Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов: «Арқа ажары» – әр шаңыраққа бастамасын қолдаймыз!

Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов пен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, «Ақмола-«Тіршілік»

серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев арасындағы сұхбат еркін бір жағдайда өрбіді.

– «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын Біржан сал ауданының барлық халқы толық қолдап отыр. Жер-жерде осы Жолдауды талқылау барысында осыған көзіміз анық жетті. Қазір сол Жолдау аясында атқарылып, жүзеге асыруды қажет ететін нақтылы шараларды пысықтап жатырмыз, – деген аудан әкімі одан әрі өз табыстары жайлы мағлұмат берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласы бойынша ілгерілеу бар. Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары бойынша 15 миллиард 143,1 миллион теңгенің өнімдері өндірілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің 131,9 пайызға өскендігі байқалады. Жыл басынан бері 2 миллиард 452,8 миллион теңгенің 341,8 тонна темір рудасын өндірген «Өркен-Атансор» серіктестігін ерекше атауға болады. Бұл кәсіпорында 317 адам еңбек етсе, олардың орташа жалақысы 142,2 мың теңгені құрайды. Ал, «Семізбай U»
серіктестігі 4 миллиард 178,3 миллион теңгенің өнімін өндірді. Бұларда 289 адам жұмыс істесе, олардың орташа еңбек айлығы 266,4 мың теңгеге шығып отыр. Сондай-ақ, «Көкше-Цемент» серіктестігі 4 миллиард 354,3 миллион теңгенің өнімдерін өндірді. «Көкшетау Энерго Центр» Восток Энерго» серіктестігі жыл басынан бері 127,2 миллион теңгенің қызметін көрсетті.
Ауыл шаруашылығы да жақсы өркендеп келеді. Қазір бұл ауданда 324 ауыл шаруашылығы нысандары жұмыс істеп тұр. Олар жыл басынан бері 13 миллиард 766,2 миллион теңгенің өнімдерін шығарды. Жыл басынан бері 3681,6 тонна ет, 17570,9 тонна сүт, 223464,0 мың дана жұмыртқа өндірілді. Мал саны өсе түсті. «ҚазГерҚұс» құс фабрикасында жыл басынан бері 221886,0 мың дана жұмыртқа, 390 тонна құс еті өндірілді.
Аудан әкімі Е.Б.Нұғыманов ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жақсарып келе жатқандығын да алға тартты. Негізгі капиталға жыл басынан бері 2 миллиард 565,1 миллион теңге инвестиция тартылды. Сонымен бірге, жыл басынан бері 1 миллиард 162,0 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Жыл басынан бері 948 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Степняк қаласында 5,5 миллион теңгенің сметалық құжаттамасы жасалып, енді дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қолға алынады.
Елбасының Жолдауында айтылғанындай қазір шағын және орта бизнестің кеңінен дами түсуіне барынша жағдай әрі қамқорлық жасалуда. Ауданда қазіргі уақытта кәсіпкерліктің 949 нысаны бар. Бұларда 3034 адам жұмыс істейді. Осы кәсіпкерлік нысандары жыл басынан бері 301,5 миллион теңге салық төледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи еңбегі елімізде үлкен рухани серпіліс туғызып, ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған құнды құжатқа айналды,–дейді аудан әкімі Ермек Нұғыманов.
Біржан сал ауданы бойынша тарихи маңызы бар және зиярат ету орны болып табылатын «Біржан сал зираты», «Рамазан Елебаев», «Ершік Тоқпаев», «Абылайдың қара жолы», «Салық молда», «Бөгенбай сөресі», «Шалқар көлі», «Жөкей көлі», «Көк шоқы», «Симов Герей», «Аңғал батыр», «Бәйгебек қажы», «Сатыбай бай», «Құрттыкөл», «Шәймерден Қосшығұлов», «Шәрәпи Әлжанов», «Қорған Яблоневка 2», «Қаратөбе қорымы» бар болса, осылардың ішінен облыстық киелі жерлер картасына «Біржан сал кешені» және «Бөгембай сөресі» еніп отыр.
2018 жылдың қаңтар айында аудандық кітапхана жанынан рухани жаңғыру кіші офисі ашылды. Бюджет тарапынан оның жөндеу жұмыстарына 700 мың теңге қаражат бөлінді.«Тәрбие және білім» жобасы аясында барлық білім беру ұйымдарында рухани жаңғыру кабинеттері ашылып, үш мектептің мұражайында «Рухани жаңғыруды» сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, оқушылардың бойында ұлттық сананы ояту, жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру мақсатында ашық тарих сабақтары өткізілді.
Аудан әкімінің осы айтқандарын тыңдай отырып, жазушы Жабал Ерғалиев те өз пікірін қосып отырды. – Елбасының рухани жаңғыру бойынша алдымызға тартып отырған бағдарламалық еңбегінің құны ешқашан өз бағасын жоймақ емес, – дей келіп жазушы алдағы уақытта мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, латын графикасына көшу сияқты маңызды мәселелер жайлы өз ойларын ортаға салды. –Жастарымызды кітап оқуға қарай бейімдеуіміз керек. Осы орайда, күнбе-күн шығып жатқан газет-журналдарды жаздырып алып оқу мәселесінің өзекті болып қала беретіндігін, қазір облыстық «Арқа ажары» газетіне 2019 жылға жазылу жүріп жатқандығын айтты.
– Біз биыл «Арқа ажары»–әр шаңыраққа!» атты бастама көтеріп, өңірдегі тарихы бай ежелгі басылымның таралымын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Бұл үшін бізге ел азаматтарының, қалың қазақтың қолдауы қажет, – деді Жабал Ерғалиев.
– Әрине, «Арқа ажарын» жаздырып алып оқып отыруды әр қазақ отбасы өз парызы деп санағаны абзал, – деді аудан әкімі Е.Б.Нұғыманов нық сеніммен.–Қолдаймыз, бұл бастамаларыңызды!

Төлеген Қосшығұлов,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар