«Оқжетпестің» футболшылары жүлделерін алды

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өткен жексенбі күні Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен «Ақтөбе-Жас» командалары арасындағы

соңғы 33-інші турдың ойынын тамашалап, футбол маусымының жабылу салтанатында оқжетпестіктерді бірінші лигада чемпион атануларымен құттықтады және клуб мүшелеріне біріншіліктің алтын медальдары мен арнайы сыйлықтарын тапсырды.

Бұл күні күн салқын болса да футбол жанкүйерлерінің қарасы көп болды. Ойын басталысымен-ақ екі команда да алма-кезек шабуылға шықты. Оқжетпестіктер қарсыластар қақпасына бірнеше мәрте қауіпті жағдай тудырды. Нәтижесінде шабуылшы Никита Баженов баспен соғып есеп ашты. Ойын қызып, алаң иелері шабуылын үдете түсті. Бір қарбаласта оқжетпестік ойыншы Мұхит Жақсылық екінші допты соғып, футбол жанкүйерлерін қуантты. Бірінші таймның соңғы кезінде ақтөбелік легионер ойын тәртібін бұзды. Санат Жұмахановтың тепкен айып добы қарсыластар қақпасына дөп түсті.
Екінші таймда да оқжетпестіктер жақсы ойын өрнегін көрсетіп, шабуылдарын жиілетті. Бір қолайлы сәтте тағы да Жұмахановтың тепкен добын ақтөбелік қақпашы ұстай алмады. Меймандар бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастырғанымен, ешқандай нәтиже шығара алмады. Ойын барысында оқжетпестік ойыншылар Мұхит Жақсылық пен Санат Жұмаханов қарсыластар қақпасына бесінші, алтыншы допты соқты. Ойынның ең соңында ақтөбелік ойыншы Нұрболат Батырханов айып добын сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартты. Сөйтіп, бұл матч-та «Оқжетпес» өз қарсыластарын 6:1 есебімен ойсырата жеңді.
Салтанатты шарада өңір басшысы бірінші лиганың чемпиондық жүлдесін «Оқжетпес» футбол командасының капитаны Ренат Абдулинге тапсырып, ойыншылардың бәрін алтын медальмен марапаттады. Сондай-ақ, Ярослав Багинскийге «Үздік қақпашы», команда капитаны Ренат Абдулинге «Үздік қорғаушы», Санат Жұмахановқа «Үздік доп соғушы», Никита Баженовке «Үздік шабуылшы» аталымын және арнайы сыйлықтар табыс етті. Бұл құрметтен «Оқжетпес» командасын Премьер-лигаға алып шыққан бас жаттықтырушы Сергей Попков та шет қалмады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар