айта алатын тұлғалармен толығуы тиіс. Сонда ғана үкіметтік емес ұйымдар қызметі жаңа арнаға түсер еді.
Елбасының әлеуметтік жүйені жаңаша заман талабына сай жаңғырту жөніндегі Жолдауына жан-жақты атсалысу арқылы үн қосудың маңызы зор. Себебі, Жолдау міндеттерін орындау биліктің ғана емес, баршаның ортақ ісі. Осы бағытта азаматтық форум жаңа бастамалар көтеріп, оны жүзеге асыруға белсене қатысса деген тілегіміз бар. Әлеуметтік сала ешкімді айналып өтпесі анық. Ол әр адамның бүгіні мен ертеңіне әсерін тигізетіні бар. Сондықтан, Елбасы Жолдауы өміршең бағдарлама ретінде бұқаралық негізде қолға алынса құба-құп болар еді.
Сөзімді Елбасының мына ойларымен аяқтағым келіп отыр, онда былай делінеді: «Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санасын қамшылауы керек».
Ендеше, біз де азаматтық қоғам өкілі ретінде елдің ертеңіне айқара даңғыл салатын мақсат-мүдделеріне жан-тәнімізбен терімізді төгіп, қызмет етейік дегім келеді.

Бақыт СМАҒҰЛ,
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар