Ынтымақтастық пен келісім тереңдей түседі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аясында Ақмола облысы Ресейдің Орынбор, Омбы облыстары және Ямал-Ненецкий автономиялық округімен туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.

Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин бастаған делегация мүшелері форумға қатысушыларға Ақмола-Көкшетау өңіріндегі туризмді дамытудағы тың табыстар мен мүмкіндіктерді жан-жақты таныстырудың бар жағдайларын жасап бақты. Тіпті, форум шеңберінде ұйымдастырылған көрмеде қара күштің иесі, жерлесіміз Сергей Цырульников
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің алдында өз өнерін көрсетіп, сол арада білеудей қос темір шегелерді жалаң қолымен саз балшықша илеп, көрші екі ел достығының символы ретінде қос шегені біріктіріп өрді де, Ресей Президентіне сыйға тартып, – кезінде қазақтың атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов та шегені осылай иіп, өрген де, сол арада оларын құрметті адамдарға сыйға тартып отырған. Бұл өрілген шеге Қазақстан мен Ресейдің, екі ел халықтарының достығын білдіреді, – деді.
Бұл форум ақмолалықтар үшін Ресейдің шекаралас облыстарымен туризм саласында ынтымақтастық туралы маңызды келіссөздер жүргізіп, бірқатар келісімдерге қол қойылғандығымен де есте қалатын болды. Мысалы, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық әріптестікті жүзеге асыру бағытында меморандумға қол қойды. Ақмола мен Орынбор облыстарының климаттық жағынан ғана емес, ауыл шаруашылығы мен туризм индустриясын дамытуда да ұқсастық және ортақ мүдделілік пен мақсат бірлігі де бар. Орынбор облысындағы тұзды көлдерге жыл сайын 3 миллионнан астам адам барады екен.
Форумда туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете дамыту туралы Ақмола мен Омбы облыстарының туризм басқармалары, Ақмола облысының туристік орталығы Омбы облысы және Ямал-Ненецкий автономиялық округімен де келісім жасалды.
– Туризмді жан-жақты дамыту және тиімді әріптестік орнату, сапалы туристік қызмет көрсету үшін қолайлы жағдай жасау және мүмкіндікті арттыру жөнінде меморандумға қол қойдық, – деген Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов, алдағы уақытта әріптестік туризм саласындағы бірлескен шараларда, ақпараттық турларда, көрме және жәрмеңкелерде, форумдарда, конференцияларда жүзеге асырылатындығын және бірлескен жобалар мен бағдарламаларды да қолға алу жоспарланып отырғандығын айтты.
Форум шеңберінде өткен баспасөз мәслихатында Ақмола облысында туризмді дамыту перспективалары туралы баяндаған облыс басшысы Мәлік Мырзалин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірдегі курорттық аймақтарда қызмет көрсету ақысын арзандату туралы талабына назар аударды. Ал, өңірдің туристік мүмкіндіктерін таныстырған облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов мамандардың болжамы бойынша келер жылы Ақмола облысында туристік сектор саласында қызмет көрсету сомасы 6 миллиард теңгеден асатынын атап өтті. Сонымен бірге, туристік көрмеде өңірдің осы саладағы әлеуеті туралы мәліметтер ұсынылды. Көрме қонақтары «Smart Aqmola» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің виртуалды (Virtual Reality) және (Augmented Reality) шынайы көрініс жобасына қызығушылық танытты. VR девайстер көмегімен 3D көрсетілім арқылы Абылай хан алаңы мен Бурабай курортының туристік нысандарына виртуалды саяхат жасады. Тіпті, кейбір қонақтар облыстың туристік нысандары туралы мәліметтер берілген AR қосымшасын смартфондарына жүктеп те алып жатты. Бұған қоса, Ақмола облысындағы кәсіпорындар шығарған құрт пен қоспа сияқты көптеген өнімдер мен Бурабай курортының «Qulager Burabay» ресми суының дәмін татып, жоғары бағасын берді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан екі елдің өңіраралық ынтымақтастық байланысын нығайта түсуді басты мақсат еткен Петропавл қаласында ұйымдастырылған XV форум табысты өтті деуге болады. Енді кезекті XVI форум 2020 жылы Ресейдің Омбы қаласында өтетін болады.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Петропавл қаласы.

Суретте: Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг өзара әріптестік жайлы келісім жасады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар