500-ге тарта көшенің атауы қаралды

Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпованың жетекшілігімен облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысы болып өтті.

Комиссия жұмысына оның мүшелері мен облыс аудандары мен қалаларынан жергілікті жерлердегі тіл мәселесіне жауап беретін бірқатар басшылар қатысты. Бұл жолы комиссияда елді мекендер мен көшелердің мемлекеттік тілге ауыстыруға ұсынылып отырған 484 атауы қаралды. Бұған дейінгі ешбір комиссия отырысында бір мезгілде мұнша атауды қарап бекіту туралы әңгіме болып көрген емес. Бұл – біздің облысымыздың, соның ішінде тілдерді дамыту басқармасы мен жергілікті жерлердегі тіл бөлімдерінің осы шаруаға белсенділікпен кіріскендігін көрсетсе керек. Оған алдымен, сол аудан, қалалардағы бірінші басшылардың да ұйытқы болып отырғандығы құптарлық жай.
Мәселен, Целиноград ауданынан осы жолы елді мекендер мен көшелердің атауын қазақшалау жөнінен 229 ұсыныс келіп түскендігін ерекше атап өтуге болады. Бұл ономастика комиссиясының қарауына келіп түскен бүкіл атаулардың тең жартысына жуығы. Әсіресе, бұл ауданда ендігі жерде құлаққа түрпідей тиіп келген Малотимофеевка селосының Аққайың, Антоновканың Опан, Красноярканың Жарлыкөл, Краснояр ауылдық округінің Жарлыкөл ауылдық округі, Максимовка ауылдық округінің Арайлы ауылдық округі, Максимовка селосының Арайлы, Фарфоровое селосының Ынтымақ ауылы болып өзгеретіндігі құлаққа жылы тиеді. Тағы басқа селолар мен округтер осындай жаңаша атауларға ие болмақ. Олардың біразы бұрын ұмыт қалған тарихи атаулар. Ал, өзгертілгелі жатқан көше атаулары да біршама. Мұның бәрі әрине, қуанышты.
Басқа аудандарда да осы бағытта біраз жұмыстардың атқарылғандығы байқалады. Әсіресе бұл тұрғыда уақыт талабын түсініп, өздеріндегі бұрынғы орысша атауларды қазақшалауға көшкен Бұланды, Зеренді, Жарқайың, Бурабай, Сандықтау аудандары мен Степногорск қаласын атап өтуге болады. Рас, бұларда әзір көше атаулары өзгертілуде. Бірақ, әлі де болса самсап тұрған елді мекендердің орысша атауларына да кезек келер деп ойлаймыз.
Тек бұл үшін осы тұрғыдағы кеше, бүгін басталған жұмыстарды тоқтатпау керек. Ең бастысы, жергілікті жерлерде халыққа мәселенің ау-жайын дұрыс ұғындырып, соңғы нәтижеге күш салғанда ғана істің беті бері қарайтындығы қаперден шықпаса екен.
Рас, соңғы кездегі үрдіс бойынша бұл жолы да орысшадан қазақшаға ауыстырылатын көшелерге жоғары жақтың ұсынысы бойынша кісі аттары емес, жалпылама атаулар таңдалған. Бұрынғы өткен белгілі тұлғаларымыз бен бүгінгі қайраткерлеріміздің де аттары кездеседі. Бірақ, аз. Көбіне республика ұсынған тұлғалар алынғандықтан, елге еңбегі сіңген жергілікті адамдардың аты-жөндері некен-саяқ. Осыған байланысты ономастика комиссиясы мүшелерінің жоғарыдан ұсынылған мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет, өнер өкілдерімен бірге, осы өңірден шыққан көрнекті тұлғаларды да ескеру қажеттігі туралы ұсыныс-пікірлері орынды деп білеміз.
Сол жоғарыдан ұсынылған жалпылама атаулардың өзінде мән-мағынасы бұлдыр, көше атауына жарамайтын түсініксіздеріде бар. Комиссия осындай атаулардың бірқатарын қабылдамай, кері қайтарды. Олар Кемеңгер, Таңатар деген сияқты атаулар. Мәселен, Кемеңгер көшесі деп қалай айтасыз?! Сондай-ақ, кейбір жерлерде сонша жыл шаруашылықты басқарды, оның дамуына үлес қосты деп кешегі кеңшар директорларының атына да көше бере бастаған. Осындай бір-екі ұсыныстар дауысқа салына келе, кері қайтарылды. Себебі, шаруашылық басқарған адамдар қай жерде де бар. Оларға көше атауын беруді бастап жіберсек, арты қалай болады?!
Жалпы, жергілікті жерлердегі осы іспен айналысатын басшылардың құлағына алтын сырға, кез-келген көшеге заман талабына сай тілге жатық, жақсы, мағыналы атауды қиналмай-ақ табуға болады. Оған қазақтың бай сөз қоры да, көне жер-су атаулары, тарихи атаулар да, таңдап алар тұлғалар да жетеді. Соған қарамастан, бір селолық округтің өзінде қатарлас екі елді мекенге көше атауларын таңдағанда қайталаушылық кездеседі. Комиссия мүшелерінің ондайдың да оң-солын ескере білулері дұрыс.
Басқарма басшысы Марал Қажыкенқызының айтуынша, зерттей келгенде, облыста әлі 22 Ленин, 30 Коммунистер, 20-дан астам Октябрь көшесі бар екен. Олар да біртіндеп өзгертіліп, көшелеріміздің атаулары тәуелсіздік рухына сай жаңаша сипат ала бастағандығына шүкір дейміз. Алда әлі бұл бағытта қыруар жұмыс тұр. Сондықтан, бүгінгі атауы өзгертілген бес жүзге тарта көшені көпсінбей, елді мекендер мен көше атауларын әрі қарай да қазақшалай түсуіміз қажет.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар