Мал баққанға дәулет бітеді

Бұланды ауданындағы «Даниловка» серіктестігі мал шаруашылығын дамытуға көп назар аударады. Серіктестік бригадирі Иван Богердің айтуынша, бүгінгі таңда ірі қараның саны жеті жүз басты құрайды. Оның көбі қазақтың ақбас тұқымдас малы.

Сиырлармен бірге бағылатын үш жүзден астам бұзау күн сайын мол салмақ қосуда. Сондай-ақ, жеке бағылатын қашарлардың да күйі жақсы. Малдың жағдайы оны бағатын малшыларға байланысты екені белгілі. Жаздың ыстығы мен қыстың суығына төзіп, мал бағатын озат еңбеккерлердің бірі – Долдаш Жанғабыл. Ол өз қарамағындағы мал басын кемітпей, жоғары салмаққа қол жеткізді. Мұнда малды семіртуге көп назар аударылады. Ет комбинатына өткізілетін малдың салмағы 500 келіден асады.
–Алда тұрған мал қыстату науқаны бізге үлкен сын. Оны ойдағыдай өткізу үшін алдымен мал азығы қорын жеткілікті етіп дайындау қажет. Бұл міндетті өткен және биылғы жылы артығымен орындадық. Пішеншілер бригадасының қарқынды жұмысының арқасында мыңдаған тонна шөп, моноазық да-йындалды. Мал азығын арнайы пленкамен жаптық. Оны малға беру үшін қыс айларындағы аязда ашамыз. Мал қыстайтын мал қоралары тазаланып, жөнделген. Бұзаулар үшін жылы қора қарастырылды. Сондай-ақ, жаңа туған бұзаулар үшін де барлық жағдай жасалған. Малдың астына төсейтін сабан жеткізіп алдық. Осылайша мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізуге тырысатынымыз анық. Қазіргі уақытта Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға ұмтылудамыз. Әсіресе, етті мал шаруашылығын дамыту аса қажет. Және де агроөнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігін, қайта өнделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлес салмағын екі жарым есеге дейін арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл міндетті жүзеге асыруға бізде толық мүмкіндік бар. Алдағы уақытта мал санын көбейтіп, одан алынатын өнімді арттыру міндеті тұр. Бұл үшін мал шаруашылығының осы заманғы озық технологиясын пайдалануға тиістіміз. Бүгінгі күннің талабын ескермей болмайды. Сондықтан да, ізденіспен еңбек етіп, ауыл шаруашылығының ғылыми жетістіктерін пайдаланып, озық технологияны өндіріске енгізе түсетін боламыз,– дейді серіктестіктің директоры Айбат Есентұров бізбен әңгімесінде.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретте: озат малшы Долдаш Жанғабыл.
Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар