Әсерлі кездесу жастар үшін нағыз патриоттық тәрбие болды

«Өткенді танып-білмей, болашақ жоқ». Қанатты сөзге айналған осы бір тәмсілдің растығын Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің патриоттық тәрбие мектебінің мүшелері Ақмола облысының еңбек ардагерлері және құрметті азаматтарымен жуырда өткен кездесуде бүкіл жан дүниелерінен өткізгендей болды.

Әр адамның өмірінде, сол жанды өзі өмір сүріп жатқан ортаға басқаша көзқараспен қаратқандай, айналаға жіті көз салдырып, жаңа қадамға бастатқандай бір өзгеше сәттер болады. Бұл күні біз, біздің оқу орнының жастары да осындай өзгеше күй кешкендей сезіндік. «Бәрі белгілі бір нәрсеге сүйіспеншіліктен басталады» деген ұғым бар. Мәселен, өз Отаныңа, айналаңа, алтын ұя – мектебің мен ұстаздарыңа… Осыны ұқтырған университет қабырғасындағы белгілі тұлғалармен кездесу шын мәнісінде, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың бірін-бірі одан әрі жете тани түсуіне алтын көпір болды десек, артық емес. Кездесуге келген жандардың бәрі еліміздің, соның ішінде атақты Ақмола, Көкше өңірлерінің дамып-өркендеуіне өз еселі еңбектерімен, ерен құлшыныстарымен лайықты үлес қоса білген қоғамымызға белгілі есімдер.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны мәлім. Сондықтан, осындай үлкен асу алдында студент жастарымызбен емен-жарқын дидарласып, жылда дәстүрге айналған Қарттар мен егде адамдар айлығында өз бай тәжірибелерін, өткен күннен әсерлі естеліктерін ортаға салуға келген ардагерлеріміздің қатары қалың болуы да жайдан-жай емес еді. Әр өнегелі өмір иесін тыңдаған сайын жас ұрпақтың көңіл көкжиегі де ақыл-парасат, тәліммен кеңейіп, болашаққа мәнді жол салынбай ма?! Осыны біліп келген қонақтарымыздың арасында облыстық білім басқармасының бастығы болып қызмет атқарған Тельман Мұқышев, тоқсаныншы жылдары Көкшетау облысы әкімінің орынбасары болған денсаулық сақтау саласының үздігі Болат Жанәділов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бесінші және алтыншы шақырылымындағы депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Көкшетау ауыл шаруашылығы институтының негізін қалаушы, экономика ғылымдарының докторы Бақыт Жүнісов, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам қайраткері Мейрамбек Қиықов, республикалық ардагерлер кеңесі Ақмола облыстық филиалының төрағасы, белгілі аудармашы-журналист Ғосман Төлеғұл, осы филиал төрағасының орынбасары, Шағалалы агротехникалық колледжінің бұрынғы директоры Амангелді Ақынов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, есімі көпке белгілі Шияп Әлиев, Қазақстан Республикасы тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарихшы ғалым Қадыржан Әбуев, белгілі әнші, ақын-сазгер Иран сал Тасқараұлы, Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы Мейрам Ғибәділов бар.
Кездесу диалог түрінде өте қызғылықты өтіп, студенттеріміз тарапынан Елбасы Жолдауы, саясат, білім, ардагерлердің өмір жолдары болсын, мәнді сауалдармен өрби түсті. Әр ардагер туралы көптеп айтуға болатын жылы жүздесуде талайды көрген аға ұрпақ өкілдері елге адал қызмет еткен жеке өнегелерімен-ақ жастарды өздеріне тартып, әңгіме ауанын әсерлі де пайдалы арнаға бұра білді. Қонақтар бұл орайда, өз жеке қабілеттерін де ортаға салып, бірі домбыра тартса, бірі жыр оқып, жиналған жас буын жүрегіне өнер дәнін де сепкені бір ғанибет. Осы емен-жарқын отырыстан ұл-қыздарымыздың көріп-білгені шынында аз емес. Айталық, сот саласының білгірі Мейрам Ғибәділов ағамыз облыстық телеарнада «Құқық логикасы» хабарын жүргізген сәттерін қимастықпен еске алса, халқымыздың белді өнер өкілі Иран сал Тасқараұлы әннің өзін де, сөзін де бір өзі жазғанда не шабыттандыратынын да ортаға салуды ұмытпады. Ал, тіл қадірін білетін Ғосман Төлеғұл латын әліпбиіне көшудегі бүгінгі қадамымызды қолдап, оның мән-маңызын жастар құлағына жете құйып берді. Бұған қоса, Елбасы Жолдауы, оның жастарға қамқорлық тұрғысындағы жаңаша сипаты, бүгінгі тәуелсіз ел жас-
тары қандай болуы керек деген орайдағы студенттеріміз әлі терең бойлай қоймаған танымдық ой-пікірлер қаншама.
Соның ішінде оқу орнындағы патриоттық тәрбие мектебінің мүшелеріне тәуелсіз елімізді қорғау, әсіресе, Отан деген қастерлі ұғымға үлкен сүйіспеншілікпен қарау, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде туған жердің қадір-қасиетін білу бағытындағы осындай ой саларлық әңгімелер өте дұрыс болды деп білеміз.
Осынау бір есте қаларлық тағылымды кездесуді ашып, жүргізіп отырған университет президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ақмола облысының құрметті азаматы Сағынтай Елубаев шараны қорытындылай келе, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасындағы бұл сабақтастық жастардың өз бойларына үлкендерде бар ең жақсы қасиеттерді сіңіре түсулеріне мол септігін тигізгендігіне сенім білдірді.
Шынында да солай. Студент жастарымыздың кездесу аяқталған соң да тарқап кетпей, абзал аға-аталарымен емен-жарқын шүйіркелесе түсуі тек осының нышаны болса керек. Өмірдің тәлімді мектебінен өткен мұндай бетке ұстар азаматтармен осы тектес жарқын дидарласулар қашанда қажет. Өткенді білу, жастардың өз болашағын дұрыс бағамдауы үшін!
Ж.ДОСМҰХАНОВА,
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің
баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар