Хан ұрпағы

– Біз Абылайдың Шыңғыс атты ұлынан тараймыз. Көнекөз қариялардың қолда бар кейбір деректердің айғақтығына қарағанда Ата жұрт қазіргі Көкшетаудан Еленовкаға қарай шығып бара жатқанда аттанар жақ беткейдегі Елікті тауының төңірегі болса керек. Күні кеше хан жайлаған, ханның қасиетті табаны топырағын басқан өлке. Еліктінің жел жағына хан ордасы, яки ауыл қоныпты. Арғы бетте Жіңішке деп аталатын қалың тоғай. Ені тар болғанымен, ұзындығы көпкөрім қалың ағаш. Аталарымыздың айтуына қарағанда, құнарлы, құйқалы өңір,–дейді төре тұқымынан тарайтын Көкшенің абыз ақсақалдарының бірі Сансызбай Мұқитанов.

– Еліктінің жел жағында – ата жұрт. Бұл күні уақыттың табымен, жел жеп, жаңбыр шайып, жоғалып бара жатса да, көзі қарақты адам әр үйдің орнын айырып алар еді. Кіп-кішкентай төмпешіктерге айналғанымен, осы тарихи мекенде тұмшаланып қаншама тарих жатыр. Туған жердің әр белесі, әр төбесі түртіп қалсаң тұңғиық сырды тамылжытып шертеді емес пе. Әлдеқалай Еліктінің шоққысын басып өтіп бара жатқанымда қасиетті қорымның, ата жұрттың анық, бұрынғы сұлбасы көз алдыма келгендей болады. Сәні мен салтанаты, айбыны мен айбары асқан, жалпақ жұртқа әмірін жүргізген, ұлтқа ұйытқы болған ұлылардың ұлық мекені осы жер емес пе. Сол жерде Мұқитан атам, Жанбөбек бабам, Байқан, Сақып, Шабан әулеттері тұрған. Шабан атамыздың ғажайып емшілік қасиеті бар еді. Адамның көзіне түскен ноғаланы кәдімгі бәкімен сылып алып тастағанын көзім көрді. Дертке шалдыққан адамдардың бірталай сырқаттарын емдеп жазатын. Құпиясын өздерімен бірге ала кеткен қасиетті адамдар ғой. Тіпті, дауасы жоқ дерт болып саналатын қылтамақтан да емдеген көрінеді.
Бұл күнде әбден көнеріп көпшіліктің көңілінен өшкен көне суреттерді тірілтсе, ғажайып бір дәуірді бастан кешкендей боласың. Атам қазақ «шөп те шыққан жеріне шығады» демей ме. Әлмисақтан бері нешеме ұрпақтан бері жалғасып келе жатқан, босағасына тепкілесе кетпейтін бақ-дәулет біткен, береке ұялаған әулеттің байлығы арылмаса керек-ті. Қасиетті қара сабадағы ырыздық замананың желімен төгілсе төгілген шығар, бірақ кемімеген. Мұқитан атасы асқан шаруақор адам болса керек. Көк найзаны көлбей ұстап, өмірін жаугершілікпен өткізетін ерлік заманы Абылайдың дәуірімен тұйықталған. Ендігісі өз еңбегіне сүйенген, өзінің адал шаруасын ғана күйттеген тіршілік. Тұла бойындағы қисапсыз күш-қуатын, адам айтқысыз қажыр-қайратын еңбекке арнаған Мұқитан атаның әр ісі бүгінгі ұрпаққа анық үлгі, мықты мысал. Тіпті, егіншілік шаруашылығын да жүзеге асырып, қара жердің қыртысын айырып ақық дән сеуіп, ақтылы мал өсіріп, қисапсыз істі жүзеге асырып жүріп бір сәт қажып-талуды, қамығып-жасуды білмеген. Ол заманда бүгінгідей безілдеп тұрған техника жоқ. Тісі қара қыртысқа бірде батса, бірде батпайтын өгізге жегілген соқа қайбір орнықты болсын. Бірде соқаны ұстаған адам біресе жерге батып, біресе сыртқа секірген соқаға ие бола алмай келе жатады. Шаруаның ыңғайын білмеген егіншінің ісіне қарап тұрып ашынған Мұқитан ата соқамен жерді былай жыртпай ма деп өзі ұстаса керек. Сол сәтте соқаның тісі қатты жерді жырта алмай, тағы да секіріп кетіпті. Абайсыз тұрған атаның көзіне тиіп, бір көзін шығарып жіберсе керек.
Хан тұқымы тегін жерді жайлап, өріс қылмайды ғой. Ел есінде сақталған есті сөз, естеліктердің сорабына қарағанда ағаш бауыры жеміс-жидекке тұнып тұрады екен. Қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстықта неше қилы өсімдік өскен ағаш бауырындағы жидектің қалыңдығы сондай, ат тұяғын қып-қызыл ғып бояп тастайтынға ұқсайды. Ауыл осы қалың ағаштың қойнауы, асқары көк тіремесе де тойған қозыдай томпиып жатқан Елікті тауының ығына орналастырған. Осы өңірге Шыңғыстан тарайтын төре тұқымы толайым қоныстанса керек. Бертінге дейін төре тұқымының жуан қарағайдан қиып салған үйлерінің орны көне тарихты қойнына бұғып жататын еді. Төре тұқымының сол дәуірдегі сәні мен салтанатын, мәдениетін оқырманның көз алдына елестету үшін, бір кезде бақыт нұры шалқыған, өлшеусіз қуаныштың бесігі болған әлденеше шаңырақтан қалған көне ізді сипаттай кетуге де болар. Әуелі іргетас құйылыпты. Қазақ даласында отырықшылықтың жоқ кезінде қарағайдан қиып үй салу дәстүрі кездесе қоймайды. Мұның өзі аруақты төре тұқымының өркениет көшіне ілесіп, болашаққа батыл қадам басқандығын аңғартады. Ал, іргетасты кейін Ұлы Отан соғысынан соң ғана құя бастады. Шалғайдағы шағын ауылдарда салынған үйлерде іргетас болмайтын. Демек, сол заманның өзінде өзгеден мойын оздырған төре тұқымы үй салудың жөн-жосығын жақсы білгенге ұқсайды. Көне іргетастың сұлбасына бажайлап қарасаңыз, үйлердің бірнеше бөлме болғандығын айқын аңғарасыз. Міне, мынау кіреберіс. Одан соң кең дәліз. Сол жақ қанатта шағындау бөлме, бәлкім ас үйі болған шығар. Қос бүйірдегі кішірек бөлмелер жатын бөлмелерге ұқсайды. Ал, төрдегі ені кең, ұзындығы ат шаптырым бөлме қонақ бөлмесі.
Төре тұқымы жайлаған құт қонған қасиетті мекен қазақ даласына революция дауылы келгенде ұйқы-тұйқы болды. Алдымен, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан ен дәулет мал тартылып алынды. Әр шаңырақтың қимас жәдігері тәрізді асыл бұйым, қымбат жиһаз, бұл өңірде көп кездесе бермейтін, төре тұқымының салтанатын асырып, сәнін келтіретін, қасқалдақтың қанындай қат мүліктер. Бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып келе жатқан дүние-мүліктің талан-таражға түскені өз алдына, төрт түлік мал да аяусыз талауға түсті. Әулетке біткен ақтылы мал арғы аталарымызға бақ-дәулет болса, кейінгіге сор болып жабысқаны анық-ты. Мұқитан атаның бар малын тартып алып, сол малын өзіне бақтырып қойған. Бұдан артық қорлық пен зорлық болар ма? Бүкіл саналы ғұмырында бұла болып өскен Сарыарқаның самал желіндей еркін де ерке, бетіне ешкім жел болып тимеген, жаудан беті қайтпаған төре тұқымы осылайша жарлы-жақыбайдың, босағадағы құлдың кейпін киген. Амалсыздан еді. Қанқұйлы кеңес үкіметі қанқасап майдан ашып, тау болып үйілген адам сүйектерінің үстіне мемлекет орнатпақшы болды. Есебі құмды жинап тас қылмақшы, құлды жинап бас қылмақшы.
Төңіректегі төре атаулының бәрін қазіргі күнгі Краснояр кенті мен Симферополь елді мекенінің ортасындағы Шонай деп аталатын қонысқа жинаған. Бұл жерде қазір ел жоқ. Бірақ, зорлық пен зомбылықтың, әділетсіздік пен арсыздықтың ізі сайрап жатыр. Осындай адамзат қолымен жасалған қылмыс шежіресін қойнына бүгіп, көне қорым тұр мүлгіп. Аталарымыздың айтуына қарағанда үдере қашқан ақтың әскері де, аттандай қуған қызылдың әскері де момын елге бүйедей тиіпті. Аяған бірі жоқ. Қарсы келгенді атқан, асқан. Қорлық-зорлықтың шектен шыққан небір түрін көрсеткен. Мінуге жарамды ат, жеуге жарамды азық, киім-кешек, басқа да дүние-мүлік түгел таланған.
Жазығы жоқ еді боздақтардың. Бар айыбы мал біткені, арғы аруақты ата-бабадан кейінгі ұрпаққа мұра болып қымбат қазына, дүние-мүліктің қалғандығы. Кешегі кеңес заманындағы солақай саясаттың, кеңестік идеологияның желкеден нұқып көрсеткен жөнсіз іс-әрекеті төре атаулыны қаскүнем, кісі ақысын жеген құбыжық қылып көрсетті. Әйтпесе, тап төреден келген тақсірет жоқ еді. Рас, мал бітті. Бірақ, сол малдың бар игілігін өздері ғана көрген жоқ қой, құрығын сүйреткен жылқышы да, мал ішіндегі малсақ қауым да төренің арқасында атқа мінді, ауызы аққа тиді. Ел қазығы, елдің діңгегі тәрізді төре ағайын-туысты, көрші-қолаңды босағасына біткен несібесімен бөлісіп, асырады. Сенікі, менікі деген жоқ. Дәл сол уақытта аштан өлген адамның моласын тауып көрсетіңізші. Ниет те, пейіл де өзгеше болатын. Бұзылғаны қаншама жазықсыз адамдардың бір үзім нанға зар болып, опат болғаны кейін.
Төре атаулының еті тірі атқамінерлерін осы күнгі Қызылтаң ауылының жанына жинап қораға қамаған. Сол кезде Қызылтаң ауылын құлақ ауылы деп атаған. Атаудың түпкі мәні орыстың кулак деген сөзінен шыққан. Есебі қынадай қырылған Алаш жұртының сүйегінің үстіне өзгеше үкімет орнатпақ болған большевиктер алдына мал біткен, басынан бағы таймаған байларды, төре тұқымын кулак деп ат қойып жаңа үкіметтің жауы санаған. Қазіргі Қызылтаң, бұрынғы кулак ауылы жер-жерден жинаған «тап» жауларын топтастыратын орынға айналдырса керек. Осы жерде жеті атасынан бері қордалы дәулет үзілмеген ауқатты адамдарды жинап, топтастырғаннан кейін ел аузында іш жақ деп аталатын Сібірге, қияндағы Алтайға жаяу айдаған. Осылайша бір жерге жинап болған соң кілең төре тұқымын Алтай өлкесіне жаяу айдап апарған. Жүйрікті таңдап мінген, жорғаның жүрісін саралап мінген, жеті атасынан байлық кетпеген барша жұрт мүскін кейіпке еніп пенде болып жаяу айдалған. Ал айдаушы әскер ат үстінде. Жолға жарамаған адамды аяу жоқ. Бұлардың ішіндегі пиғылын таныған әкей мен анамыз үш апамызды алып қашып шыққан. Қызылжарға барып паналаған. Әйтеуір көрер жарығы бар, аман қалған.
Мұқитан атадан екі ұл туған. Олар Пішембай мен Кішібай. Пішембай атамыздың әйелі Бибіғайша Исақызы мынау жарық дүниеге іңгәлатып 13 сәби әкелген. Ескі тілмен айтқанда, 13 құрсақ көтерген. Әлде беймәлім бір ауруға шалдықты, әлде тағдырдың жазуы солай он екісі нәресте кезінде шетінеп кеткен. Ол заманда емшінің қат, дәрі-дәрмектің жоқ кезі. Бәлкім, маңдайға жазылған, қайғы-қасіреті мың батпан қатал тағдыр солай. Он үш нәрестеден жалғыз Балташ деген баласы ғана қалған. Тұс-тұсынан аузын айдаһарша ашып, анталап келген, қиядағыны қиып түсетін, ордағыны орып түсетін сұм ажалдың ұзын құрығына түспей қалғаны сол ғана. Бірақ, оның өзінің де дәм-тұзы көп болмады, Ұлы Отан соғысы басталғанда Балташ оқушы екен. 1943 жылы соғыстың ең бір қызып тұрған кезінде мектеп оқушысы болып білім алып жүргеніне қарамай, майдан даласына аттандырылған. Үлкен шаңырақтың үкілеген бар үміті, шаңырақтағы маздаған оттың жалғыз шырағы. Балташ ағамыз 1944 жылы қан майданда қаза тауыпты. Иманды болсын, пейіште нұры шалқысын. Он екіде бір гүлі ашылмаған, күнәдан пәк, иманы таза жасөспірім еш жазықсыз жер көктің қақ жартысын ақ ажалдың оғы болып жалмап тұрған қан майданда опат болып кете барды.
Балташтың артынан қара қағаз келгенімен Пішембай атамызға ел-жұрт естіртпеген. Қасірет арқалаған, өлшеусіз қайғы әкелген бір жапырақ қара қағаздың адам көтере алмас ауыр салмағы еңсесін жаншып, онсыз да лүпілдеп соққан жүрек шыдамас деген болар. Одан жалған болса да үміт жақсы. Әйтеуір күндердің бір күнінде «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» демекші, майдан даласынан оралар-ау деген өлмеусіреген үміт, алдамшы арман, селкеу түскен сенім аз да болса дәтке қуат.
Жалғыз ұлдың аман екендігіне, әйтеуір қан майданның бір жерінде жүргендігіне әке-шешесі кәміл сенетін. Қырқадан қарайып, біреу көрінсе, қара жолдың бойында шаң көтерілсе, жолаушыдан хабар болып қала ма деп ет жүректері елжіреп, жанарларынан жас тамшылап, күн салып қараудан көздері де, өздері де талмайтын. Менің жарығым, жалғыз ұлым, айым мен күнім, ендігі өмірімнің бар мақсаты мен мұраты, алдамшы мынау дәуірдің алданышы күндердің бір күнінде бір хабарын берер-ау деп тосатын еді әкесі мен шешесі. Майдан даласынан келетін үшбұрыш хаттарға елеңдейтін. Жараланып оралған жауынгерлерден сұрайтын. Тіпті, Еділдетіп Оралмен қайтқан қаздың қанатынан соққан лебіне де, Сарыарқаның самал желіне де елеңдейтін. Тас қараңғы түнде шер тұнған шиқылдақ босаға сықыр етіп есік қозғалса, бастарын жастықтан жұлып алатын, құлыным келіп қалды ма деп. Бірақ, ажал оғынан опат болған адам келуші ме еді? Келген жоқ.
–Кешегі кеңес заманында төре тұқымынан екенімізді айта алмадық. Айтқызбады. Айтқызбаған сол дәуірдегі саясаттың салқыны. Ал, бүгінде еліміз егемендік алып, азат, бостан күй кешкенде ата тегіміз туралы ауыз толтырып айтуымызға әбден мүмкіндік бар. Абылайдан бері таратсам, ата шежіресі былайша өрілер еді: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім. Біз сол Шыңғыстан тарайтын ұрпақпыз. Бұл арада шатастырып алмау үшін ара-жігін ажыратып айта кету керек. Шыңғыс деп отырғаным кәдімгі Шоқанның әкесі Шыңғыс емес, аттасы. Шыңғыстан Оңтай, одан Жанбөбек, одан Мұқитан туады. Ал, Мұқитан атамыздың Пішембай, Кішібай деген екі ұлы болған. Біз Кішібайдан туғанбыз,–дейді Сансызбай Мұхитанов.
Бір кезде елдің тұтастығы, берекесі мен байлығы, ырысы мен ықыласы үшін ата жаумен алысқан төре тұқымының толайым еңбегін ел ұмытса, оның да өзіндік себептері болды. Қазақ халқының басынан небір қырғын өтпеді десеңізші. Алдымен, ақ қашып, қызыл қуған аласапыран, одан соң ақсүйек жұт жылдары, кейін қанды қылышын жалаңдатқан Кеңес өкіметі. Сөйтіп, сан ғасыр бойы Алаштың арда жұртының қамы үшін жан алып, жан беріскен ғаламат шайқастарды басынан кешіріп, ерлігі мен өрлігінің арқасында жалпақ жұртын аман алып қалу үшін алысқан әулеттің еңбегі ұмыт бола бастаған. Ұмыт бола бастағаны емей немене, Көкшетау қаласының іргесіндегі Ивановка селосынан төменірек жергілікті жұрттың тілінде «Хан сүйегі» деп аталатын төбедегі Уәли ханның мүрдесі жатқанын білмей келсе.
Әнебір жылдары Көкшетау қаласының тап іргесіндегі Қазақстан ауылында ұлт жанашыры, белгілі геолог, ғалым Айтқажы Қазбеков ағамыз бен ол кісінің жұбайы Шәми апамыз Ұлы Отан соғысынан оралмаған майдангерлердің аруағына бағыштап ас береді. Ауыл қотанында қан майданда опат болған ел азаматтарының есімдері жазылған обелиск орнатылады. Боздақтарға арналып құран оқылған соң тіршіліктің ұзын-сонар әңгімесі басталмай ма. Сол әңгіменің бірінде ауыл ақсақалы Есләм Иманқұлов Ивановка селосының маңындағы «Хан сүйегі» деп аталатын төбедегі Уәли ханның мүрдесі жатыр деген деректі айтады. Ақсақалдың айтуына қарағанда төре тұқымы жерленген бұл зиратта отыздан астам адам мәңгілік дамыл тапқанға ұқсайды. Есләм ақсақал айтқан екен:
–Бала кезімізде ауыл ақсақалдары бұл төбенің басында төрелер жерленген деп айтатын. Кейін ойнап жүргенімізде төбенің етегінен адамның жілігін тауып алғанымыз да бар. Елдің үлкендері құран оқып, кешірім сұрап, қайта көмген еді. Сол уақытта жұрт бұл жерді хан зираты деп атайтын. Ал, сүйектің сыртқа шығу себебі, адамдардың ашкөздігінен болуы мүмкін. Хан тұқымы өмірден озған мәйіттерді жерлегенде өздерімен бірге тұтынған бұйымдарын, асыл заттарын бірге көмеді деген аңыз желдей қаулап тұратын. Оңай олжа іздеген келімсектер көне қорымды ақтарып, осындай заттар іздесе керек. Әйтпесе, аруақ құдайға шет болатын мұсылман жоқ қой.
Астан соң көкшетаулықтарға есімдері белгілі қаламгерлер Естай Мырзахметов, Нұрхан Ысқақов, Сәкен Хасенеев, Төлеген Қажыбаевтар арнайы төбеге көтеріліп аралағанда, жартылай жерге көмілген, ортасынан бөлінген зират тасын көрсе керек. Қаншама уақыт жатқаннан кейін тастың бетін мүк пен қына басыпты. Кейін ол тас Көкшетау қаласына жеткізілді. Тастағы жазуды қазақтың үлкен оқымыстыларының бірі Сейтен Сауытбеков оқып, анықтаған. Онда былай деп жазылыпты: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі, әрбір жан өлім дәмін татады. Құпия Ұлы да Ұлағатты Алладан, сыпайылық та Алла Тағаладан. Қазақшасы: 1782 жылы өз ықтиярымен, ел-жұртымен, Русия мемлекеті патшасының қарары /мен/ Орта жүздің ханы /сайланған/ Уәли хан Абылай хан ұлы 1738 жылы туып, 1820 жылы фәниден бақиға көшті. 86 жасында. Жазу қырғыз-қазақ сұлтаны Сұлтан-Ғазы Уәли хан /ұрпағы/ /бұйрығымен/ жазылды».
Сансызбай аға қанша ықыласты болса да, жалғыз өзі зәулім кесене тұрғыза алмас еді. Арада біраз уақыт өткен, бірде жазушы Естай аға қаттырақ айтса керек:
–Шырағым Сансызбай, арғы атаң Абылай көрген түс шындық екен ғой?!
Әлгі сөз Сансызбай Кішібайұлының шымбайына қатты батады, өйткені, бар Алаш баласы білетін түс жоруында ханның соңғы ұрпағы бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып кетпей ме?.. Жазушының астарлы сөзі шымбайына қатты батқан соң білек сыбана кіріскен.
Сөйтіп, Орта жүздің соңғы ханы Уәли Абылай хан ұлының мәңгілік дамылдаған орны, жер бесігі табылды. Көкшетаудың бас көтерер бір топ азаматтары Сансызбай Мұқитанов бас болып күмбезін күн сүйген айшықты мазар тұрғызды. Аруақ разы болуы үшін. Кейінгіге белгі. Ұрпаққа аманат. Қалай болған күнде де қасиетті хан аруағы есімін қастерлейтін қалың қазағына разы!

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар