Астық және оның өңделген өнімдерін тиеу мен тасымалдауда кедергі болмауы керек

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кеңесте астық және оның өңделген өнімдері мен жемді тиеп тасымалдауды қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Кеңес барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев астықты және оның өңделген өнімдерін, жемді тиеу және тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойды.
Маңызды бұл жиынға «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қанат Алпысбаев, «Қазақстан темір жолы-жүк тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Сауырбаев, «Астық Транс» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті Сергей Мосолкин, «Ақтау Теңіз Солтүстік терминалы» серіктестігінің бас директоры Асқар Қарабасов қатысып, сөз сөйледі.

Бұл кеңеске облыс әкімінің орынбасары, облыстық басқармалар мен ведомстволардың, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық инспекциясы, кәсіпкерлер палатасының, элеваторлар мен диірмен кешендерінің басшылары, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен астықтрейдер өкілдері қатысты.
Кеңесті ашып, жүргізген облыс әкімі Мәлік Мырзалин өз сөзінде Мемлекет басшысының экспорттық әлеуетті өсіру және өнім шығаруды көбейту жөнінде нақты міндеттер қойып отырғанын атап өтті.
–Ақмола облысы елімізде негізгі астық экспорттаушылардың бірі болып табылады. Соңғы жылдары орташа жылдық астық экспорты 1,9 миллион тоннаны құрады. Қазақстан бойынша 1 миллион тоннаға жуық астық сатылады. Астық экспортының негізгі көлемі қараша-желтоқсан айларында тасымалданады. Біз бүгінгі күні негізгі проблемаларды талқылап, тиісті шешім қабылдауымыз қажет.
Астықты қабылдау мен тиеудің өткен жылдардағы жұмыс тәжірибесі бұл мәселеде белгілі проблемалар бар екенін көрсетті. Бұл үрдіске қатысушылардың арасында өзара іс-қимыл жоқ. Астық қабылдау, кептіру, тазалау және тиеу жөнінде астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысына көптеген шағым болған-ды. Сондай-ақ, теміржолшылардың жұмысына да көңіл толмайды. Кейбір астық қабылдау кәсіпорындары өз еңбеккерлеріне қосымша еңбекақы төлемегендіктен, демалыс және мереке күндері жұмыс істемеген. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы тарапынан объективті және субъективті себептер бойынша жүк жіберушілердің өтінімі бойынша астық қабылдау кәсіпорындарына вагон қоюды толық қамтамасыз етпейді,–деді облыс басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары, 2018 жылдың астығын, оның өңделген өнімдерін тасымалдау, тиеу жұмысын қамтамасыз ету және үйлестіру мәселелері жөніндегі жедел штабтың төрағасы Асқарбек Үйсімбаев сөз сөйлеп, биыл облыс диқандары жинап алған 5,6 миллион тонна астықтың сапасы, астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысы жөнінде айтып берді. Биылғы жылдың басынан бері өңірдің астық қабылдау кәсіпорындары экспортқа 1,7 миллион тонна астық жіберген. Орта Азия, Иран, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Бельгия, Италия, Ауғанстан елдері алдыңғы қатарлы экспортерлер болып табылады.
Бүгінгі таңда облыстың агроөнеркәсіп кешені қараша-желтоқсан айларында 950 мың тонна астықты экспортқа және еліміз ішінде сатуға нақты мүмкіндіктері бар. Ол үшін өңірдің астық қабылдау кәсіпорындары ай сайын 550 мың тонна астық тиеу қажет. Бүгінгі таңда темір жол транспортымен астық және ұн тасымалдау үшін астық тасымалдаушы және жабық вагондардың жетіспеушілігі негізгі әрі өзекті мәселе болып отыр. Бұл проблема Атбасар ауданының станцияларында кездесуде. Осы проблема жөнінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қанат Алпысбаев, «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры Қайрат Сауырбаев, «Астық Транс» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті Сергей Мосолкин, «Ақтау Теңіз Солтүстік терминалы» серіктестігінің бас директоры Асқар Қарабасов жан-жақты түсіндірді. Олардың айтуынша, астықты тиеу және түсіру уақытында жүргізілмейді екен. Биылғы жылдың қазанында Ақмола облысында 646 мың тонна, 10 айдың қорытындысы бойынша 4,3 миллион тонна астық тиелген.
Кеңес соңында облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қанат Алпысбаев астықты, оның өңделген өнімдерін, жемшөпті тиеу және тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар