5,6 миллион тонна астық жиналды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласпаев жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы жылғы күзгі егін жинау науқанының қорытындылары және Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы-нан туындайтын алдағы міндеттер туралы айтып берді.

– Елбасының Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту жайы ерекше аталып өтті. Ел экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласын өркендету мемлекеттік маңызы бар мәселе ретінде қаралуы өте орынды. Сондай-ақ, мұның өзі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген біздерге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деп сөзін бастаған басқарма басшысының орынбасары аграрлық аймақ саналатын облыста ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатқандығын нақты деректермен айтып өтті.
Биылғы жылы ауа райы онша қолайлы болмаса да диқандар қауымы үшін табысты болды.
– Облыс бойынша 4,3 миллион гектар егістік алқапқа дәнді және бұршақ дақылдары себіліп, 5,6 миллион тонна астық жиналды. Гектар берекесі 13 центнерден айналды. Келер жылға қажетті тұқым қоры жасалды. Жалпы, биылғы жиналған астықтың сапасы біршама тәуір. Бұл көрсеткіш өңірдің агроөндірістік кешені мен ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға және жергілікті елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Димаш Таласпаев.
Ағымдағы жылы облыстағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдай өте күрделі болды. Арамшөптермен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары ауруымен және зиянкес-термен күресуге жете көңіл бөлінді. Облыста дән себілген 4,3 миллион гектар алқап химиялық өңдеуден өтті. Оның ішінде септориоз, шегіртке, италияндық прус сияқты өсімдік зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жіті көңіл бөлінді. Сонымен қатар, күзгі ораққа техникалар мен астық қабылдау орындарының дайындығы да ойдағыдай жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың тоғыз айында облыс бо-
йынша ауыл шаруашылық құрылымдары барлығы 200 өнімділігі жоғары комбайн, 210 трактор және 63 егіс кешендері сатып алынды.
– Облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының дайындығының арқасында мол астықты қысқа мерзім ішінде ысырапсыз жинап, қамбаға құйып алдық, – деп атап өтті Димаш Таласпаев.
Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануы, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдануы осылардың бәрі егін шығымдылығын арттырып, егін орағын неғұрлым қысқа мерзімде өткізуге игі ықпалын тигізгені анық. Осының арқасында облыстың экспорттық қуаты артып отыр. Қазіргі кезде облыс алыс-жақын шетелдерге 2 миллион тоннаға жуық көлемде астық экспорттап отыр.
Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары журналистердің сұрағы бойынша Qoldau.kz веб порталында егістік жерлердің электронды картасын жасау мәселесіне де тоқталды. Шешеннің сөзіне қарағанда облыс бойынша 2921 жер пайдаланушы 5,6 миллионнан астам гектар алқапта цифрландыру жүргізіпті. Сонымен қатар, жайылымдық және шабындық жерлерді де цифрландыру шарасы жүзеге асырылуда. Әсіресе, Целиноград ауданындағы «Астана өнім» акционерлік қоғамы және «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Бурабай ауданындағы «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәрізді ірі үш сүтті-тауарлы фермасы толық цифрландырылды.
Брифинг барысында журналистер спикерге егіншілік саласына қатысты өзге де сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар