Жобаның бергені мол болды

Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырған «Ауылым–алтын тұғырым!» көрме байқауының салтанатты марапаттау рәсімі болып өтті.

Облыстық білім және мәдениет салаларының, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, еңбек ардагерлері мен мұғалімдер қатысқан салтанатта облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рустам Бикенов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ел халқына арнаған Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жөнінде айтылғанын атап өтті.
–Осы орайда, облыстық білім басқармасы мен Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин музейі арасында ынтымақтастық орнатылып, этнопедагогикалық бағыттағы насихат жұмысы нығаюда. 2013-2015 оқу жылдары облыстық мәдениет басқармасының аталмыш музейі қала мектептерінің арасында «Мәртебелім – мектебім!» атты көрме байқауын ұйымдастырған болатын. Бұл байқауды «Ауылым – алтын тұғырым!» көрмесі жалғастырды,–деген басқарма басшысы мәдени шараның ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Көрме байқауына Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандарының 12 ауылдық мектебі қатысты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында 2016-2018 оқу жылдарын қамтыған көрмені облыстық білім басқармасы мен Мәлік Ғабдуллин музейі бірге өткізді. Мәдени шараға мәдениет мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, ауыл мектептерінің директорлары, мұғалімдері мен оқушылары атсалысты. Аталмыш музей директоры Құдайберлі Мырзабек өз құттықтау сөзінде көрме байқаудың арқасында бірқатар ауылдардың тарихы зерделеніп, жәдігерлер, аңыздар мен әңгімелер жинақталғанын,
«Ауылым – алтын тұғырым!» атты кітап жарық көргенін айтып өтті. Әр мектептің көрмесі бір ай бойы музейде көрсетілген болатын. Көрмелерді облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев бастаған қазылар алқасы көріп, мазмұны мен көркемдік деңгейіне әділ бағасын берді. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Біржан сал ауданындағы Сәуле орта мектебі жеңіп алды. Екінші орын Зеренді ауданының Қарабұлақ негізгі мектебі мен Біржан сал ауданындағы Казгородок орта мектебіне, үшінші орын Зеренді ауданындағы Ақкөл орта мектебі мен Бурабай ауданының Зеленобор мектеп-гимназиясына берілді. Барлық жүлдегерлерге диплом мен арнайы сыйлық табыс етілді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың атынан «Ақжол» демократиялық партиясы Ақмола филиалының төрағасы Бақыт Смағұл Зеренді ауданындағы Қарабұлақ негізгі мектебіне принтерді сыйға тартты. Сондай-ақ, байқауды өткізуге белсене қатысқан мұғалімдер Алғыс хатпен марапатталды. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасын тапты.

Рамазан Тілеуов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар