Аста-төк тойдан тиылатын кез келді

«Көрпеңе қарап көсілуді» талап ететін нарық заңын ескермеудің ең үлкен көрінісі – бүгінде белең алып кеткен аста-төк тойлардан байқалып жүр. 300-400, тіпті 1000 адамға дейін шақырып, үлкен мейрамханаларды жалға алып, эстрада жұлдыздарын алдыртып дүрілдетіп той өткізу қазір қазақ үшін бәсеке болып барады. Кедей байға, бай құдайға жетсем дейтін бұл жарыстан ұтып жатқан ешкім жоқ. Тек ақша босқа шашылып, жаңа отау құрған жастар өмір жолын несиемен бастауда.

Бұл мәселенің кейінгі кездерде шектен шығып кеткені соншалық, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің фейсбуктегі парақшасында аста-төк тойларға қарсы пікірін білдіріп, бұл мәселеде көрші өзбектер мен бауырлас түріктерден үлгі алу қажеттігі жайында ой-пікірін білдірді. Сенат төрағасының осы пікірі себеп болды ма, депутаттар арасында тойдағы ысырапшылдықты тыю жайында әңгіме көтеріле бастады. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев тойдағы ысырапшылдықты бірден емес, ақырындап тыю қажет деген пікірін айтты. Яғни, сең қозғалып, бұл мәселеге құзырлы орган өкілдері де назар аудара бастаған жайы бар.
Тойға қанша ақша жұмсалады деген мәселеге келсек, қарапайым халық той жасау үшін кемінде 15-20 мың доллар жұмсайды екен. Оның ішіне кит, мейрамхана, қыз жасауы, өзге де қымбат сыйлықтар кіреді. Ал енді осы бағаға, яғни, теңгеге шаққанда
7 500 000 теңге жұмсалатын той шығынына кететін ақшаға Астана мен Алматының шеткі ауданынан 1 бөлмелі пәтер, Шымкенттен 3 бөлмелі үй алуға болады дейді экономистер. Тойға сонша ақша шашқанша, жас жұбайлардың болашағын ойласа, сол ақшаға күйееу бала мен қалыңдықтың ата-анасы бірлесіп баспана алып берсе, жас жұбайларға жасалған ең үлкен сыйлық сол емес пе.
Дегенмен, тойдағы ысырапшылдықты тыюға қатысты бұл бастамаға қарсылар да бар екен. Олар негізінен тойдан күреп табыс тауып жүрген әнші-жұлдыздар. Продюсер Қыдырәлі Болманов «Елімізде заң шығаратын мәселелер таусылып, той ғана қалған ба? Онда сіз бақытты адамсыз. Бүкіл проблемамыз шешіледі ме одан? Бізге түйінді мәселелерді шешу керек. Той – ол бұрыннан келе жатқан нәрсе» деп бұл мәселеге қатысты ой-түйінін білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өлген адамды жерлеуге қатысты аста-төк дастархан жасауға тыйым салу жөніндегі бастамасы қазір жер-жерден кең қолдау тауып, бұл мәселе ақырындап жолға қойылып келеді. Бұдан ешкім ұтылған жоқ, керісінше кісісі өліп, қайғы жұтқан отбастары қаржылық жағынан шығынға батпай, үнемділікке бейімделе бастады. Сол сияқты тойдағы ысырапшылдыққа қатысты да осындай заң негізіндегі тыйым салу қарастырылса, оның тойжарысқа түскен жандарды ақылға шақырып, үнемшілдікке үйретуге игі ықпалын тигізері анық.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар