Бата – сөздің анасы

Атадан балаға мирас болып келе жатқан бата-тілектер – ғибрат үлгісіне айналған тағылымы мол асыл қазынамыз. Ол адамзат рухына серпіліс беретін имандылықтың негізі дер едім. Себебі, батаның бастауы – дұға, бойы – ғибрат, өзегі –тілек, қалыбы – тәрбие, негізі – сенім. Ал сенім адамды ешқашан өлтірмейді. Дұға қазаның ауырлығын жеңілдетсе, бата адамға үміт беріп, тағдырына оң әсер етіп, ғұмырын ұзартады. Бата – ақыл-кеңестен тұратын бабалар ғибраты мен ғұрпы десе де әбден болады.

Кезінде Бұқар жырау:
Асқар таудың өлгені – басын мұнар шалғаны;
Көктегі бұлттың өлгені – аса алмай таудан қалғаны;
Ай мен күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны;
Айдын шалқар өлгені – мұз болып тастай қатқаны;
Өлмегенде не өлмейді, жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді;
Сол өлмес хат – бабалар батасы.
Халқымыз «жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер», «қарғыс алма, алғыс ал», «баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» дегенді тегін айтпаса керек.Бір жиында Мәті би Әбілхайыр ханға: «Ер азаматқа батадан басқаның бәрі артық», – деген екен. Өйткені, бабаларымыз батаны киелі тұмардай бағалаған.
Халқымыз бата арқылы ұрпағының амандығын, бақытты, парасатты, ізетті, мейірімді, өнерлі, білімді, білекті болуын тілеген. Өйткені, бата – халқымыздың, ұрпақ тәрбиесінде оның болмысымен бірге жасап, біте қайнасқан ұғым. Ақ бата – халқымыздың рухани байлығы. Ақтайлық бидің Төле биге берген батасында, Хакім Абайдың: «пайда ойлама ар ойла» – деген асыл сөзімен жалғасып жатыр:
Асқа арыңды сатпа,
Ілінбе жамандыққа.
Еріншек болма,
Елгезек бол.
Арамдықтан аулақ бол,
Адалдықты жақта.
Осы батадан ұққанымыз – өскелең ұрпаққа өнеге алатындай, адами қасиетке, еңбекке, имандылыққа баулитындай өсиет-бата десек те қателеспейміз.
Филология ғылымының докторы Серік Негимов: «Ғибрат сөздер адам баласының көркем мінезді, түзу, дұрыс пиғылды, байыпты-байсалды, ақ еділ жайсаң, жайдарман, әділетті, тәртіпті, мәдениетті, таза ниетті, қанағатты болуына, тұрмыс-тіршілік кемесінде еркін жүзуіне риясыз ықпал жасайды, ақыл-ойыңды, таным-пайымыңды кеңейтіп, көркейтеді» – дейді. Расында да киелі ақ бата адамның жанын нұрландырып, ізгілік шуағын себеді. Оның шапағатын сезінгендер адаспайтын адами даңғыл жол табады. Бата сөздерде даналық пен ақылдық, ақиқат пен ардың, адами сыршыл жүрек лүпілі мен ақберген жүйрік ойдың белгісі бар.
Соңғы жылдары Көкше өңірінде бабалар дәстүрін жалғастыратын, өскелең ұрпаққа үлгі болатын – мәңгілікке жалғасып жатқан мұрасы – рухани жаңғыру аясында – адамзат рухына серпіліс беретін неше түрлі қызықты сайыстар өткізілгенін құлағымыз естіп, көзіміз көрді. Олар – «өнерлі отбасы», «үлгілі келін», «үлгілі әже», «жігіт сұлтаны» сайысы, мешіттерде құранды жатқа айту сайысы өтіп жатады. Қазан айының ортасы кезінде Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен Шияп Әлиев басқаратын қалалық ардагерлер кеңесі бірлесіп қариялардың арасында тұңғыш рет байқау ұйымдастырылды. Сайыс бата беру бойынша өтті, 8 қария қатысып, көрсеткен өнеріне қарай қазылар алқасы бағасын беріп, жеңіске жеткендер марапатталды.
Осы сайысқа жиылған халық, әсіресе жастар өнегелі, тәрбиелі, қызыға тыңдайтын бабаларымыздан қалған асыл мұрасынан ләззат алғандай сезініп отырды. Сайыс-
ты ұйымдастырушылардың алға қойған мақсаты ойдағыдай орындалды деп айтуға әбден болады. Түсінгенге бата беру үлкен өнер, қарттарға жауапкершілікпен қарайтын сын. Соңғы кезде өнегелі әңгіме, аталы сөз айтатын қарттардың қатары азайып барады. Топырақты өлімде, небір қызық-қуанышта, үлкендер бір-біріне батаны сен бер, сен бер деп жалақтап саудаға салады, осыны естіп отырған жастар қандай ойда отыратыны белгілі.
Бата «бісмілләдан» басталып, бата беруші кібіртіктемей, сөзін ұмытып қалмай мұқият дайындалуы керек, адымында иман нұры, оралымды ой, ұтымды ақыл қатар жүргені жөн. Яғни, батаның сөздері қайталанбай, бай тіліміздің шұрайлы сөздерімен жалғасып жатқаны дұрыс болатын шығар. Жаттанды ұран, жалпы сөз, құрғақ тіл, шынайы батаға жатпайды. Ол – жүректен иірілетін тұнық сөз, естіген жанды рухани ләззатқа бөлейді. Батаны тілекпен шатастырмау керек. Тілек кез келген жердегі кез келген адамның ниеті мен алғысы. Ал, бата өмірді көркемдейтін дұға, жанға шипа, жүрекке дауа, көңілге ем, сенім қаруы. Заман көші алға басқан сайын қазақтың батасы, толығып, толысып, атқарар қызметі кеңейіп, іргесін бекіте түсуде.
Ол бүкіл қоғамымызды рухани адамгершілік бағытында тәрбиелейтін, ұрпағымыздың дүниетанымын тереңдететін, аталы сөздермен өсиеттерге негізделген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» –бағдарламасында: – Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімімен өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз, – деп атап көрсеткені мәлім. Ендеше келешекте жастарымыз өнеге, тәрбие алатындай патриоттық сезімге баулайтын, елін, жерін сүйетін, заманымызға сай рухы биік талай сайыстар болатынына сенеміз.
Алтай Нұрғасымұлы,
Құрметті еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар