Дәуір мен уақыттың шежіре есепшісі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың 20 қазанындағы Жарлығымен 8 қараша – Статистика күні деп жарияланды. Бүгінгі таңда Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары халықаралық стандарттарға сай жетілдіріліп, пайдаланушылар үшін қолжетімді болып отыр.

Маңызды саланың тарихына аз-кем тоқтала кетсек, статистика да басқа ғылымдардай адамдардың тәжірибелік сұраныстарынан пайда болды. Ежелгі дүниеде салық жинау кезінде, әскери қызмет атқарғанда және басқа қоғамдық мақсаттар үшін халықты санау, оларды жайғастыру тәрізді қызметтердің түрін есепке алу қажеттілігі туындаған.Статистиканың ғылым ретінде пайда болуын XVII ғасырдың екінші жартысына жатқызады. Саяси арифметикалық мектептің өкілдері У.Петти (1623-1687) және Д.Грацита (1610-1674) өз еңбектерінде статистикалық деректерді қорыту және талдау жолымен қоғамдық өмірдің заңдылығын негіздеу бо-йынша алғашқы әрекеттер жасаған. Саяси ғылымда «статистика» (1749) терминін неміс профессоры Г.Ахенвалль бірінші болып қолданған.
Қазақстан статистикасының тарихы ерте заманнан басталған. Бірінші Қазақ мемлекеті – Қазақ хандығы туралы статистикалық мәліметтерді растайтын тарихи дәлелдер бар. Ол Шу және Талас (қазіргі Жамбыл облысы аумағында) өзендері жағалауында құрылған. Алғашында (1459 жыл) халық саны 200 мың адам болған, ал, XV ғасырдың аяғында 1 миллионға жеткен.
Қазіргі Қазақстан аумағында азды-көпті орталықтандырылған және тұрақты статистикалық қызметтің пайда болуы XVIII ғасырдың екінші жартысына жатады. 1920 жылға дейін қазақ елінде аталған және жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірыңғай статистикалық орган болған жоқ. 1920 жылдың 8 қарашасы Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні деп саналады. Мемлекеттік статистиканың қалыптасуының бірінші жылдарында басты назар кәсіпорындардың есептеріне аударылған. Санақтар, зерттеулер және өзге де жұмыстар жүргізу нәтижесінде республика халық шаруашылығын қайта құру және дамыту бо-йынша басты міндеттерді шешуге қажетті экономиканы сипаттайтын статистикалық деректер жиналған. Кейінгі 98 жылдың ішіндегі үздіксіз даму жолында статистика өзгеріп, атауы ауыстырылды. 2014 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті құрылды. «Е-Статистика» интегралданған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру шеңберінде деректерді жинау және өңдеу бойынша үдерістерді автоматтандыру мақсатында Статистика комитеті респонденттерге on-line тәртібінде статистикалық есеп нысандарын электрондық түрде тапсыруға мүмкіндік берді. Есепті ұсыну үшін заңды тұлғаның электронды цифрлы қолтаңбасы қажет. Ағымдағы жылдың басынан бері on-line тәртібінде 135 мыңдай статистикалық есеп тапсырылды. Деректерді жинау және өңдеу бойынша үдерістерді автоматтандыру үшін, сонымен қатар, респонденттерге (әкімдіктерге) жүктемені азайту мақсатында әр шаруашылықты есепке алу кітабын электронды түрде жүргізу бойынша бағдарлама енгізілді. 2014 жылдан бастап статистика органдары ай сайын халықтың түрлі топтарының экономикалық қызметіндегі қатынасы, жұмыссыздық деңгейі, халықтың құрылымы, жұмыспен қамтылуы туралы мәліметтерді іріктеп, зерттеу өткізеді. Департамент сайтында пайдаланушылардың кең тобы үшін экономиканың барлық салалары бойынша тиісті ақпарат ұсынылған, Ашық есік күндері, баспасөз конференциялары, респонденттермен семинар-кеңестер өткізіледі, талдау материалдары шығарылады.
Әрине, Ақмола облыстық статистика департаментінде де статистикалық қызметтің деңгейі мен сапасын белгілейтін басты рөлді адамдар атқарады. Облыстың статистика органдарында 160-тан аса маман еңбек етеді. Жоғары кәсіби әрі бірлігі жарасқан ұжымның 76 пайызын әйелдер құрайды. Тоқсанға жуық маман статистика органдары жүйесінде он жылдан артық жұмыс істесе, 21 адам Қазақстан Респуб-ликасы Статистикасының үздігі. Ұжымда білімді, жауапкершіліктері мол және жұмыс нәтижесінің сапасын жоғарылатуға ұмтылатын мамандар аз емес.
Сондай-ақ, білікті мамандардан үйреніп, статистика саласын дамытуға өз үлестерін қосып жүрген Алмаз Айбабин, Асылхан Мағрұпов, Дулат Елбергенов, Айбек Төлеубеков, Жеңіс Исмағұлов, Айдар Мұқышев, Гауһар Әбілхалықова, Әлихан Рахметов, Сания Қалиева, Әсел Өмірзақова, Шыңғыс Төлегенов сияқты жас мамандар да баршылық. Бүгінгі күні Жеңіс Букин, Айдос Әбутәліпов, Алтын Қасымова, Еркін Көкенова, Римма Болатова, Гүлназия Сейдахметова, Людмила Лазорская, Любовь Шульгина, Татьяна Суворова, Күлназия Сейтембетова, Валентина Шевчук, Мағия Үмбеталиева, Тамара Барбанова, Гүлнәр Төлешова, Галина Мягкова, Светлана Козлова, Любовь Локштейн, Замария Жакеева және өзге де осы салаға еңбегі сіңген ардагерлерімізге дән разымыз. Облыс орталығы Көкшетау қаласында 73 статистика ардагері тұрады. Ұжым жыл сайын ардагерлерге материалдық көмек көрсетіп, мереке күндері және қарттарды қолдау айлығында кездесулер ұйымдастырады. Жергілікті басқару органдары үшін облыстық статистика департаментінің орны қашанда бөлек әрі статистика әрдайым сұранысқа ие болып келеді. Уақытында ұсынылған статистикалық ақпарат облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау және шешімдер қабылдау үшін өте қажет.
Мемлекеттік статистиканың тарихы өз жалғасын табуда, біздің алдымызда статистиканың әрі қарай жетілуі және дамуы бойынша жаңа міндеттер тұр.
2019 жылы қараша айында үшінші Ұлттық халық санағын өткізу міндеті статистика органдарына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, облыстың статистика саласындағы әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын және зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарының амандығы мен еңбекте табыс тілеймін.

Ермек МУСИНА,
Ақмола облыстық статистика департаментінің басшысы

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *