Кеудесінде сәулесі бар

Ұлы Абай хакімнің: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген данагөй сөзі адамға ой салмай қоймайды. Тіршілікте таңдаған мамандығына мұқият әрі соған адалдықпен қараған жандар жолынан жаңылмасы анық. Солардың қатарына біз бар өмірін шәкірт баулуға арнаған қазақтың маңғаз азаматы, жүзінен нұры төгіліп тұратын Оспан қажы Сүлейменовты ойланбай-ақ қосар едік.

Еңбек өтілі 50 жылдан асқан бұл азамат Астана өңірінің тұрғындарына ежелден таныс. Оспан қажының туған жері Целиноград ауданының Жаңажол ауылы. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан осы шағын қазақ ауылында туып, осы жерде әліппені үйренген. Еңбек жолын да ол жергілікті білім ордасында бастады. Жастайынан ата-әжелерінен естіген өлең-жырлар мен қиссалар оның тұла бойындағы талантына сәуле түсіріп, өнер әлеміне деген құштарлығын оятты. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Оның бекерден-бекер айтылмағаны анық. Себебі, біз Оспан Сүлейменовтың жаратылысынан, өмірдегі ізінен осы айтқан сөздердің толық жауабын көріп жүрміз.
Оның ұлты ғана қазақ емес, жаны да қазақ, сезімі де солай. Тіл жанашыры, әдебиет пен мәдениетке бала жасынан шынайы берілген жанның болмысынан сіз қазақ әлемін анық көресіз. Ол жазушы әрі журналист, ақын әрі композитор, оған қоса күйші. Бірнеше әндердің авторы республика түгілі шетелдерге де таныс. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында ол бірнеше кітаптар шығарып үлгерген. Мысалы, «Бақытқа жет, жас ұрпақ!» кітабы қытай, сондай-ақ, француз тілдеріне аударылған. Жоғарыда айтқандай, осы аталмыш шығармасы бірнеше шетел кітапханаларының сөрелерінде тұр.
Оспан қажының елордаға арнаған әні үлкен сахналарда күні бүгінге дейін орындалып жүр. Ол «Ақмолам – Астанам!» деп аталады. Шығарманың сөзін де, әнін де жазған өзі. Бұдан басқа «Қазағымның дәстүрі», «Ата өсиеті», «Ғашықтар сыры», «Жастарға тілек» деген бірнеше әндері бар. Жақында Жаңажол ауылындағы мектепте ұстаздардың қалауымен өнерлі ел ағасымен арнайы кездесу өтті. Автор өлеңдерін ғана оқыған жоқ, ол халық алдында өзінің домбырашылық шеберлігін де көрсете білді. Солардың бірі өзі шығарған шертпе күйі – «Аналарға тағзым». Орындаушыға ауылдастарының құрметі шексіз болды. Жалпы, оның «Наурыз самалы», «Көктем шуағы» атты күйлері де бар.
Кездесу барысында мектептің балауса шәкірттері Оспан қажы Сүлейменовке өздерін толғантқан сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды. Шуағы мол жүрекжарды мектеп шарасында Жаңажол білім ордасының жетекшісі Қаршыға Мәуленова асыл ағалар мен аналар, қайраткер ел үлкендері жайлы салмақты пікірін білдірді. Салтанатты жиында тәлім-тәрбие мен имандылық, қажылық сапар туралы да толғанысқа толы сұрақтар қойылды.
Оспан аға өнер әлеміне жол ашқан аяулы ұстаздары Майдан Базаров пен Сайлау Боранбаев туралы да тамаша естеліктерімен бөлісті. Оның бірінші жеңісі мен жетістігі Жаңажол мектебінде жүргенде басталған екен.
– Біздің шағын мектепте құрылған өнер ансамблі 1967 жылы республикалық байқауда 3-ші жүлделі орынды жеңіп алды, – деп еске алды жастық шақтағы оқиғасын Оспан қажы Сүлейменов. – Бұл шын мәнінде біздің қанатымызды қомдаған, тұсауымызды кескен ақжолтай өнер байқауы болды. Өнер майталманы 50-ден астам шет мемлекеттің сахнасында қазақтың қара домбырасынан күмбірлете күй төккен. Тіпті, 5 жылдың ішінде 30 мемлекетке өнер сапарымен баруы – таңқалдыратын оқиға емес пе! Солардың ішінде Чехословакия, Германия, Венгрия, Балтық жағалауындағы елдер мен Ресей қалалары бар.
«Құрмет» орденінің иегері, білім саласының үздігі, қазақ өнерінің тарланы Оспан ағамыздың жүріп өткен жолдары, сіңірген еңбегі ауыз толтырып айтатындай өте салмақты. Өн бойы өнерге толған жаңажолдық азаматтың журналистік қабілеті де ерекше. Осы жылдар аралығында оның 350-ден астам мақалалары жарық көрген. Бұл туралы салиқалы пікірін өмірін ұстаздыққа арнаған, жазушы Серік Қанапин де жан-жақты айтып өтті.
Өмірлік ұстанымына берік жанның әулетінде өнегелі ұл-қыз тәрбиеленсе, олардың жолын бүгіндері немере-шөберелері ұзартып жатыр.
Жұбайы Айсұлудың мамандығы дәрігер. Ол өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге бөлісіп келе жатқан қазақтың асыл қыздарының бірі.
Өнерпаз шәкірттердің берік ұстазы әрі тәлімгері Оспан Сүлейменовтың өнегеге толы өмірін бір мақалада айтып шығу мүмкін емес. Ол ел арасындағы құрметке өзінің бай әрі салиқалы мінезімен, құдай берген өнерімен қол жеткізуде. «Таза мінсіз асыл тас – су түбінде жатады» демекші, ел ағасы Оспан қажы Сүлейменовтың тағлымы мен өнердегі шеберлігі жастар үшін тау-
сылмайтын қазына. Бақ-дәулеттің басты жетістігі де сонда жатыр.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Целиноград ауданының Құрметті азаматы.
Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар