Жемқорлықтан ада қоғам құрамыз десек…

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халқымызға арнаған биылғы Жолдауындағы белгіленген міндеттердің бірінде «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады» деп нақты айтылған. Болашақ бүгіннен басталады. Олай болса, заманымыздың ертеңі – жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеумен қатар, қазіргі қоғам дерті – жемқорлық пен сыбайластықтан сақтанса бүгінгі билік басында отырғандардың басты назарындағы міндеттердің бірі болуы тиіс.
«Тәрбие – тал бесіктен» деген ұғымның мәңгілік екенін есте ұстауымыз керек. Үнемі жадымнан шықпайтын «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген бір керемет даналық сөз бар, балаларымызды тазалық пен адалдыққа қазірден тәрбиелемесек, ертеңгі күні сол ізгі қасиеттерді олардан қалай талап ете аламыз. Жас ұрпақ өкілдеріне біздің кітапхана қабырғасында беріліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жұмыстары адал, өз ісіне берік, жауапкершілігі мықты азаматтарды қалыптастыратынына сеніміміз мол және бұл жұмыстар үздіксіз жалғасын табады. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Сондықтан да, еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Осы мәселеге орай, өзім басқарып отырған М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы да тегеурінді жұмыстарды жүйелі түрде, жоспарланған тақырыптар бойынша атқарып отыр. Мәселен, «Сыбайлас жемқорлық – мемлекет қауіпсіздігіне қатер», «Жемқорлыққа жол жоқ!», «Жеті жұттың бірі – жемқорлық» деген жалпылама тақырыппен биылғы жылға жоспарланған жұмыстар алдымен екінші жартыжылдыққа, кейін тоқсан сайынғы жоспарлар тізіміне еніп, облыстың барлық аудандарында, қалалық кітапханаларда әртүрлі аудиторияларда өткізіліп келеді. Сонымен, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өткізілген іс-шараларға тоқталмақпын. Кітапхананың мерзімді басылымдар бөлімінде екі тілде «Коррупция – мемлекет қауіпсіздігіне қатер» атты көрме ұйымдастырылды. Ал, 29 мамыр күні кітапхананың көпшілік іс-шаралар бөлімінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша «Жеті жұттың бірі – жемқорлық» атты өзекті диалог болып өтті. Іс-шараға арнайы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінен мамандар шақырылып, олар жиналған көпшілікке өздерінің атқарып отырған жұмыстары жайлы және жемқорлықпен күрес жолдарын айтып берді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі болып отырғандықтан жоспарлаған шаралар қалалық қазақ, Станциондық қалалық кітапханаларында, сондай-ақ, Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Есіл, Сандықтау, басқа да аудандық және ауылдық кітапханаларда өткізілді.
Сыбайлас жемқорлық – бұл тек өзінің жеке басының мүддесінде мемлекеттік функцияларды пайдалану дегенді білдіріп қана қоймайды.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық дегеніміз – бұл заңдарды айналып өту арқылы өз мүддесін де материалдық және заңдық артықшылықтарды да алу, «өзінің» адамдары есебінен жеке басының мәселелерін шешу. Ең бастысы – мемлекеттік қызмет көрсету сапасының төмендеуі, криминалды құрылымдар позициясының күшеюі, халықаралық лаңкестік және экстремизм секілді сыбайлас жемқорлықтың даусыз теріс салдарының орын алуы да осыдан десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық мәселесінің саяси құрылымы экономикалық дамуының деңгейіне қарамастан барлық елдерге тән болғандықтан әлемдік деңгейдегі мәселеге айналып отыр. Ал, біздің мемлекетіміз – Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықты жеңу мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте Елбасымыздың бастамасын қолдау, қауіпті кеселмен бітіспес күрес жүргізу – тек құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтың парызы деп білемін. Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып жатқаны ақиқат. Әсіресе, бұл шаралар мемлекеттік қызмет саласында ерекше назарда болып отырғандығы да жасыратын нәрсе емес. Дегенмен, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет-ақ. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Сондықтан да, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиісті. Сіз бен біз де сол қоғамның мүшесі екенімізді ұмытпағанымыз абзал.
Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті болса, біз өзіміз күнделікті көріп жүрген берекесіздіктерге немқұрайлылық танытпауымыз керек. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып тосқауыл қоюымыз қажет.
Елбасы әр Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресті нақты міндеттерімен айқындап беруде. Биылғы Жолдауында
«… Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкерлер тексерушілерден қорықпауға тиіс» деп атап өтті. Олай болса, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, тұғыры биік тәуелсіз еліміздің азаматтарын тәрбиелеуде біздің кітапхана қызметкерлері де ел мүддесіне зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Талғат ЫБЫРАЕВ,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар