Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов: «Тағы да Жолдау туралы…»

Ғасырдан астам тарихы бар «Арқа ажарының» қоңақжай шаңырағында арғы-бергіде халқымыздың талай игі жақсысы болған, редакция ұжымымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған. Сондай салиқалы кездесудің бірі жақында өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың журналистермен жүздесуде ортаға салған ойларының бір парасымен газет оқырмандарын таныстыруды жөн көрдік.

Сіздер жұмыс істеп жатқан жер, сіздер еңбек ететін редакция қай жағынан да ерекше. Жаңа ғана редакция ғимаратының алдындағы мемориал тақтаны көріп біраз ойға қалдым. Расында да, «Арқа ажары» – дәстүрі терең басылым. Бұл газеттің жасы «Егемен Қазақстаннан» да үлкен. Осының қадірін ерекше айтайын деп едім.
Бүгін Жолдау жарияланған күні «Бетпе-бет» бағдарламасына берген сұхбатымның жазбасы газеттеріңізде жарияланыпты. Рақмет. Сол әңгіменің газетте басылғанына байланысты Жолдау туралы сөзді ықшамдап айтсам ба деймін. Өздеріңіз күн сайын осыны жазып жатырсыздар. Сіздерге Жолдау туралы сөзді өрбітудің өзі артық шығар. Дегенмен, кейбір жайларды, Жолдаудың төңірегінде қозғауға болатын фактілерді ортаға салсам деймін.
Жолдаудың жария етілген мерзіміне байланысты мынаны айту керек. Алғашқы күндерде әлеуметтік желілерде «Бір жылда екі Жолдау жасалғаны қалай? Бұл қай жылдың Жолдауы?» деген сияқты сұрақтар да қойылды. Бірақ осы формат, осы пішім көкейге әбден қонымды. Ана бір жылдары Жолдаудың жария етілген уақыты наурыз айына дейін барып жүрді. Оның талқылауы сәуірдің ортасына дейін созылатын. Нақты жұмыс содан кейін барып басталатын. Ал, мына Жолдаудың уақыты бізге көп мүмкіндік береді. Сенаттан кеше ғана келген Жәкең (Жабал Ерғалиев) жақсы біледі, мысалы, жылдық бюджетке өзгеріс енгізу оңай нәрсе емес. Оған уақыт керек. Көп талқылау керек. Бюджетке өзгеріс енгізу үшін биыл Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне мол мұрсат берілді. Жақында олар Президент қойған тапсырмаларға байланысты бюджетке өзгерістер, толықтырулар жобасын алып келеді. Оны комитеттер талқылағанша, жалпы отырысқа шығарып, Сенаттан өткізуге біраз уақыт жұмсалады. Қазір оған толық мүмкіндік бар. Бұл мерзімнің тағы бір жақсылығы – егер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүргізілетін жұмыстарға керекті, тиісті заңдарға өзгерістер енгізу қажет болса, біз оны да енгізіп үлгере аламыз. Үш айда – қазан, қараша, желтоқсанда заң жобаларын талқылауды өткізу әбден мүмкін. Әрине, Президент Әкімшілігінің бұл жөніндегі ойын білмеймін, бірақ, менің ойымша, алдағы кезде Жолдаулар күзде жасалатын сияқты көрінеді. Осы формат барлық жағынан ыңғайлы.
Ал, енді істің мәніне байланысты айтатын болсақ, еліміздің көңілдегідей дамып келе жатқаны ешқандай дау тудырмайды. Біздегі өркенді өзгерістерді көрмеу «көрмес түйені де көрместің» кебі. Мысалы, соңғы он жылдың ішінде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы алты жылға ұзарғандығы керемет жетістік. Қазір біздің орташа өмір сүру жасымыз 72,5 жасқа жетті.
Жалпы адам өмірінің ұзақтығы – адамның бақыттылығының басты бір белгісі. Ана бір жылы біз Норвегияға Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайын өткізуге бардық. Дәл сол күні 9 мамыр болатын. Елшіліктің жігіттері: «Біз Ресейдің елшілігімен бірлесіп бір іс-шара жасап жатыр едік, соған қатыссаңыздар қайтеді?» деді. Ол іс-шара Жеңіс күніне байланысты екен. Соғыста қайтыс болғандардың бейіттеріне гүл шоқтарын қою. Сол жердегі бір бейітке бардық. Ертерек барған екенбіз. Аралап жүрміз. «Не байқадыңыз?» деді елшілік қызметкері. «Жақсы, әдемі, күтім жасалады екен» деп жатырмын. «Жоқ, мына туған, өлген жылдарына қараңызшы», дейді. Қарадым. Таң қалдым. Журналистік әуестігім ұстап фотоға да түсіре бастадым. Бейіттегі адамдардың ішінде жасы 80-ге жетпей қайтқандары сирек екен. Біреуі 87-де, біреуі 85-те, біреуі 83-те, біреуі 77-де деген сияқты. Сонда қарасаңыз, норвегтердің орташа жасы 85-тің маңайында болып шығады. Ол деген үлкен жетістік қой. Өміріңнің дұрыс болғандығының басты белгісі – ұзақ өмір сүру, қартаю. Ұзақ өмір сүрудің қартаюдан басқа жолы жоқ. Қартайғың келмесе, онда өмірмен де ерте қоштасуға тиіссің. Адам ұзақ өмір сүру үшін қартаюы керек. Сол қарттықтың қамсыз болуы ерекше маңызды. Ал осы тұрғыдан қарағанда, Жапония болсын, Скандинавия елдері болсын, басқалары болсын, шын мәнінде өмірді толыққанды сүріп жатқан елдер. Мына 72 жыл 6 ай деген көрсеткіштің соңғы он жылдың ішіндегі ірі серпілістің нәтижесі екенін баса айту керек.
Жолдауда ең төменгі жалақыны өсіру, бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын 35 пайызға арттыру сияқты жақсылықтар жасалып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтің реформасы деген де үлкен мәселе. Біз өткенде жұмыс тобының отырысына қатысып, өз пікірімізді қостық. Біз мұны «Егемен Қазақстанның» бетінде осыдан алты-жеті жыл бұрын көтергенбіз. Қазір КСК-ларды институт ретінде жою жөнінде мәселе қойылып жатыр. Мен өткенде бір жерде сөйлегенімде «КСК – это лжедемократический институт» деп айттым. Өйткені, қазір ауданның немесе қаланың әкімі КСК-ның төрағасын немесе төрайымын жұмыстан ала алмайды. Сайланбалы қызмет саналады. «Саналады» деп отырғанымның себебі бар. КСК-ның төрағасын сайлауға кім барады? Он кемпір мен он шал барады. «Басқалар барады ғой» деп жүре береміз. Сөйтіп, сайланып алады да білгендерін істейді. Оның үстіне қазір үйлердің көбейгеніне байланысты бір үйде бір КСК емес, бір КСК-ға алты үй, жеті үй тиесілі. Алты үйден де ақша жиналады, содан кейін, мысалы, 37-ші үйдің тұрғындары ол ақшаның қаншасы өздеріне жұмсалғанын, 39-шы үйге қаншасы жұмсалғанын, 41-ші үйге қаншасы жұмсалғанын білмейді, оны білуі де мүмкін емес. Аналар айтса, ана кіреберісті жөндедік дейді, мыналар айтса, мына кіреберісті жөндедік дейді. Айналып келгенде жасалып жатқан жұмыс жоқ. Сондықтан, қазір тұрғындар өзінің мүддесі үшін жинауға тиіс ақшаның өзін жинамайды. Өйткені, КСК-ға сенбейді. Сондықтан, қазір КСК-дан басқа пішімге ауыстыру жөнінде әңгіме болып жатыр.
Одан кейінгі Жолдауда айтылған өте маңызды жағдай – көлеңкелі экономика. Көлеңкелі экономиканың көлемі қазір Қазақстан экономикасының шамамен үштен бір бөлігін құрайды. Бұл өте қауіпті тенденция. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі 158 мемлекеттің ішінде 107-ші орында тұр. Салықтан жасырынғандардың көбеюіне осы отырған өзіміз, бәріміз тікелей кінәліміз. Үйімізді жөндесек, ақшаны қолға береміз. Үй салдырсақ, ақшаны қолға береміз. Өйткені, сол жұмысты атқарушымен шарт жасасып, тиісті параметрлері бойынша толық төлеу бізге әлдеқайда қымбатқа түседі. Пәлен мың кірпіш деп санаса, әр кірпіштің қалауы мұнша теңге десе, шынында да құрылыстың құны өсіп кетеді. Ал бізге аз төлеу тиімді, салық төлемеу оларға тиімді. Екі ортада мемлекет қып-қызыл ақшадан айырылып отыр.
Көлеңкелі экономиканың тағы бір бәлесі – қолма-қол ақша. Астанада Бауыржан Момышұлының көшесінің бойында «Прага» дүкені бар. Бір балдызым пәтер алғанда люстра сыйлағанбыз. Ол кезде сол дүкенде карточкамен төлейтін терминал болмады. «Жақында орнатамыз» деген. Содан бір жылдан кейін тағы бір балдызым пәтер алып еді, тағы люстра іздеп сол жерге бардық. Бір жылдан кейін барсақ, тағы сол жағдай. «Вы же говорили в прошлом году» десек, «Не знаю, обращайтесь к руководству» дейді. Қаланың қақ ортасындағы «Прага» дүкенінде карточкамен төлеу мүмкін емес. Ал, кейбір терминал қосқан жерлеріне барсаңыз, «бұзылып қалды» дейді. Сол бұзылып қалды дейтін жерлердің, іске қоспай отырған жерлердің барлығында бір бәле бар. Әйтпесе күні бойы қолма-қол ақшаны жинағаннан, кешке оны санағаннан гөрі кешке қағаздан қарай салған жақсы емес пе? Мұның бәрі кеңес заманынан келе жатқан психология. 2002 жылы Президенттің сапарымен Италияда болдық. Ол кезде Президенттің баспасөз хатшысы Жанай Омаров болатын. Екеуіміз кешке мейрамханаға бардық. Официантка Украинаның қызы екен. «Осында келгеніме он жыл болды» дейді. Тамақ ішіп болып, карточкамызды ұсынсақ, жаңағы қыз қылмаң-қылмаң күлкісімен: «Не, сіздерде ақша жоқ па?» дейді. «Мынау ақша емес пе? Әлде терминал істемей ме?» десек, «Было бы хорошо, если бы наличка» дейді. Римнің қақ ортасында, айылын жимай айтып отырған сөзі. Сөйтіп, ақыры жылы-жылы сөзімен ақшамызды алып кетті.
Қазір салықтан жасырынған қаржыны айналымға шығару бойынша үлкен жұмыс жасалып жатыр. Мұның қаншалықты қиын шаруа екендігін мынандай цифрлардан көруге болады. Жолдауды жүзеге асыру тетіктері ретінде экономиканың көлеңкелі жақтарын үш жылда ең аз дегенде 40 пайызға дейін азайту бойынша кешенді шаралар жүргізу ойластырылған. Қазіргіден 40 пайызға азайту. Бұл – біздің еліміздегі үлкен проблеманың біреуі. Бұны шешетін бір жол – цифрландыру. Цифрландырудың қарқыны үдей түскен сайын бізде көлеңкелі экономиканың көлемі кішірейе береді, кішірейе береді. Көлеңкелі экономиканың көлемі кішірейген сайын мемлекетке салық түсу көбейе беретін болады. Әрі экономиканы жоспарлауға қазіргіден әлдеқайда көбірек мүмкіндік ашылады.
Жолдауда агроөнеркәсіптік кешенге байланысты үлкен әңгіме айтылды. 2025 жылға дейін азық-түлік өнімдерінің экспортын екі жарым есеге көбейту міндеті қойылып отыр. Бұл үлкен мәселе. 2007 жылы Бразилияға барғанда біз сол елден ет алатынымызды білдім. Таң қалдым. Ол кездегі Ауыл шаруашылығы министріне: «Не болды соншама?» дедім. Ол кісі: «Жоқ, бұл көп ет емес, мәрмәрлі ет, мейрамханалар үшін аламыз», – деді. Кезінде Кеңес Одағының бестен бір бөлігін етпен жабдықтап отырған Қазақстан қазір ет сатып алатын елге айналды. Бұл әрине, қабырғаңды қайыстыратын жағдай, бірақ шындық солай. Әрине, қып-қызыл валютаға жер түбіндегі Бразилиядан, Аргентинадан мұздатылған ет алып отырған Ресей Көкшетаудың, Қостанайдың құнарлы етін қуана-қуана алар еді. Біздегі сойыс пункттері, оның қаптамасы, стандарттары сақталып, еуростандарттарға келетін етті бере алатын мүмкіншілігіміз бар, алайда, біз оны жасай алмай отырмыз, сойыс пункттерін дұрыстап ретке келтіре алмай отырмыз. Малды кез келген жерде соя береміз. Малды бір орталыққа әкеліп сою қиын. Қазақ оған көнбейді. Содан кейінгі үлкен бір мәселе, газетте де жазатын бір тақырып – елден етке мал жинауды ұйымдастыру. Бұрын ауыл қазақтарында мал ақша табудың бір жолы болатын. Өйткені, артылған малыңа бір айда бір рет заготскоттың адамдары келіп тұратын. Кемінде үлкен-үлкен екі машинасы бар, үлкен таразысы бар, бұқа да, өгіз де, сиыр да сиятын. Соған малды қояды. Өздерінің ғылыми есебі бар (Кеңес кезінде бәрі де ғылыми негізде жүрді ғой), сүйекке қанша кететіні, теріге қанша кететіні белгілі, соның пайы-
зын бөлек шығарады да, мына малда мұнша ет бар деп сол жерде ақшасын қолма-қол беріп кетеді. Қып-қызыл ақша ауыл адамының қолында қалады. Ол сонда артық мал өсіруге, артық малды қолда ұстап отыруға үлкен мотивация болатын, жұрт тіпті базарға алып баруға уақыт жұмсап жатпайтын. Оның сыртында заготзерно деген тағы болды. Олар да өздері келіп дәнді, жемді алып кетеді. Заготзерно жемді алып кетеді, заготскот малды алып кетеді. Мал терісін тағы алып кетеді. Терілерге қазақтың қойшыларына Семейде, басқа жерде тондар тігіліп жататын. Солардың барлығы кезінде «аман-есен» қиратылған. Солар қалпына келтірілсе, әрине, басқа формада болса да, біраз шаруа өзгеруі керек.
Енді біз үшін бір қуанышты жағдайды айтайын. Біз әлеуметтік саланың адамдарымыз ғой. Кез келген ата-ана білім беруге қатысты, кез келген адамның шаруасы денсаулық сақтауға қатысты. Біз үшін ерекше қуанышты жағдай – алдағы бес жылдың ішінде денсаулық сақтау мен білім беруге бөлінетін қаржының ішкі жалпы өнімдегі көлемін 10 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Қазір бұл көрсеткіш 7,4 пайыз. Білімге бөлінетін шығын 4,2, денсаулық сақтауға бөлінетін шығын 3,2. Екеуін қосқанда 7,4 болады. Ал енді салыс-
тыру үшін айтатын болсақ, ОЭСР елдерінде денсаулыққа: Германияда – 9,5, Швецияда – 9,2, Жапонияда – 9,1, Норвегияда – 8,9, Францияда – 8,7 пайыз бөлінеді. Білімге бөлінетін қаржының көлемі де сондай. Дания, Исландия, Швецияда 6 мен 9 пайыздың аралығында. Францияда, Ұлыбританияда, Швейцарияда және АҚШ-та бұл көрсеткіш 6 пайызды құрайды, бізде 3 пайызды құрап отыр. Осындай-осындай үлкен мәселелер көп.
Мен сіздерге барлық жақсылықты айтып жатқан жоқпын, олардың бәрін күнде жазып отырсыздар, қандай проблемалар бар екендігіне назар аудармақпын. Президент осылардың барлығын жасырмай айтып отыр. Сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді де қозғады. 2017 жылы бұрмаланған өнімдердің негізгі бөлігі сүт және сүтті, майлы өнімдер, қоюлатылған сүт, қаймақ, сары май, ірімшік, йогурттар. Осындай өнімнің 493-ін тексергенде, 142-сі, яғни, 29 пайызы бұрмаланған болып шыққан. Қазір біздің сорымыз пальма майы болып отыр. Сутегін дейтіндей арзан, әкелуі де сутегін дейтіндей арзанға түседі. Оны сатып алатын жерлердегі адамдардың жұмыс күші де сутегін. Сол пальма майының көлемі біздің елімізде 46,6 мың тоннаға дейін өскен. Көкшетау шағын қала ғой, бұл жердің маңайы толған агрокешендер шығар. Көкшетауда қалай екенін қайдам, бірақ жалпы Қазақстанда пальма майының көлемі өте үлкен болып отыр. Өйткені, сатып алмау керек, болмауы керек деген заңды тетіктері жоқ. Ауылдық жерде пальма майына қарап тұрған ештеңе де болмас еді, өзіміз еңбекке жоқпыз, енжармыз, қай жерге барсаңыз да ауылдық жерде отырып азық-түліктің қымбаттығын айтады. Иә, ауылдық жерде ештеңенің де керегі жоқ болар еді, егер келіндер сиыр сауса. Сиыр сауса болды, айран, сүт, ірімшік сатып алудың керегі болмас еді. Жоқ, міндетті түрде сүт сатып алу керек және оны сатып алу үшін автобуспен аудан орталығына бару керек. Тек малға шөп жинауға мойыны жар бермейтіндіктен, малды күту азап болып саналғандықтан, сиыр сауу қорлық болып саналғандықтан өзімізге өзіміз онсыз да жетпей жатқан ақшаны одан сайын тарылтып, жағдайды қиындатып отырмыз. Мемлекеттің миллиондаған қып-қызыл долларлары азық-түлік өнімдерін сатып алуға кетіп жатыр. Ол ақша мұнай мен газдан келіп жатқан қып-қызыл түсім. Осындай мәселелер көп.
Қазір елімізде жемқорлықпен күрестің нағыз майданы ашылып отыр. Ол күрес нақты нәтиже бере де бастады. 2010 жылы Грузияға бардым. Экс-президент марқұм Шеварднадзеден сұхбат алдым. Сонда жүрген екі күн ішінде көп адамдармен сөйлескенде (қазір грузиндермен сөйлесу де қиын, көпшілігі орысша білмейді), расында да, өмірлері өзгергеніне әбден көзім жетті. Қазір біз Ресей не десе, соның бәрін қайталай береміз ғой, Саакашвилиді ақымақ сияқты етіп шығарамыз. Басқа жағын қайдам, сол адамның қылмысқа, жемқорлыққа қатысты жасаған реформасы нағыз нәтиже берген. Өткенде екі күн бойы «Инвестиция жастарға» деген үлкен халықаралық конференция өтті. Сонда Грузияның бір азаматымен қатар отырып қалып, көп әңгімелестік. Сыбайлас жемқорлық жөнінде айтқанда «Мы почти искоренили» деді. Саакашвили кеткеннен кейін де сол реформа жалғасып, жемісін беріп жатыр. Неге? Өйткені, халыққа: біз грузинбіз, біз пара алмайтын халық болуымыз керек деген ұғым тараған. Бүкіл халықтың санасына сол ұғым он бес жылдың ішінде әсер етіп үлгерген. Грузин пара алмауы керек. Грузин үшін пара алу масқара. Осылай ойлай бастаған. Әрине, оның сыртында басқа себептері де бар. Мысалы, МАИ қызметкерлерінің айлығын пәленбай есе өсірген, мәртебесін көтерген, киімдеріне дейін өзгерткен. Халықтың санасына «Біздің халық үшін пара алу масқара, сүйекке таңба» деген ұғым сіңірілген.
Көптеген мәселелер бар. Тағы біреуін айтайын. Қазір біз соттасудан ұялмайтын, соттасудан қысылмайтын халыққа айналып барамыз. Бәлеқорлық бойға сіңіп бара жатыр. Қараңыздаршы, жыл сайын 4 миллион қазақстандық сотта қаралатын іске тартылады екен. 18 миллион адамның 4 миллионы. Оның 3 миллиондайы ұсақ-түйек айыппұлдар ғой, бірақ бәрібір 4 миллион адам сот ісіне қатысты болады. Бұл да үлкен мәселе. Немесе экспорт пен импорттың айырмасын алайық. Біздің сыртқа шығаратын өніміміздің құны 3,5 миллиард доллар, ал сырттан таситын өніміміздің құны 9,1 миллиард доллар. Импорт экспорттан үш есе артық. Бұған, әрине, комментарий жасаудың қажеті жоқ. Тағы бір алаңдарлық жағдай – Қазақстаннан сыртқа көшіп кету фактілерінің көбейе бастағаны. Бұл Көкшетау үшін, Солтүстік Қазақстан үшін ешқандай жасырын емес. Жақсы оқыған балалардың, соның ішінде қазақ балаларының да Ресейге барып оқуы көбейді ме? Әрине, көбейді. Оны жұрттың бәрі көріп-біліп отыр. Олардың ішінде таланттылары да бар, өте дарындылары да бар. Олардың ішіндегі ең мықтылары сол жақта қалып қоюы да мүмкін. Сөйтіп «Утечка умов» деген осындайдан басталады.
Жолдау туралы сөзімде ондағы көп мәселелердің қамтылмағаны үшін ғафу өтінемін. Өйткені, Елбасы Жолдауы – сан салалы, көп қырлы, күрделі құжат. Оны бір әңгімеде сарқа сөз ету мүмкін де емес. Бұл құжатты өздеріңіз күнде оқырманға насихаттап отыратындықтан газет қызметкерлері ретінде назар аударса дұрыс болар еді деген кейбір жайларға арнайы көңіл бөлуді жөн көрдім. Қалай қарағанда да Елбасы Жолдауы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бар мақсат-мүддесі халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге, әл-ауқатын арттыруға бағытталған жасампаздық жұмысының жалғасы екенінің даусыз дәлелі болып табылатыны талассыз.
Таспадан түсірген
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажары».

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар