Ауылды оздырғың келсе озық технология әкеліп, пайдалана біл

Елбасының биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі туралы жеріне жеткізе айтылды. Соның ішінде мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет деген болатын. Шынында да, ауыл шаруашылығы саласының тісқақты мамандарының пайымдауынша, әлеуетті арттыру алдымен озық технологиямен сабақтас.

Тілін тапқанға жер жомарт. Жомарт жердің несібесі жалпақ жұрттың игілігіне айналса, тіптен ғанибет. Тек онда маңдай теріңді сіңіре білуің керек. Мұның өзі бұрынғы тәмсіл. Маңдай тер жаңа, озық технологиямен сабақтасса ғана ұтымды. Бұрынғы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетінің түлегі Әбілқайыр Ошақбаевтың түйсінгені осы.
Оқу орнын бітіргеннен соң арнайы жолдамамен Егіндікөл ауданының Қоржынкөл ауылына табан тіреген. Жанында жан жары Ботагөз. Қолдарындағы бар байлығы жалғыз жол сөмкелері ғана. Қалғаны жалындаған жастықтың үлбіреген үміті.
Қоржынкөл дегеніңіз қайда, жердің шеті сияқты болып елестеген. Тұңғыш рет топырағын басқанда таң-тамаша қалды. Табиғаты уылжып, тамылжып тұр екен. Елді мекеннің де ажары тәп-тәуір. Қозы өрісіндей жерде көл жатыр көлкіп. Балық дегеніңіз тайдай тулайды. Құс жыртылып айырылады. Жергілікті жерде табиғаттың байлығына орай әдемі әзіл айтылады екен. Әлдекім құс жайын сұрай қалса, «көлдің үстінде» дейтін масаттанған ауыл адамдары. «Сыймай отыр. Сыймағандары далада, жиекке қонған». Сәл-пәл әсірелеп айтқандары да. Бірақ, шындықтан оншалықты алыс емес еді.
Әуелі экономист болып бастаған, кейін шаруашылықтың бас экономисі. Жұмыс өз ырғағымен жүріп жатты. Кейін қайта құрудың бет қаратпас дауылы басталған. Ел тәуелсіздік алды. Бұл бір «ақ түйенің қарны жарылған» ұлы қуаныш болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыстар ыдырап, қиыншылықтың туғаны да мәлім.
1990 жылдардың басында Бұланды ауданындағы «Партизан» шаруашылығының директоры болып тағайындалған. Осы жерде алты жыл ғұмыры өтті. Бұрынғы қалыптасқан кеңшарлар ыдырап, жеке шаруашылықтар құрыла бастаған. Міне, осы сәтте тағдыр жолы қайтадан біршама бауыр басып қалған Қоржынкөлге әкелді. Алғашқы бетте жүрексінгені де рас. Бұрынғы өзі көрген, өзі басы-қасында жүрген шаруашылықтың шаруасы шатқаяқтап тұр екен. Техниканың тозығы жеткен, қаусаған, іске жарайтыны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіпті. Төңірекке көз салып қараса, делсал. Зіңгіттей жігіттер екі қолға бір күрек таба алмай абдырап қалған. Шаруашылықтың мал баздарында иен тіресіп тұратын қара малдың бәрін «бартер» деген тажал жұтқан. Одан қаншалықты қайыр болғандығын ешкім біліп болмайды.
Міне, осы сәтте ендігі ғұмырын Қоржынкөлді көркейтуге арнаймын деген шешім келген. Бұл шешім әзірге орындалар-орындалмасы белгісіз арман ғана. Бірақ, қайратына мінді. Алдағы өзі бажайлаған істің ұшы-қиыры көрінбеген соң қасына кіші інісі Қайырды қолқалап шақырып алды. Сөйтіп, «Қоржынкөл-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Бұрынғы кеңшардың 54 К-700 тракторынан төртеуі қалыпты, 114 астық комбайнының 8-інің сұлбасы бүк түсіп жатыр. Автопарк туралы әңгіме қозғаудың өзі азап. Машина-трактор шеберханасы мен өзге де шаруашылық учаскелері ту-талақай.
– Осы шаруашылықта 28 мың гектар құнарлы егістік алқабы бар еді. Сол алқаптарға әр жыл сайын дәнді дақылдардың тұқымдарын себетін едік. Біз серіктестік құрып, дала төсіне шыққанда бар болғаны екі мың гектар жерді игеруге шамамыз келді,–дейді серіктестік басшысы Әбілқайыр Ошақбаев,–онда да егістік алқапты ойдағыдай өңдеуге шамамыз жетпеді. Агротехникалық шараларды діттеген деңгейде жүргізе алмадық. Алқаптың бәрін арамшөп басып кеткен. Бірте-бірте қалыпқа келтірдік. Бүгінгі күні шаруашылық 14 мың гектар егістік жерге егін егеді. Әр жыл сайын 20 мың тоннаға жуық астық жинаудамыз. Оның 15 мың тоннасы сатылады.
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, олар агротехникалық шараларды уақытылы жүргізудің тиімділігін өз көздерімен көріп, түйсініп отыр. Осы арада Елбасының «заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» дейтұғын тұжырымын шын жүректен қолдайды. Онсыз алға басу жоқ. Егер Қоржынкөлдің құнарлы алқабын бұлар күтпегенде, бүгінгідей нәтижеге қол жеткізе алар ма еді. Енді Елбасы көтеріп отырған мәселенің мәнін жете түсініп, заманауи агротехникаларды толық қолданатын болса, өздерінің де, туған жерінің де берекесі аспақ.
Алғашқы жылдары шаруашылық гектар берекесін өліп-талып 6-8 центнерден әрең оралтқан. Түсім аз болған соң табысы да шамалы. Әйтеуір, бірді бірге құраудың амалы. Осы арада шаруашылық басшысы мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа ризашылығын білдіреді.
– Әр жыл сайын әрқилы агротехникалық шараларға субсидия бөлініп отыр,–дейді Әбілқайыр Ошақбаев,–жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алып отырмыз. Соның арқасында көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытылы атқарып шығамыз. Қамқорлық болған соң оның қайтарымы да болуы керек. Ендігі бағыт осы арнада. 2009-2011 жылдары біз гектар берекесін 14 центнерге жеткіздік. Кейбір алқаптарда одан да жоғары болды.
Өткен жылы да тәп-тәуір өнім жиналыпты. Гектар берекесі 11,5 центнерден айналған. Өңірдің ерекшелігін ақыл таразысына салып безбендеген шаруашылық басшылары бидайдың «Ақмола-2» және «Омская-36» сұрыптарын егеді екен. Өздерін толық қамтамасыз етіп отыр. Астық шығымдылығын көріп, қызыққан көрші шаруашылықтардың да қажеттіліктерін өтейді.
Мемлекет қамқорлығы айтса айтқандай, қомақты екен. Қамқорлықтың арқасында серіктестік соңғы жылдары 25 «Есіл-740» және «Енисей» астық комбайндарын сатып алған. Оған қоса, 18 жаңа үлгідегі егіс кешендерін де. Ауылға Ошақбаевтың оралуының арқасында серіктестік құрылып, түтіндері түзу ұшуда. Қазір осы ауылдағы еңбекке жарайтын тұрғындардың 90 проценті серіктестікте жұмыс істейді. Тіпті, көршілес Бауман селосынан келіп жұмыс істеп жүргендер де бар. Соңғы жылдары жұмысшылардың жалақысын үш мәрте өсірген. Елді мекендегі зейнеткерлер тегіс мал азығымен қамтамасыз етіледі. Әрбір мемлекеттік мерекеде ауылдағы 125 ардагер азды-көпті сыйлыққа ие болады. Серіктестік жергілікті білім ошағындағы оқушыларды тегін тамақтандырады. Жергілікті наубайханада нарттай қызарып піскен, дәмі тіл үйіретін нан бар болғаны – 35 теңге.
Ауылдың ең басты мәселесі ауыз су еді. Бұл қиындық көптен бері шешілмей келген. Елдің іргесінің сөгілу себебі де осы ауыз су болатын. Ағайынды Ошақбаевтар осыдан бес жыл бұрын ауылдың әр үйіне су тартып берді.
Елбасы еңбек дәстүрін қалыптастыру туралы талай айтты емес пе? Кейінгі жылдары еңбек адамына құрмет көрсету сәл азайып еді, жұмысқа ынталы адамдардың саны да кеміп кетті. Негізінде, әркім өз еңбегіне сай құрмет пен қошеметке бөленуі керек. Бұл әр күн сайын еңбек адамдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген серіктестік басшысының ойы. Серіктестік те қарапайым еңбек адамын қадірлей біледі екен. Олардың қажуды білмес қайратты еңбегі қалған жұртқа үлгі-өнеге. Серіктестіктің негізгі тірегі болып саналатын, жұмыс десе ішер асын жерге қоятын Рашид Қашанов, Владимир Бритман, Александр Долгополовтардың жақсы аттары шығып тұр. Қазіргі күні көп жерде кездесе қоймайтын дәнекерлеуші, өз ісінің хас шебері Елубай Ысқақовтың есімі де құрметпен аталады екен. Серіктестік құрылған күннен бастап ескіні жамап, көнені көркейтіп келе жатқан, он саусағынан өнер тамған Елубайдың еңбегі ортақ ырысқа әбден сіңген екен.
Ел жайын ойлаған, жұрт қамын жадынан шығармайтын серіктестік басшысы ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да көңіл бөледі. Таяуда су жаңа монша салып берді. Мұндай монша ауыл тұрмақ, аудан орталықтарында да жоқ. Қарқарадай болып бой көтерген жаңа дәмхана бірер күннен соң пайдалануға берілмекші. Енді мәдениет үйін жұтындырып жөндеп, ауыл көшесін қатты жамылғымен қаптасақ дейді басшылар. Содан соң тұрғын үй салуға көшпек. Аудан орталығына Абылай ханның мүсінін өз қаражатына жарқыратып салып қойды.
Биылғы жаңалық Қоржынкөлде картоп өсті. Иә, оған таңырқамаңыз, ондай да болады екен. Қаншама шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекенде қанша баптасаңыз да картоп өспейді деген түсінік болған. Биыл Мақсат Тілеуқабылұлы тәжірибе жасап көрді. Ерте көктемде бар бейнетті өзімен бірге жер бетіне ала шығатын картопты әлденеше рет дәрілеп, топырағын баптап, құлағынан тартып шығарғандай болды. Нәтижесінде тәп-тәуір өнім алды. Ал, төрт түлік мал дәл мұндай таңсық емес.
–Қазір 200 бастан астам қазақтың ақбас тұқымды қара малын бағып отырмыз. Алдағы уақытта бағымдағы малды өз төлі есебінен көбейтетін боламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздің аграрлық секторын дамыту туралы жақсы айтты ғой. Көмек ретінде 100 миллиард теңге бөлінбекші. Менің ойымша кез-келген жақсы қамқорлыққа өз ісіңмен жауап беру азаматтық болып есептеледі. Елбасының өзі бас болып ел еңсесін көтеруге ұмтылып жатқанда соның жуан ортасында жүрген біз қалай қанаттанбай тұра аламыз.
Қанаттанса, осындай ерлер қанаттансын. Несін айтасыз, Ошақбаевтың ауылға оралуы ошақ басындағы ғана емес, тұтас елді мекендегі игіліктің иіндісі болды.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар