«Қазіргі көрермен көбінесе арзанқол комедиялық қойылымдарға әуестеніп бара жатыр»

Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры
Бейбіт Бақтыгереев:

Орыстың атақты театр қайраткері К.Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген қанатты сөзі қай заманда болмасын

өзінің өміршеңдігін жоғалтқан емес. Театрдың киім ілгіштен басталуы да директордың еңбегіне тікелей байланысты. Ауладағы ахуалдан бастап, актердің көңіл-күйі, қала берді, әр қызметкердің жеке басындағы тіршілік түйткілдеріне дейін жаны ауырып, көңілі алаң күй кешетін де театр директоры болса керек. Таяуда Ақмола облыстық орыс драма театрының жаңа маусымының шымылдығы ашылды. Сан түрлі өнер байқауларында қанжығасын майлап, киелі өңірдің мерейін үстем етіп жүрген Ақмола облыстық орыс драма театры ұжымының тыныс-тіршілігі мен алдағы бағыт-бағдарын білу мақсатында аталмыш театрдың директоры Бейбіт Бақтыгереевпен сұхбаттасқан едік.

– Директор дегеніміз – әкімшілік лауазымды қызмет қой, шын мәнінде шенеуніктің бірі десек қателеспейміз. Ал, бірақ сіз, Бейбіт Салауатұлы, шенеуніктен бұрын үлкен шығармашылық тұлға ретінде әсер етесіз. Наполеонның кезінде «Маған театрдан гөрі әскерді басқару оңай» деп айтқаны бар емес пе…
Бейбіт Салауатұлы: –Иә, дұрыс айтасыз, шығармашылық ұжымды басқару оңай-оспақ шаруа емес. Театрдағы директордың рөлі кабинеттік орын деп айта алмаймын. Директор – театрдың сыртқы және ішкі жағдайына жауап беретін адам. «Ұзын арқан, кең тұсаумен» де жүре беруге болатын да шығар, дегенмен, шығармашылық жұмыс еркелікті еш көтермейді. Мен өзімді ұжым жұмысына қолайлы жағдай жасауға міндеттімін деп есептеймін. Театр жұмысы маған әуелден таныс. Себебі, атақты ұстаздардың тағылымын көргенмін. 1996 жылы сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын үздік тәмамдадым. Театр сыншысы мамандығын меңгердім. Сол себепті де мен үшін бұл қызметте бәрі таныс, бәрі түсінікті. Театрдың ішінен шықпаған адам оның ағзасын түсінбейді.
– Жалпы театр өнерінің рухани жаңғыру үдерісінде салмағы қандай? Оның қоғамымызда алатын рөліне тоқталып өтсеңіз.
Бейбіт Салауатұлы:–Театр – тағылым ордасы. Халық арасында «Рухани тазарғың келсе, театрға бар» деген де қанатты сөз бар. Біздегі мақсат, он көрерменнің ішінде бір көрермен ой түйіп, рухани қуат алып, жанын сергітіп, жүрегін жамандықтан тазартып, жақсылыққа ұмтылуға, адамгершілікті насихаттауға бағыт алса міне, біздің басты жетістігіміз осы деп білеміз және осының өзі рухани жаңғырудың төте жолы ма деймін. Шынын айту керек, өзге этностық театрлар қазақтың ұлттық қойылымдарына бара қоймайды. Өз басым басшылық қызметке келгеннен бері осы мәселені қолға алдым. Ұжым да мені қызу қолдады. Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай, Әбіш Кекілбаевтың «Абылай» драмасын, М.Әуезовтың «Қарагөз», Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романының желісі бойынша рок-опера қойдық. Балалар қойылымдарына да зор көңіл бөліп келеміз. Жас көрермендер арасында қазақ халқының «Қаңбақ шал» ертегісіне де сұраныс өте жоғары. Қазір Астананы айтпағанда, Көкшетау сияқты қалалардың өзіне атақты театр сыншылары мен сарапшыларының қызығушылығы зор. Олар тек баға беріп қоймай, өз елдеріне тәжірибе алмасуға шақырады. Бұл да егемендігіміздің жемісі деп білемін. Жалпы, театрдағы кез келген қойылым көрерменді белгілі бір ойға жетелейтіні анық. Бір өкініштісі, қазіргі көрермен көбінесе арзанқол комедиялық қойылымдарға әуестеніп бара жатыр. Ал, мұндай қойылымдар жан баласына рухани қуат береді дегенге сене алмаймын.
–Жалпы биылғы театр маусымы несімен ерекшеленеді? Сонымен қатар, өнер ұжымының жеткен жетістіктеріне де тоқталып өтсеңіз.
Бейбіт Салауатұлы: – Өткен жылғы маусымда біз театрдың құрылғанына қырық жыл толу мерекелік датасын кең көлемде атап өттік. Осы мерекелік датаға орайластырып, біздің өңірімізде орыс театрларының тұңғыш аймақтық фестивалін ұйымдастырдық. Алдағы жылы осы үрдісті жалғастырып, ендігі арада халықаралық фестиваль ұйымдастырамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Гастрольдік сапарлар да көп болды. 2018 жылдың 18-21 сәуірі аралығында Қостанай облыстық орыс драма театрының сахнасында Ақмола облыстық орыс драма театрының гастролі болып өтті. Ресей Федерациясы Мордовия Республикасының Саранск қаласында өткен додаға қатыстық. Бір атап өтерлігі, бұл жолы көрермендер мен сыншылар назарына АҚШ, Израиль, Грузия, Шешенстан, Мордовия және Мәскеу қаласының үздік театрлары ғана өз өнерлерін ортаға салды. «Соотечес-
твенники – 2018» XIII Халықаралық орыс драма театрларының фестиваліне де қатысып, лауреат атанып, арнайы
дипломмен марапатталдық. Сонымен қатар, 2018 жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы тапсырылды. Облыстық орыс драма театрының жас актері Сергей Минаков У.Шекспирдің «Гамлет» спектакліндегі Розенкранцтың рөлі үшін «Үміт» аталымында дипломант атанды. Сондай-ақ, қыркүйек айында Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің екінші халықаралық театр фестивалінде өнер көрсеттік. «ТҮРКСОЙ»-ға кіретін елдердің театрлары (түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы) қатысқан фес-тивальде көп тәжірибе жинақтадық. Қатысқан үш қазақстандық театрлардың әрқайсысы бәсекеге қабілетті екенін көріп қуандық. Өнерлері бірінен-бірі өтеді.
Биылғы маусымда алға қойған жос-
парларымыз да баршылық. Жаңа театр маусымы «Панночка» спектаклімен ашылды. Театрдың бас режиссері Ольга Луциваның бұл таңдауы театрдың бұрынғы дәстүрлерімен сабақтас. Кейде премьераның өзі қатардағы қойылымдардың бірі болады деп ойлайсыз, ал, ол ауыз толтырып айтатын ғажайып өнер туындысына айналуы мүмкін. Көкше жұртшылығы жаңа премьераны ерекше серпіліспен қабылдады. И.Ильф пен Е.Петровтың «Золотой теленок» романынан алынған «Ұлы комбинатор» атты комедиялық-сатиралық қойылымын Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп ұйымдастырдық. Ақмола облыстық орыс драма театры әртістері сомдаған қойылымның тақырып өзегі өмірдің өзінен алынған.
–Біздің пайымдауымызша, жоғары оқу орнын бітірген жастардың көбі облыстық, аймақтық театрларға жұмысқа баруға құлықсыз. Дегенмен, биыл театр труппасына жастар легі қосылып жатыр деп естідік.
Бейбіт Салауатұлы: –Қазақстанда 15 орыс театры бар. Облыстық театрлардан жас түлектердің қашқақтауының бірнеше себебі бар. Біріншіден айлықтың мардымсыздығы болса, екіншіден бас-
панамен қамтамасыз ету мүмкіндігінің шектеулі екендігі. Бірақ, біздің ұжым бұл мәселені шешуге барынша тырысып келеді. Басыбайлы баспана әперуге қауқарымыз жетпесе де, келген жас мамандарға мекеме есебінен жалға пәтер жалдап отырмыз. Қарын тоқ, киім бүтін, тұрмыстық жағдайы жақсы, көңілі тыныш болса, жұмысы да тындырымды болатыны белгілі. Дұрыс айтасыз, өткен жылы Екатеринбург мемлекеттік театр институтының түлектерімен кездесіп, төрт түлекпен келісім-шарт жасасқанбыз. Солардың біреуі келді. Өте талантты жігіт. Болашағынан зор үміт күттіретін жас дарынның есімі Александр Баев. «Жас келсе – іске» деген, ол жұмысқа кірісімен бірден көзге түсіп, премьерадағы басты рөлдердің бірін сомдап, аға буынның оң бағасын алып отыр. Биылғы жылы жұмысқа орналасқан бес жас маманның барлығының да қабілеті зор, жас таланттар.
– Асыра айтты демеңіз, бірақ, шын мәнінде өзіңіз басшылық тізгінді қолға алғалы театрда елеулі өзгерістер байқалып жүр. Бірнеше жаңа қанатқақты жобаларды қолға алдыңыз. Атап айтсақ, «Киндер – театр» балалар эксперименттік орталығын, кішкентай бүлдіршіндерге арналған қуыршақ театрын, Монтессори әдісін қолдануымен интерактивті ойындар мен қойылымдарын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу және сол қоғамның инклюзивті балаларға деген қарым-қатынасын өзгерту мақсатында қолға алынған «Одинаковыми быть нам не обязательно» жобасы да көпшіліктің көңілінен шығуда. Мұның мәні неде?
Бейбіт Салауатұлы: –Біз мұның барлығын көрермен үшін жасап жатырмыз. Айта кету керек, жаңа маусымда да жағымды жаңалықтарымыз, жаңа жобаларымыз, тың идеяларымыз өте көп. Бір-екеуін ғана атап кетейін, биыл кішкентай ақмолалықтарды екі премьера күтіп тұр: «Қызыл телпек» және «Лоскутик». Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орынбай Жанайдаровтың «Оқжетпес» аңызы бойынша премьера болады. Сондай-ақ, таяуда екінші студия – эксперименталдық орталық ашамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Мұнда әдеттегідей қойылымдар 18.00-де емес, жұмысбасты жандарға лайықталып, кешкі 22.00-де басталады. Әзірше көп нәрсені құпияда ұстағанды жөн көреміз. Себебі, сахна тылсым сырға толы болуы керек қой. Жұмбағын шешемін, қызығын тамашалаймын дегендер, театрға келсін, біз асыға күтеміз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар