Ән ғұмыр

Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармониясының әншісі Мереке Бекмағамбетовтың «Жетелеп келеді алып – ән серігім» атты шығармашалық кеші табысты өтті

Әнші Мереке Бекмағамбетовтың есімі Арқа өңіріне жыға таныс. Оның орындауындағы әндердің ішінде осалы жоқ. Сахна төрінде қырық жыл ән салып, ғұмырын өнермен ұштастырған өнерпаздың шығармашылық кешіне халық көп жиналды.
«Жетелеп келеді алып – ән серігім». Кештің атауы да тегіннен-тегін қойылмаса керек. Шынында да, өнерпазды абырой биігіне жетелейтін де осы өнерге деген ынтызар көңіл. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының сахнасында болып өткен шығармашылық кешті елімізге танымал Қазақ радиосының дикторы, айтыскер ақын Бүркіт Бекмағамбетов жүргізіп отырды. Бүркіт аға Мереке Бекмағамбетовтың туған ағасы. «Тегі жақсы тегін болмайды» дейтін қазақтың сөзінде жан бар-ау, шіркін. Бүркіт ағаның кешті жүргізіп отырып, інісі жайлы жалпы отбасындағы өнерге деген көзқарас туралы естеліктерімен бөлісіп, ән кеші еркін форматта өтті.
Шығармашылық кеште филармонияның белді әншілері мен болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салды. Кештің басты ерекшелігі – Мереке Бекмағамбетовтың жақын әріптестері мен ізбасар іні-қарындастары әншінің репертуарындағы әндерді орындады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкенбаева, Мәдениет саласының үздігі Абсалық Салық, Мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметовалардың орындауындағы әндерді халық жылы қабылдады. Әсіресе, аға буынның ізбасарлары атанып, жалпы, ән өнерінің ішкі мазмұн тереңдігін жүрекпен ұғына білетін, сол әндерді биікке көтеруге ұмтылыс танытып жүрген бір шоғыр жастар легі өсіп келе жатқанына көрермен ерекше қуанды. Олардың қатарында Серікболсын Бекмолдин, Төлеген Аманов, Фархат Сағымбай сияқты өнерпаз жастардың болашағына зор сеніммен қараймыз.
Әншінің репертуарында жергілікті ақын композиторлардың да шығармалары бар. Осы кеште композитор Құрмет Сақайдың әніне жазылған (сөзі Мұқағали Мақатаевтікі) «Нені аңсаймын», Қалибек Деріпсалдиннің (сөзі Серік Жетпісқалиевтікі) «Айнакөл жағасында» әндерін өнерсүйер қауым ерекше ыстық ілтипатпен қабылдап, қошамет көрсетті.
Кеш соңында ақын Құдайберлі Мырзабек ел алдына шығып, әншіге деген ыстық ықыластан туған ақжарма тілегін арнап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапса, ел ағасы Болат Көшімбаев ақ батасын беріп, Мереке Бекмағамбетовке сый-сияпат жасады. Шығармашылық кештің өн бойы түгел әнмен әдіптеліп, мерейтой иесіне деген халықтың құрмет пен ілтипатына толы болды.
Құйқылжып көмейінен сұлу әуен, лүпілдеп соға берсін ән жүрегің дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ, «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар