Екі ел ынтымағы мен бірлігінің жаңа көкжиегі

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петропавл қаласында Ресей Федерациясының Президенті

Владимир Путинмен кездесіп, ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Елбасы Ресей Федерациясының Президентімен жүздескенде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы табысты өткенін айтып, бүгінгі өңіраралық ынтымақтастық форумы тақырыбының өзектілігіне, мәдени және экономикалық ықпалдастық аясында туризм саласындағы ынтымақтастықты өркендетудің маңыздылығына арнайы тоқталды.
Ресей Федерациясының Президенті В.Путин Қазақстанның сауда-экономика саласындағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтіп, екі жақты қарым-қатынастардың жоғары даму қарқынына назар аударып, туризм саласындағы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін айтты. Келіссөздер соңында мемлекеттер басшыларына «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытуға арналған жоба таныстырылды. Сонымен қатар, Президенттерге әлеуметтік нысандардың салыну барысы, инфрақұрылым желілерінің жөнделу нәтижелері және Байқоңыр қаласындағы тұрғын үй алаптарының газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берілді.

Кеше Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті
Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аясындағы шаралар одан әрі жалғасты.
Бұл форумға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин бастаған делегация мүшелері де қатысып, өңірдегі туризмнің дамуындағы табыстар мен мүмкіндіктерін жан-жақты таныстыра білді.

Петропавл.
«Арқа ажарының» арнаулы тілшісі Аслан Оспанов
хабарлайды:

Ежелден көрші екі мемлекеттің шекаралас аймақтарындағы облыстардың форумын өткізіп тұру 2013 жылдан бері жақсы бір үрдіске айналды. Бұл біздің
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы болатын. Міне, содан бері әр елде кезек-кезегімен өткізіліп келе жатқан бұл шара көршілес екі елдің, әсіресе, шекара маңындағы өңірлердің ынтымақтаса өркендеуіне үлкен серпін беріп келеді. Астанада ұйымдастырылған бір форумда көлік-транзиттік, былтырғы жылы Челябинскідегі форумда адам капиталын дамыту мәселелері талқыланған-ды.
Енді міне, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында өткізілген форумда туризмді дамытудың жайы тереңінен сараланды. Көрші екі мемлекеттің туристік жетістіктері жайлы кең мағлұматтар аларлық көрме ұйымдастырылып, Қазақстан мен Ресейдің ерекшеліктері мен туристік әлеуеттерін таныстыратын 40-тан астам экспонаттар ұсынылды.
Форумның екінші күні, нақтылап айтар болсақ 9-шы қарашада осы шараның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысты. Екі мемлекеттің басшылары мен көрші облыстардың басшылары мен іскер азаматтары теннис орталығында ұйымдастырылған «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты көрмемен танысты. Көрмеге Қазақстанның барлық өңірлері мен Ресейдің 11 аймағы, сондай-ақ, жетекші туроператорлар қатысып отыр. Әр өңірдің өз ерекшеліктерін таныстыратын 40-тан астам экспонат қойылғандығын атап айтуға болады. Мәселен, Ресейдің Омбы облысы болашақтың қонақ үйін ала келіпті. Ол – мөлдір шар тәріздес «эко-қонақ үй» екен. Жұртшылықтың аса қызығушылығын тудырды. Осы арада айта кетейік, форум басталмас бұрын Елбасы Петропавл қаласындағы Киров атындағы зауытта болып, өндіріс цехтарын аралап көрген-ді.
Екі ел басшылары жаңадан салынған «Оқушылар сарайында» өткен форумның пленарлық отырысына қатысып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, туризм саласындағы байланыстарды одан әрі дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Форумның пленарлық отырысына қатысушылары мен қонақтарын атақты инженер Уилл Джексон құрастырып шығарған адам тәріздес «Thespian» роботы қарсы алды. Бүгінгі ғылым мен технология дамыған заманда робот бізге таңсық болмаса да, бұл роботтың бір артықшылығы, ол театр сахнасында кәдімгі жанды әртіс сияқты ойнай алады. «Thespian» атауының өзі ағылшын тілінен аударғанда «драмалық актер» дегенді білдіреді екен. Форумда сөз сөйлеген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласына келіп тұрғанына қуанышты екенін және осындай форумдарды жыл сайын өткізіп тұру бастамасын алғаш болып Нұрсұлтан Назарбаев көтергенін айтып, бұл шараның тиімділігін уақыттың өзі көрсетіп отырғандығын атап өтті. Ресей Президенті шағын және орта бизнес әлеуетін туризмді дамыту үшін қолдану қажеттігіне де тоқталды.
– Ресей сәулет және өнер ескерткіштеріне, тамаша мұражай дәстүрі мен саяхат ісіне бай. Тарихи, мәдени және рухани құндылықтарға бай дәстүрді сақтай отырып, туристік инфрақұрылым және онымен байланысты саланы дамыту маңызды. Ол үшін шағын және орта бизнес әлеуетін пайдаланған
жөн, – деді Владимир Путин.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде кәсіпкерлікті дамытуда туризм саласы зор серпін беретінін атап өтіп, былай деді:
– Бүгінгі күні әлемдегі әр он жұмыс орны осы туризмнің үлесінде. Кез келген өңір үшін ішкі және сыртқы туризмді дамыту перспективасы маңызды саналады. Үкімет өз кезегінде туризм саласында визалық шараларды жеңілдету, инфрақұрылым және кедергілерді жеңілдету бойынша кешенді шараларды қолға алуы тиіс. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанның Каспийден Алтайға дейінгі аралықта туризмнің әр түрін дамытуға мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Алакөл көлінің туристік әлеуеті, әсем табиғаты және саф ауасымен екінші Швейцария атанған Бурабай курортының ерекшелігіне тоқталды.
– Бурабай курорты бұл маңызы зор индустриалды аймақ болып саналады. Бурайбады дамыту адамдардың дем алуына жайлы жағдай жасау және сонымен бірге туризмді өрістету арқылы мемлекеттің табысын арттыра аламыз, – деді Елбасы.
Елбасы Бурабайды айтқанда, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин бастап барған делегация мүшелерінің қуанышын көрудің өзі бір ғанибет еді. Біздің облыс бойынша көрмеде Бурабай және Зеренді курортының демалыс орындары мен туристік нысандары туралы ақпараттар кеңінен ұсынылып, ол көпшіліктің назарында болды.
«Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты бұл көрме қарашаның 8-і күні ашылып, жұмыс істей бастаған-ды. Сол күні жаңадан ашылған теннис орталығында өткен форумның ашылуы салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ресей Федерациясы Туризм бойынша федералдық агенттігінің басшысы Олег Сафонов және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Екі елдің достық қатынасы мен экономикалық байланысында туризмнің маңызы ерекше. Бұл қуантады. Туризм халық шаруашылығының 53 саласын дамытуға ықпал етеді және синергетикалық әсері орасан. Жыл сайын Ресейге 3,5 миллион қазақстандық келеді, 3 миллоннан астам ресейлік Қазақстанға саяхаттайды. Бұл көрсеткіш үнемі өсіп отыруға тиіс. Бізде туризмді дамыту үшін мүмкіндіктер зор, – деді Олег Сафонов.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресейдің Туризм бойынша федералдық агенттігі бірлесіп ұйымдастырған көрмеде көрші екі мемлекеттің туристік жетістіктері кеңінен ұсынылды. Көрме қатысушылары мен облыс тұрғындары және қонақтары «National Geographic» журналы қызметкерлері саяхатының қорытындысы да шығарылды.
Бұл саяхатқа италияндық әйгілі фотограф Альберто де Мауроның қатысқанын айта кеткен жөн. Көрмеде таңдай қақтыратын, көз қызықтыратын кереметтер көп болды. Ямал Аяз атасы, эко қонақ үйі, болашақ порталы келушілердің қызығушылығын тудырды.
Соның ішінде Ақмола облысынан барған делегация Бурабай және Зеренді курортының демалыс орындары мен туристік нысандары туралы ақпараттар ұсынды. Көрме «Дес-тинациялар маркетингі. Сын-қатер және мүмкіндік», «Туризмде цифрландырудың қазіргі заманғы трендтері» тақырыбындағы бас қосуларға ұласты.
Ал, Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің «Туризмді дамытуда кәсіпкерліктің рөлі» тақырыбындағы отырыста Қазақстан Рес-публикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасы өзара әрекеттестік мәселелері, оның ішінде қосжақты туризмді дамыту аясында өзара байланыс, трансшекаралық туристік бағыттарды құру, көлік-логистикалық әлеует пен визалық, көші-қон және өзге де мәселелер қаралды. Осы орайда, көрші елдер ЕАЭО нарығы аясында туристік бағыттарды дамытуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, екі жақ туристік бизнесті жетілдіру әрі оған қолдау көрсету саласында тәжірибе алмасу, туристік саланы дамытуға бағытталған қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын іскерлік ақпаратпен бөлісу, мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру және тағы басқа мәселелер де назардан тыс қалмады.
Сол күні түстен кейін Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуетінің таныстырылымы өтті. Коммерциялық құжаттарға қол қойылды және көрмеге қатысушылар марапатталды. Форум қорытындысы бойынша екі ел арасында 75-тен астам екі жақты құжаттарға қол қойылды. Жалпы, форум жоғары деңгейде өтті. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан ары дами түсеріне деген сенім ұялатты. Өйткені, Қазақстан мен Ресей шекарасы – құрылықтағы әлемдегі ең ұзын шекара болып саналады. Екі мемлекет арасында кедендік одақ туралы келісім бар, нәтижесінде жыл сайын өзара тауар айналымы артып келеді. Солай болуы да керек, өйткені, Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың тамыры тереңде жатыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар