Бейбіт күнде де ерлікке орын бар

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласында әлі дұрыс қата қоймаған өзеннің мұзы жарылып, суға кете жаздаған баланы ажалдан аман алып қалған бейбіт күннің батырлары Темірлан Шәріпбаев пен Жомарт Мардышевті қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

Облыстық әкімдікте өткен салтанатты шараға 8 жасар Даниил анасы Татьяна Владимировнамен бірге келді. Бақытсыздыққа ұласа жаздаған бұл оқыс оқиға өткен сенбі күні орын алған еді. Бұл туралы әлеуметтік желі жарыса жазды. Желі қолданушылары бейтаныс жігіттердің осы батыл қимылын «нағыз азаматтың ісі» деп жоғары бағалап, оларды марапатқа ұсыну туралы өздерінің тілектерін білдірген болатын.
Анасының айтуынша, ұлы Даниил Көкшетаудағы №4 орта мектептің 3-ші сыныбында оқиды. Баласының суға батып кете жаздағанын тек оны үйіне жеткізген кезде ғана білген. Ал, Даниил өзі құралпас балалармен Қылшақты өзенінің жағасында ойнап жүрген еді. Ойын баласы мұздың үстіне қалай шығып кеткенін білмейді. Мұздың қалыңдығын тексермек болдым дейді өзі. Жүзуді білмейтін жас бала суға тұншыға бастайды. Көмек сұрап айқайлаған баланың дауысын сол маңнан өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар естіп қалған. Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс колледжінің оқушысы Темірлан Шәріпбаев судан баланы құтқаруға әрекеттеніп жатқан адамдарды көріп, ойланбастан суға түсіп, баланы жағаға алып шығуға тырысады. Мұз қалың, әрі су суық болғандықтан, балаға жету оңай болмапты. Сол сәтте оған Жомарт Мардышев деген тағы бір жігіт көмекке келіп, екеулеп баланы жағаға жеткізеді.
– Мен көпірдің үстімен үйге бара жатып төменде адамдарды және айқайлап жатқан баланы байқап қалдым. Сонда жүгіріп бардым. Бала 8-9 жас шамасында, ол судың ағысымен әрі қарай кетіп бара жатты. Мен бірден көп ойланбастан мұзды жарып, оны құтқаруға ұмтылдым. Біреулер арқан лақтырып жатты, бірақ, одан нәтиже болмады. Сол сәтте тағы бір ер адам көмекке келіп, екеуіміз бірлесіп, баланы жағаға алып шықтық. Кейін бір апай мені колледждің жатақханасына дейін жеткізіп тастады. Онда мені коммендант күтіп алып, жылы киім мен шәй берді, – дейді Темірлан. Ал, онымен бірге баланы құтқаруға қол үшін берген Жомарт:
– Біздің ойымызда тек суға кете жаздаған баланы құтқару ғана болды. Менің де екі балам бар. Сондықтан, жалғыз мен емес, менің орнымда болған бала-шағалы ата-аналардың барлығы осылай істер еді. Бұл арада ерекше алғыс сезімін, өзі колледж оқушысы бола тұра, тайсалмастан осындай ерлік қадамға барған Темірланға айтуымыз керек, – дейді.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Даниил мен оны құтқарған жігіттерден оқиғаның қалай болғанын өз ауыздарынан ести келе, оқыс оқиға кезінде ерлік танытқандарға алғысын айтып, бағалы сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар, балаға бұдан былай ата-анасының бақылауынсыз өзен-көлдерге бармауына кеңес берді.
– Бүгінгі күні қоғамда қысылтаяң сәтте біреуге көмекке келуге дайын тұратын мұндай сергек азаматтар көп кездесе бермейді. Олардың ерлікке пара-пар әрекеті мен жедел қимылының арқасында ғана жас бала аман қалды. Біз сіздермен мақтанамыз. Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келмейді, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментінің өкілдеріне баланы құтқарған азаматтарды ведомстволық марапатқа ұсыну туралы тапсырма берді.

Аслан Оспанов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар