Қоғамдық қабылдауға үмітпен келіп, қуанып шығады

Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнел Ерденова тарапынан қазан айында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізуде айта қаларлықтай жұмыстар атқарылды. Есепті кезеңде халық қалаулысы 25 адамды қабылдады. Азаматтар өз өтініштерінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу мәселелерін көтеріп, бұларға тыңғылықты жауаптар қайтарылды.

Аталған жұмыстармен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің халқымызға арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді түсіндіру бойынша ауылдық округтердегі сайлаушылармен және Есіл қаласындағы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізілді. Аудандағы ауылдық округ тұрғындары шара барысында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шағын несие алу, «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болу мәселелеріне ерекше ықылас қойды. Ал, Есіл қаласының көпбалалы тұрғыны Наталья Ивановна Бродовская «Күміс алқа» алу рәсімінің ұзаққа созылатынына қынжылыс білдірді. Бұл өтініш бойынша депутат жазбаша сұрау салып, нәтижесінде аталған марапаттың тапсырылу мерзімі жеделдетілді. Өтініш берушіге Мемлекет басшысы «Күміс алқамен» марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғаны жөнінде хабарланды.
Сондай-ақ, жеке тұрғын үй секторында тұратын жалғызілікті зейнеткер Т.П.Кузьмина қоғамдық қабылдауда болып, тұрғын аумағына ауыз су жеткізу туралы шағымданған болатын. Бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазіргі күні мұндағы үйлерге Есіл коммуналдық қызметі су тасымалдау ісін ұйымдастырды.
«Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына келген әрбір азаматқа өтініштері бойынша нақты жауаптар беріледі. Игі үрдістегі жұмыс алдағы кезде де жалғасын табады. Мұндай кездесулер тұрғындардың жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен бетпе-бет пікірлесуіне мүмкіндік береді және түпкі нәтиженің толымды болатындығына сенім қалыптастырады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *